СҚО әкімі ЖЭО-дағы апат туралы: Біздің басты міндетіміз – жылу электр станциясын жаңа жылыту маусымына дайындау 

Биылғы наурыз айында Петропавл қаласында төтенше апат орын алды — ЖЭО-дағы үш түтін мұржасының бірі жарым-жартылай құлады, ол жылудың болмауымен қатар, адам өліміне де алып келді. Апаттың себептері мен салдары туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді.

«Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. 15 сәуірде мұржаны демонтаждау жұмыстары басталды. Қазір оны одан әрі пайдалану мүмкіндіктеріне сараптама жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесі бойынша не жаңасын салу қажет болады немесе сапасы жақсы болса, онда біз оны алдағы жылыту маусымында пайдалану үшін қайта тұрғызамыз», — деп хабарлады Қ. Ақсақалов.

Өңір басшылығының басты міндеті – ЖЭО-ны 2022-2023 жылғы жаңа жылу беру маусымына дайындау.

Сонымен қатар 5 қазандық агрегатында жөндеу жұмыстары басталды, алдағы жылыту маусымына қарай 9 қазандық агрегатын күрделі жөндеу қажет. Бұған «СевКазЭнерго» АҚ акционерлері елеулі қаражат – шамамен 17 млрд теңге бөлді.

«ЖЭО-ға барған кезде ҚР Премьер-Министрі тарифтерді көтермеу үшін акционерлердің есебінен, ЖЭО қаражаты есебінен барлық жұмыстарды жүргізуді тапсырды, ЖЭО-ны жөндеу кезінде халық қаржылық жүктемені сезінбеуі қажет. Акционерлер барлық жұмыстар мерзімінде жүргізіліп, алдағы маусымға қарай аяқталатынына уәде берді», — деді СҚО әкімі.

Айта кетейік, мұржа құлаған сәттен бастап Энергетика министрлігі арнайы комиссия құрды. Бүгінгі таңда әлі де талдау жүргізіліп жатыр, сондықтан мұржаның неліктен құлағаны әзірге белгісіз.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу