Е. Тоғжанов Қарағандыда Халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді

Қарағандыда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасын іске асыру бойынша кеңес өтті. Оған орталық мемлекеттік органдар, даму институттары, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. 

«Бағдарлама, ең алдымен, халықтың табысын арттыруға және өнімді жұмыспен  қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы өңдеу өнеркәсібінде 126 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру арқасында 713 жоба іске асырылады. 50 ірі кәсіпорынның айналасында шағын және орта бизнес белдеулері құрылады, бұл кәсіпкерлік субъектілерінің кірістерін арттыруға, тауарларды кепілді өткізуге, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді», — деді Ералы Тоғжанов.

Отырыс барысында индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев әрбір бағыт бойынша толығырақ баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері бірқатар ірі компаниялар мен өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысшылардың жалақысын орта есеппен 20%-ға арттырған.

2022 жылы республикада 165 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 16,3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындары жұмыспен көбірек қамтылады деп күтіледі.

Ауылдық жерлерде 2025 жылға дейін 52,4 мың, моноқалаларда 11,1 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Мысалы, Саран қаласында бағдарлама аясында алты жобаны іске қосу есебінен шамамен 2,5 мың жұмыс орны ашылады. Моноқалада автобустар мен жүк көліктері, шиналар өндіруден басқа, инвесторлар тұрмыстық техника шығаруға ниетті.

Болжам бойынша, елімізде металлург, технолог, химик, оператор, машинист және т. б. мамандықтар бойынша 75 мыңнан астам жаңа және жоғары білікті жұмыс орындары пайда болады.

Өнеркәсіпті дамыту қоры өңдеу өнеркәсібінің жобаларын жеңілдікпен: ШОБ үшін 10 жылға дейінгі мерзімге 3% мөлшерлеме бойынша; кәсіпорындардың барлық түрлері үшін 20 жылға дейінгі мерзімге 7% мөлшерлеме бойынша қаржыландыратын болады.

Сондай-ақ кеңесте өңірлік кірістерді арттыру бағдарламалары да сөз болды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, ірі компаниялардың айналасында 637 шағын және орта бизнес кәсіпорындарының белдеуі құрылған. Өңірде 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, әлеуметтік кәсіпкерлік дамуда. Бизнесті қолдаудың аймақтық бағдарламасын іске қосу жоспарда бар. Жаңа кәсіптер атласы әзірленуде, бұл кадрлар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Е. Тоғжанов бірқатар тапсырмалар берді. Әрбір ірі кәсіпорынның өңір халқының табысын арттыруға әсерін бағалау индикаторларын айқындау қажет. Жоғары қайта өңделген тауарлар өндіретін және импортты алмастыруды қамтамасыз ететін кәсіпорындар үшін ынталандырулар енгізілетін болады. Өз кезегінде, мемлекеттік қолдауға жауап ретінде кәсіпорындар қарсы міндеттемелер алуы тиіс. 

Вице-Премьер бағдарламаны іске асырудың тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Жобалық кеңсе аясында мониторинг ай сайын жүргізіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу