Мемлекет басшысы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің жауапты хатшысын тағайындады

Өкім мәтіні Ақорданың сайтында жарияланды. 

«Мемлекет басшысының Өкімімен Жәнібек Мақсұтұлы Нөпіров Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды», — делінген Өкім мәтінінде. 

Сауда және интеграция министрлігінің қызметкерлеріне жауапты хатшыны ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының Орынбасары Мәлік Мырзалин таныстырды, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ж. Нөпіров 1980 жылы туған, Қазтұтынушылародағының Қарағанды экономика университетін, Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясын бітірген. 

Еңбек жолын 1999 жылы Астана қаласы бойынша қазынашылық басқармасында бастаған. Одан соң 2001 жылы Қаржы министрлігінде жұмыс істеген. Түрлі жылдары Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің, Қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің құрылымдық бөлімшелерінде басшылық қызметтер атқарды. 

2017 жылдан бастап Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісінің орынбасары лауазымында болды. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу