Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктеріне қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Д. Нөкетаева, М. Бақтиярұлы, С. Бектұрғанов, Б. Жұмағұлов, С. Ершов, Н. Жүсіп, А. Қапбарова, Н. Төреғалиев, Л. Сүлеймен, Б. Еламанов, С. Еңсегеновтің 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 16-13-10 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің атаулы әлеуметтік көмектің (бұдан әрі – АӘК) жаңа тетіктеріне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз. 

АӘК-ті тағайындауда отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарды есепке алуға қатысты

2019 жылы АӘК-ті 485,9 мыңнан астам отбасы немесе 2,5 млн адам алды. Еліміздің мемлекеттік бюджетінен бұл мақсаттарға 244,2 млрд теңге бөлінді. 

Сонымен қатар 2019 жыл бойы отбасылардың табысы туралы дәйексіз мәліметтер беру (73,8 мың отбасы) фактілері анықталды, бұл АӘК-ті заңсыз тағайындауға (артық төлеуге) әкеп соқты. 

Бұдан басқа, АӘК алушылардың ішінде 33 мыңнан астам адам жеке кәсіпкерлер болып табылды, олардың ішінде шамамен бір мыңға жуық адамның 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1-ден 10 млн теңгеге дейін табыстары болды, үш мыңнан астамы өз қызметін тоқтата тұрды, белсенді кәсіпкерлердің көпшілігі табыстарының жоқ екенін немесе ең төменгі табыстарын көрсетті. 

Тұрғындармен кездесулер өткізу кезінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің көпшілігі «тәуелсіз жұмыскерлер» ретінде қандай қызмет түрімен айналысады деген сұраққа жұмыс істемеу және АӘК-ті қосымша шарттарсыз алу мақсатында тек қажетті төлемді төлегенін ашық айтқанын атап өту қажет. 

2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында АӘК-тің төлем тетігін оның ашықтығын, әділдігі мен жұмысқа деген ынтасын қамтамасыз ету мақсатында түзету тапсырылды. 

Осыған байланысты 2020 жылдан бастап АӘК ұсынудың жаңа тәсілдері қолданылады. 

АӘК-ті есептеу тетігінің өзгеруімен қатар АӘК-ті тағайындаудың бұрынғы жүйесін алушылардың жоғарыда көрсетілген теріс пайдалану фактілерін болдырмау жөнінде шаралар қабылданды. 

Қазіргі уақытта кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістер, оның ішінде «тәуелсіз жұмыскерлердің» қызметінен түскен кірістер кемінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ескеріледі. 

Сондықтан АӘК мөлшерінің тартымсыздығын ескере отырып, кәсіпкерлік бастаманы дамыту мүмкіндігі бар отбасылар мемлекеттік көмекті алушылардан қарағанда, қызметін дамытқанын жөн көреді. 

Сонымен бірге, аз қамтылған санатындағыларға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдесу тетігі оңайлатылды. 

Бала 7 жасқа толғанға дейін оның күтіміне қатысты 

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 99-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне ақы төленбейтін демалыс беріледі. 

Біздің негізгі міндетіміз белсенді жұмыспен қамтылуына және кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасай отырып, жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, оның ішінде олардың еңбек әлеуетін ынталандыру. 

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшаларда орындармен қамтамасыз ету деңгейі 2019 жылдың соңында 98,5 %-ды құрағанын атап өткен жөн. Осы жылы Қазақстан Республикасында білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарлануда. 

Көрсетілген мәселелер Үкіметтің ерекше бақылауында. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу