Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы «21» сәуірдегі № 239 қаулысы

«Отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 28 қарашадағы № 961 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 28 қарашадағы № 961 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы,            2015 ж., № 59-60-61, 480-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қағидаларында:

2-тармақта:

2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды алушы – Конституциялық заңның  35-бабының 1 және 2-1-тармақтарына сәйкес «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға өтініш берген отставкадағы, оның ішінде 2016 жылғы                        1 қаңтарға дейін отставкаға шыққан судья;»;

мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

«4) Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі –  Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;»;

3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Отставкадағы судья (бұдан әрі – өтініш беруші) соңғы лауазымында істеген жұмыс орны бойынша уәкілетті органға осы Қағидалардың                           5-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға         1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды тағайындау (қалпына келтіру) туралы өтініш (бұдан әрі – өтініш) береді.»;

5-тармақ мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

«4) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында белгіленген, түпнұсқасымен салыстыру кезінде уәкілетті органның мөртаңбасымен расталған, судьяның еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі.»;

10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«10. Уәкілетті орган отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды тағайындау туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды тағайындау туралы хабарламаны (бұдан әрі – хабарлама) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және (немесе) еңбек сіңірген жылдарына зейнетақы төлемдерін тоқтату үшін Мемлекеттік корпорацияға жібереді.»;

19-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы ақпаратты Мемлекеттік корпорация хабарлама келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынады.»;

22 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«22. Ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды төлеу:

  1. Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен судьяның отставкасы тоқтатыла тұрған жағдайда тоқтатыла тұрады және судьяның отставкасы қалпына келтірілген жағдайда қалпына келтіріледі;
  2. отставкадағы судья Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаражатынан ақы төленетін лауазымды атқарған жағдайда тоқтатыла тұрады.

Республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаражатынан ақы төленетін лауазымды атқаруы тоқтатылған жағдайда, судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды төлеу қайта басталады.

Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды төлеуді тоқтату, қалпына келтіру өмір бойғы ай сайынғы қамтылымды төлеуді тоқтата тұру (қалпына келтіру) туралы бұйрықтың негізінде жүзеге асырылады.»;

«25. Ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды төлеу тоқтатылған немесе қалпына келтірілген жағдайда уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ай сайынғы өмір бойғы қамтылымды төлеудің тоқтатылғаны немесе қалпына келтірілгені туралы хабарлама жібереді.»;

көрсетілген қаулымен бекітілген Отставкадағы судьяға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу қағидаларына 1-қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

  1. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі                     К. Мәсімов

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу