2021 жылдың 10 айында ҚР өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар 78,6%-ға 1,2 трлн теңгеге дейін өсті 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына және «Nur Otan» партиясының бағдарламасына сәйкес, Үкімет алдына 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісін 1,5 есеге ұлғайту міндеті қойылды.

Салада оң динамика қалыптасты. Биылғы жылдың 10 айында салада 5,3%-ға өсім қамтамасыз етілді.

Жәйрем және Ақтоғай ТКБК қуатын кеңейту, алтын шығару фабрикасы мен ферроқорытпа зауытын, машина жасау өндірістерін салу жөніндегі ірі жобаларды іске асыру есебінен негізгі капиталға салынған инвестициялардың 78,6%-ға 1,2 трлн теңгеге дейін айтарлықтай өсуіне қол жеткізілді.

Өндіріс көлемінің ең көп өсуі фармацевтикада 33,6%-ға, машина жасауда 19,5%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде 9,3%-ға, химия өнеркәсібінде 6,5%-ға, азық-түлік өнімдері өндірісінде 3,6%-ға байқалды.

Биыл мұнай-газ химиясы саласында техникалық газ бен октан көтеретін қоспа шығаратын зауыттар пайдалануға берілді, сондай-ақ полипропилен өндіру зауыты (93%) аяқталу сатысында тұр.

Биыл Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды, ол тауарлар өндірісін жергіліктендіруді және отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз етеді.

2021 жылы Индустрияландыру картасы шеңберінде тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа да салаларда 12,7 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге 139 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде қазіргі уақытта 1 трлн теңгеге 83 жоба іске қосылды. Қалғандары биылғы желтоқсанда пайдалануға беріледі. 

Толық қуатпен жұмыс істегенде бұл жобалардың өндіріс көлемі 1,1 трлн теңгені құрайды, өндірілген өнімнің үштен бірі экспортқа жіберіледі (350 млрд теңгеден астам).

«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсім» ұлттық жобасы аясында өңдеуші секторға ерекше орын беріледі.

Премьер-Министр биылғы 10 желтоқсанға дейін Үкіметке Индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасының 2025 жылға дейінгі өзектендірілген жобасын, 2022 жылғы 1 наурызға дейін өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, моноқалаларда іске асыру үшін «зәкірлік» индустриялық жобалар топтамасын әзірлеуді тапсырды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2022 жылғы 1 наурызға дейін кәсіпорындарда цифрлық шешімдерді енгізуді ынталандыру бойынша қажетті нормативтік құқықтық базаны қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», — деді А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу