Мемлекет басшысы Арыс қаласын аралап шықты

Қаланы айналып шығу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан қатты қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан Президентіне эвакуация жұмыстарының барысы және жарылыс ошақтарын тоқтатып, өртті сөндіру жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы Ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқару органдарының қызметкерлеріне ризашылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бір күннің ішінде өте ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты және жұмыстардың осы қарқынын бәсеңдетпей, жалғастыра беруді тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық клиникалық ауруханасына барды.

Қазақстан Президенті облыстық клиникалық ауруханаға барып, Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендердің көңілін сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жарақат алғандардың жағдайы туралы баяндалды.

Мемлекет басшысы төтенше жағдай аймағында медициналық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыру үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан Президенті зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларымен аман-есен қауышуына тілектестік білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу