Мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ф. Қаратаев, Қ. Сұлтанов, Н. Сабильянов, С. Ахметов, Н. Әлтаев, Н. Әлімжанов, Н. Әшімбетов, Е. Бектұрғанов, Б. Жылқышиев, Қ. Ержан, У. Қайназаров, М. Махамбетов, Ш. Өтемісов, Ә. Бектұрғанов, С. Қаныбеков, А. Қожахметов, Ж. Дүйсебаевтың 2019 жылғы 30 қазандағы мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалдарына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Өңірлерде тілдерді дамыту жӛніндегі дербес басқармаларды сақтау мәселесі бойынша Жергілікті атқарушы органдардың базалық құрылымы «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару базалық құрылымын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 маусымдағы № 608 қаулысымен бекітілген, ол облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктерінде тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың болуын көздейді. 

Жоғарыда көрсетілген қаулыға сәйкес облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың құрылымын жылына 1 реттен көп емес өзгертуге құқығы бар.

Қазіргі уақытта тілдерді дамыту жөніндегі дербес басқармалар 9 облыста жұмыс істейді, қалғандарында тілдерді дамыту міндеттері Ішкі саясат (Ақмола және Қызылорда облыстары), Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі (Маңғыстау және Павлодар облыстары, Шымкент қаласы), Тілдерді дамыту және архив ісі (Нұр-Сұлтан қаласы), Мәдениет (Түркістан облысы) басқармаларына, Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығына (Алматы қаласы) жүктелген.

Сіз көтеріп отырған тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың дербестігін сақтау мәселесі Ұлттық экономика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың құрылымын талдау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстың шеңберінде мұқият зерттеледі. Мемлекеттік тілдерді оқыту орталықтарының ӛңірлердегі қызметі мәселесі бойынша Республика аумағында 89 мемлекеттік тілдерді оқыту орталығы (бұдан әрі − орталықтар) жұмыс істейді. Республикалық деңгейде олардың қызметін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы үйлестіреді.

2011 − 2019 жылдар аралығында орталықтарда қазақ тілін 500 мыңға жуық адам оқыды. 2010 − 2016 жылдар аралығында Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы және Алматы қаласындағы орталықтар жабылды.

Сонымен қатар қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша қабылданып жатқан шаралар шеңберінде аталған өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына орталықтарды ашу мәселесін қарау тапсырылды.

Баяндалғанның негізінде Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика министрліктеріне, мүдделі мемлекеттік органдарға көтерілген барлық мәселелерді қосымша пысықтап, жүргізілген жұмыстың қорытындылары туралы Үкімет пен депутаттық корпусты хабардар ету тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу