Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №783 Қаулысы

«Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 25-26,
139-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларында:

87-7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«87-7. Егер 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2020 жылғы 20 қазанға дейінгі кезеңде қарыз алушы кредит бойынша төлемдерді төлеген жағдайда осы кезеңге есептелген субсидиялау сомасы кредитті өтеу кестесіне сәйкес кейінгі кезеңдерде есептелген сыйақы бойынша берешекті өтеуге жіберіледі. Қарызды өтеу мерзімі өткеннен кейін субсидиялаудың пайдаланылмаған сомасы болған кезде бұл сома қарыз алушының ағымдағы шотына есепке жатқызылады.

2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2020 жылғы 20 қазанға дейінгі кезеңде кредит өтелген жағдайда 2020 жылғы 16 наурыздан бастап кредитті өтеу күніне дейінгі кезең үшін сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бір бөлігінің сомасы қарыз алушыға банктің/лизингтік компанияның хаты және төленуге тиіс субсидиялар сомасы көрсетілген электрондық форматтағы (XLS немесе XLSX) төлемдер кестесі негізінде төленеді.»;

87-9-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«87-9. Экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша банк/лизингтік компания 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) қаржы агенттігіне:»;

87-11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«87-11. Қаржы агенттігі мақұлдаған экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары бойынша банк/лизингтік компания қаржы агенттігіне банктің/лизингтік компанияның хатын және төленуге тиіс субсидиялар сомасы көрсетілген электрондық форматтағы (XLS немесе XLSX) төлемдер кестесін ұсынады. Қаржы агенттігі қаражатты аударуды банк/лизингтік компания қаржы агенттігінің банктегі/банк-төлем агентіндегі шоттарына ұсынған төлемдер кестесіне сәйкес өткен кезең үшін өтеуге арналған сомаларды ескере отырып (қажет болған кезде) жүргізеді.».

2. Осы қаулы 2020 жылғы 20 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                                        А. Мамин

 

 

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу