«Бір терезе» арқылы кәсіпкерлердің шетел нарықтарына шығу мүмкіндіктері артады

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында сыртқы сауда көлемін ұлғайту, экспорттық нарықтарды кеңейту туралы тапсырма берген болатын. Осы ретте, отандық кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта қолға алынған шаралар туралы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның экспорттық талдау жобаларының басшысы Шыңғыс Торез айтып берді.

Айта кетейік, биыл қыркүйек айында экспортқа бағдарланған кәсіпкерлермен, бизнес субъектілерімен жұмыс жасауға арналған бірыңғай терезе ретінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің жанынан «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы құрылды.

Орталық басшысының айтуынша, «QazTrade» мемлекеттік органдар мен экспорттаушылар арасында агент рөлін атқарады, оның аясында экспорттаушыларды қолдаудың барлық шаралары шоғырландырылған.

«Экспорттаушылар үшін мемлекет тарапынан берілетін барлық қолдау операторларын “бір терезеге” жұмылдыру және орталықтандыру біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Сонымен қатар, “Qaztrade” аясында export.gov.kz электрондық порталы ашылады. Ол экспорттаушыларға көптеген қызмет түрлерін ұсыну бойынша ақпараттық-талдау көмектерін ұсынуды көздейді», — деді Ш. Торез.

Бұл портал экспорттаушылардың өз тауарларын шет елдерде насихаттауына, маркетингтік зерттеулер жүргізулеріне мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, «бір терезе» арқылы кәсіпкерлерге тауарлар мен қызметтердің экспорты үшін қажетті құжаттар пакетін қалыптастыру қызметі ұсынылады. Оның көмегімен кәсіпкерлер шетелдік салалық нарықтарға жан-жақты талдау жасап, тауарларының экспорттық әлеуетін бағалай алады. Осы орайда, сыртқы нарықтарға шығудағы сауда кедергілерін зерттеп, оларды жою бойынша ұсыныстар ұсынады.

«Порталда экспорттаушыларға қажетті барлық ақпарат болады, оның ішінде Қазақстанның экспортқа шығаратын тауарлары бойынша ақпараттық материалдар, статистикалар, жарнамалар және экспорттық қызметке қатысты басқа да мәліметтер қамтылады», — деп нақтылады «Qaztrade» өкілі.

Сонымен қатар, мұнда қазақстандық экспорттаушы жеткізушілер мен олардың өнімдерінің тізімі жарияланады, соның арқасында шетелдік тапсырыс берушілер қазақстандық контрагенттерді таба алады.

Ал «Qaztrade» экспорттық акселераторы отандық кәсіпкерлер мен әлеуетті экспортшыларға тауарларын экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Оның ішінде, өнімдерін аз көлемде экспортқа шығарып жүрген кәсіпкерлерге экспорттық көлемін арттырып, жаңа нарықтарды ашуына септігін тигізеді. Экспорттық акселераторды Қазақстанда келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу