Ғылымды қаржыландыру көлемі 70%-ға өсті – ҚР БҒМ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық ғылымды дамыту мәселесі қаралды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндама жасады.

Кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі мен болашағы оның ғылымының даму деңгейіне, адами капиталының сапасына тікелей байланысты. Осыған орай отандық ғылым саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.  

«Елімізде 22 655 ғылыми кадр бар. Олардың 36%-ы – 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Тағы 39%-ы – орта жастағылар, яғни айтарлықтай деңгейдегі әлеуеті бар ғалымдар. Алайда ғалымдардың жалпы санын алсақ, бір миллион адамға шаққанда тек 1172 ғалым бар. Бұл, өз кезегінде, қаржыландыруға байланысты. Әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру кем дегенде жалпы ішкі өнімнің 1%-ы көлемінде болуы керектігі айтылады және оның басым бөлігі жеке инвестициялардан қалыптасуы тиіс», — деп мәлімдеді білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов.

Соңғы жылдары ғылым саласында едәуір өзгерістерге қол жеткіздік. Ғылымды дамытуға арналған арнайы бағдарлама бекітіліп, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді.

ҚР БҒМ негізгі міндеттерінің бірі — 2025 жылға дейін ғылыми кадр әлеуетін арттыру, ғалымдар санын 1,5 есеге көбейту, оңтайлы ғылыми экожүйені қалыптастыру, ғылымның экономикаға үлесін арттырып, өнеркәсіппен байланыстыру және ғылымды басқаруды жетілдіру. 

«Ғылыми кадрлар әлеуетінің төмендеуі ғалымдардың жалақысына байланысты болды. Ғалымдарда тұрақты жалақы болмады. Жалақы үш жылда бір рет өткізілген конкурстарда жеңіске жеткен жағдайда ғана төленетін», — деді Асхат Аймағамбетов.

Ал ұлттық сипаттағы іргелі зерттеулермен, яғни тілге, әдебиетке, тарихқа, мәдениетке, философияға қатысты зерттеулермен айналысатын институттардың жағдайы мүлде қиын болды.

Қабылданған шаралардың арқасында енді 4 мыңнан астам ғалым тұрақты және лайықты жалақы алатын болады.

 

«Егер 2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені немесе нарықтағы орташа жалақының 72%-ын құраса, 2022 жылы төменгі жалақы 257 мың теңгеден басталатын болды. Ғалымдарды ыңталандыру үшін 2021 жылдан бастап 6 млн теңге мөлшерінде жыл сайынғы 50 “Үздік ғылыми қызметкер” сыйлығын да бере бастадық», — деді министр отырыс барысында.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жалпы ғылымды қаржыландыру жүйесі түбегейлі өзгерген.

«Біріншіден, ғылымды қаржыландыру көлемі 70%-ға өсті. Екіншіден, конкурстар бұрын үш жылда бір рет жарияланса, енді жыл сайын өткізілетін болды. Үшіншіден, біз гранттардың жаңа түрлерін енгіздік – жас ғалымдарға, коллаборацияға, қысқа мерзімді және жеке гранттар. Төртіншіден, нысаналы қаржыландыру тек қана нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бөлінетін болды», — деді ведомство басшысы А. Аймағамбетов.

Оған қоса, министрдің айтуынша, ғылымды қаржыландыру мерзімі бұрынғы 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды. ҚР БҒМ ұлттық ғылыми кеңестерінің қызметін реформалау аясында олардың жұмыс форматы толығымен қайта өңделіп, өзгертілді.

Біріншіден, кеңес отырыстары енді ашық тікелей эфирде өткізіліп, ал шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданатын болды.  

Екіншіден, кеңестер құрамын қалыптастыру тәртібі енгізілді. Осылайша кеңестер құрамына ғылыми өлшем көрсеткіштеріне сай мықты ғалымдар кірді.

Кеңес мүшелерінің Этикалық кодексі қабылданды. Кеңес шешімдерінің объективтілігі мен негізділігін одан әрі арттыруға бағытталған Апелляциялық комиссия институты еңгізілді. 

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов тағы бір оң өзгерістің конкурстық рәсімдерді  жеңілдету екенін айтты. Бұрын конкурстық рәсімдер 6 айға созылатын, бүгін олардың мерзімі 2 есе қысқартылды. Конкурстық құжаттаманың көлемі 2,5 есеге азайтылды. Конкурстық өтінімді қайта өңдеуге қосымша 3 күн берілді. Сараптама мерзімі 2 есеге қысқарды.  

Ғалымдарға толық қаржылық дербестік берілді. 

«Тағы бір өте маңызды бастама, бюджет арқылы өтетін зерттеулер туралы толық ақпарат интернетте ашық беріле бастады. Яғни бөлінген қаражат соммасы, есептері мен нәтижелері туралы ақпарат енді қоғамға қолжетімді», — деді білім және ғылым министрі. 

«Жас ғалым» жобасы аясында БҒМ жүргізген талдау докторантураны бітірген жас ғалымдардың ғылымда аз қалатындығын көрсетті. 

«Сондықтан біз арнайы постдокторантураны енгізе бастадық. Енді  жыл сайын докторантураны бітірген бір мың жас ғалым постдокторантураға барып,  зерттеу жұмысымен айналысып, 3 жыл бойы 500 мың теңге жалықы алып отыруға мүмкіндік алды. Бастаманың нәтижесінде жыл сайын ғылыми әлеует ғылыми дәрежесі бар 1 мың жас ғалымға артады деп күтілуде», — деді Асхат Аймағамбетов.

Қазақстандық ғалымдар үшін тәжірибе алмасу бағдарламасы шеңберінде жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 қазақстандық ғалымның тағылымдамасы бойынша жоба қабылданады. Қазақстандық ғалымдар мен ғылыми сарапшылардың әріптестерімен бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргізуге, қажетті зертханалық жабдықта жұмыс істеуге мүмкіндігі бар.

2021 жылы 416 ғалымға әлемнің 24 елінің жетекші орталығында тағылымдамадан өтуге гранттар берілді. 

Үкімет отырысы барысында Асхат Аймағамбетов сондай-ақ ғылыми институттар мен университеттерді интеграциялау бойынша арнайы бағдарлама басталғанын хабарлады. Оның нәтижесінде 93 бірлескен диссертациялық кеңес құрылып ғылыми кадрларды дуалды даярлау іске асады.

Кадр даярлауға келсек, Білім және ғылым министрлігі докторантураға түсу үшін гранттар санын көбейтті, талаптар күшейтілді, олардың стипендиясы 82 мыңнан 195 мың теңгеге дейін өсті. Докторанттардың диссертация қорғау талаптары да күшейтілді. Енді әр диссертация онлайн форматта қорғалады, диссертацияның мәтіні интернет ресурстарда жарияланады.  

Институттардың лабораторияларын жаңарту үшін бюджеттік жаңа бағдарлама ашылды. Соңғы екі жылда 800-ден астам заманауи жабдық сатып алынды. Осы жұмыс әрі қарай жалғасын табады. 

«Ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру – басты бағыттардың бірі. Бүгінде біраз ғылыми жобалар коммерциализация арқылы нарыққа шығып, экономикамыз үшін жұмыс істеуде. Біріншіден, коммерцияландырудың нәтижесінде инновациялық өнімдерді сатудан түскен табыс 16,3 млрд теңгені құрады. Екіншіден, төленген салық көлемі – 5,2 млрд теңге. Үшіншіден, 1400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Төртіншіден, ғалымдардың табысы 338 млн теңгені құрады. 120-дан астам жоба сату кезеңіне жетті. Жобалардың экспорт көлемі 346,7 млн теңгені құрады», — деп түйіндеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу