А. Мамин АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Д. Хэйлмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласына Орталық Азия мен АҚШ елдері арасындағы диалогты дамыту жөніндегі «С5+1» отырысына қатысуға ресми сапармен келген АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Дэвид Хэйлмен келіссөздер өткізді. 

Тараптар 2018 жылы АҚШ-қа ресми сапар аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.  

Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. АҚШ — Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. 2005 жылдан 2018 жыл аралығында АҚШ-тан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $40 млрд құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР-ға америкалық инвестициялар жаңа рекорд орнатып, $5,3 млрд құрады. Биылғы қаңтар–маусым аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы $1,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 31,8% жоғары. 

Дэвид Хэйл Қазақстанның АҚШ инвесторлары үшін тартымдылығын атап өтті. 

«Бізде экономикалық қатынастарды дамытудың үлкен әлеуеті бар», — деп Асқар Мамин, елдердің энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, логистика, туризм, авиағарыш өнеркәсібі салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсудің перспективаларын атап өтті. — Сіздің елімізге ресми сапарыңыз елдердің өзара іс-қимылын нығайтуға елеулі серпін береріне сенімдімін».  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу