Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 26 маусымдағы №702 Қаулысы

Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп тану туралы

 

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған:

1) «ІІ, ІІІ және IV санат объектілер үшін қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

2) «II, III және IV санаттағы объектілерге мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

3) «Дәрілік заттарға жатпайтын прекурсорларды әкелуге (әкетуге) келісім беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

4) «Табиғат қорғау мекемелерінің учаскелерін құрылыс объектілері үшін ұзақ мерзімді пайдалануға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

5) «Табиғат қорғау мекемелерінің учаскелерін қысқа мерзімді пайдалануға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

6) «Судың жай-күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстар салынатын жерлерді айқындау жөніндегі ұсыныстарды келісу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

7) «Судың жай-күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыруды және пайдалануға енгізуді келісу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

8) «Пайдалы қазбаларды, су өсімдіктерін өндіру, кәбілдерді, құбырларды және басқа да коммуникацияларды төсеу, ағаш кесу үшін құрылыс, түбін тереңдету, жарылыс жұмыстарын, сондай-ақ су объектілері, су қорғау белдеулері мен аймақтарда бұрғылау, ауыл шаруашылығы және басқа да жұмыстарды жүргізу туралы құжаттарды келісу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

9) «Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенция қолданылатын жануарлар түрлерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге әкімшілік органның рұқсаттар беруі» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

10) «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнгендер санатына жатқызылған өсімдіктер түрлерін Қазақстан Республикасына әкелуге және одан тысқары жерлерге әкетуге рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

11) «Жануарларды интродукциялауды, реинтродукциялауды және будандастыруды жүргізуге рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

12) «Облыстың жергілікті атқарушы органдарының жануарлар дүниесін пайдаланушыларға аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру мен аңшылық және балық шаруашылықтарының қажеттіліктері үшін сервитуттарды белгілеу жөнінде шешімдер қабылдауы» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты;

13) «Жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекітілсін.

2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

3. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:

1) «Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі және жергілікті атқарушы органдар көрсететін қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 тамыздағы № 1033 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 66, 931-құжат);

2) 1-тармақтың 23) тармақшасын қоспағанда, «Ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы және «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1108 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 67, 973-құжат).

4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                         К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу