Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Аттестаттаудан өткен барлық санаттағы педагогтер 2020 жылдың қыркүйегінен бастап үстемақы алатын болады — ҚР БҒМ

Дүйсенбі, 10 Ақпан 2020, 15:10:26

2020 жылдың қаңтар айынан бастап «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді. Құжат 21 баптан тұрады және ол мұғалімдердің құқығын қорғау, оларды әлеуметтік қолдауға бағытталған. Заңда ұстаздардың еңбекақысын көтеру, педагогтің кәсіби құзіретіне кірмейтін міндеттер жүктегені үшін айыппұл салу, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырылған. Аталған заң аясындағы жаңашылдықтар жайында толығырақ PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы Каринова айтып берді.

 

— Жаңа Заңның нормалары қазақстандық педагогтар үшін қандай өзгерістер әкеледі? Педагог мәртебесі туралы Заңның мұғалімдердің мәртебесін көтеруде маңызы қандай болмақ? 

 Біріншіден, қабылданған Заң педагогтің қоғамдағы биік мәртебесін айқындап берді. Екіншіден, оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгіледі. Заңда «педагог» түсінігі берілді. Заң нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің педагогтеріне қатысты талаптарды қамтиды.

 

— Заңда педагогикалық этика мәселесінде қандай жаңашылдықтар қарастырылған және бұл мұғалімдердің жұмысына қалай әсер етеді?

—Педагогикалық этика – барлық білім саласы қызметкерлері үшін өте қажетті норма. Педагогикалық әдеп нормасы бұған дейін де болды. Ал аталған Заң шеңберінде педагогикалық әдеп кеңесі әрбір білім мекемесінде құрылатын болады. Бұл – ұстаздың құқығын қорғауға бағытталған алқалы орган. Алдағы уақыта осы алқалы кеңестің тәртібін реттейтін заңнан төменгі бұйрық қабылданады.

 

— Заң баптарының бірі мұғалімдерді материалдық ынталандыруға арналған. 2020 жылдан бастап мұғалімдер қандай төлемдер мен жеңілдіктер ала алады? Әлеуметтік кепілдіктер барлық санаттағы педагогтер үшін қарастырылған ба?

— Өздеріңізге белгілі, биылғы педагог қызметкерлердің республикалық тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын алдағы төрт жылда екі есеге өсіруді тапсырды. Осыған байланысты 2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлық педагогтің еңбекақысы 25%-ға көбейтілді. Сондай-ақ алдағы оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап тәлімгерлік үшін 10 АЕК көлемінде қосымша үстемақы төленетін болады. Бұдан өзге Заң аясында магистр дәрежесі үшін де қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бүгінгі күні білім беру мекемелерінде 7000-нан аса магистр дәрежесі бар маман жұмыс істеуде. Тәлімгерлік және магистр дәрежесіне қосылатын үстемақы ай сайын төленетін әлеуметтік кепілдіктер қатарына жатады. Бұл – педагог мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған шара. 

Айта кететін жайт, әлеуметтік кепілдіктер қатарында педагог дәрежесіне теңестірілген тұлғалардың барлығының да еңбек демалысының кезеңі 56 күнге ұзартылды. Бұл 100 мыңнан аса педагогті қамтиды. Осыған дейінгі уақытта балабақшаларда немесе қосымша білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтердің еңбек демалысы 42 күнді құраса, қазір мектеп мұғалімдерінің демалыс күнімен теңестіріліп, 56 күн болып белгіленді. Сонымен қатар еңбек демалысына шықан кезде төленетін бір лауазымдық жалақы көлеміндегі сауықтыру жәрдемақысы сақталады.

Сонымен қатар ұстаздардың дәптер тексеруі мен сынып жетекшілігі үшін төленетін ақыны екі есе өсіру қарастырылған. Бұл алдымыздағы жаңа оқу жылынан бастап төленетін болады.

 

— Педагогтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде өзгерістер бола ма? Оларға тұрғын үйді жеңілдікпен алу мүмкіндігі беріле ме?

— Әрине, мүмкіндік бар. ҚР заңнамаларында көрсетілген тәртіпте қызметтік үй алу, жатақханалардан орын беру қарастырылған. 

 

— Ауылдық елді мекендерде қызмет ететін педагогтерге заң аясында қандай әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған?

— Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін педагогке жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша педагогикалық қызметті қала жағдайында жүзеге асыратын педагогтердің ставкасымен салыстырғанда 25%-дан кем емес көлемдегі жалақы мен тарифтік мөлшерлеме қарастырылған. Бұл ауылдық білім мекемелерінде қызмет ететін барлық педагог мамандарға қатысты. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында да педагогтер қажетті әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етіледі. Биылғы оқу жылының өзінде он мыңнан аса жас маман жұмысқа орналасты. Осы категориядағы мұғалімдер үшін бұл Үкімет тарапынан беріліп отырған қолдау. 

 

— Жаңа Заң педагогтер үшін мотивациялық сипатқа ие. Мысалы, халықаралық олимпиаданың жеңімпазын немесе жүлдегерін дайындаған педагог сыйақы алады. Мұндай жаңашылдық оқушылардың білім деңгейін арттыруға ықпалын тигізе ме?

— Ескере кететін бір жайт, қазіргі уақытта олимпиадаларға, ғылыми жобаларды қорғауға оқушылардың қызығушылығы жоғары, сәйкесінше, қатысушылар да көп. Республикалық, халықаралық олимпиадалар бойынша уәкілетті орган — ҚР Білім және ғылым министрлігінің тізбесі жасалған. Осы тізбеде олимпиада жеңімпаздарын дайындаған мұғалімдерге әр мекеменің ішіндегі үнемделген қаражат есебінен 300 АЕК көлемінде үстемақы төлеу қарастырылған. Бұл елімізде дарынды балаларды қолдау, таланттарды танытуға септігін тигізеді деп білеміз. Ескеру керек, олимпиадалық жұмыстарға қатыстыру тек қана білім беру стандарттарына ғана сай емес, стандарттан тыс, одан жоғары тұрған талаптарға сәйкес келетін балаларды дайындау болып саналады. Сондықтан аталған бағытта ұстаздардың еңбегі зор.

 

— Мұғалімдер педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан қайда және қаншалықты жиі өте алады?

— Педагог бес жылда кемінде бір рет біліктілігін арттыруға құқылы. Педагогтің біліктілігін арттыру мақсатында қосымша білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқу бір уақытта және үздіксіз, сондай-ақ кезең-кезеңмен, оның ішінде жекелеген бағыттарды, сабақтарды, пәндерді (модульдерді) меңгеру арқылы жүзеге асырыла алады. Мысалы, бірінші ретте педагог өз пәні бойынша курстық даярлаудан өтетін болса, келесі жолы тәрбие жұмысына байланысты, одан кейін жеке тұлға ретінде даму, психологиялық даму курстарынан өтуге мүмкіндігі бар. Бұл мұғалімнің бүгінгі қоғамның талабына сай, жан-жақты дамуына, педагогикалық шеберлігін арттыруға септігін тигізеді деп білеміз.

Ал педагогикалық қайта даярлау педагогикалық мамандығы жоқ, бірақ осы салада жұмыс істей алатын қызметкерлер үшін қарастырылған. Сондықтан нақты педагогикалық білімі жоқ мамандар болатын болса, олар тиісті деңгейдегі қайта даярлау курстарынан өтіп, тиісті кредит санын алып, одан кейін осы мамандық бойынша қызмет етуіне болады. Ескерерлік жайт, бізде педагогтер тапшылығы бар. Биылғы оқу жылында бес мыңға жуық маман тапшылығы болып, жаңа оқу жылында жоғары және кәсіби техникалық білім мекемелерінен педагог мамандығын алып шыққан жас мамандар жұмысқа тартылды. Бұл – жыл сайын қайталанатын үрдіс. Сондықтан осы мәселені шешуде қайта даярлау курстары маңызды рөл атқарады деп есептейміз.

 

— Заң аясында педагогтердің біліктілік санатына байланысты қандай жаңашылдық бар?

— 2018 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен бірыңғай жүйе жасалды. Осы уақытқа дейін тек қана мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдерге біліктілік санатына байланысты 30%-дан 50%-ға дейін үстемақы төленетін. Ал жаңа Заң бойынша қазіргі күні мектепке дейінгі білім мекемелерінде, қосымша білім беретін мекемелерде және кәсіби-техникалық білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтер үшін де санатына байланысты біліктілігін арттыру қарастырылған. Осы бойынша бүгінгі күні тәртіптемені, ережені бекіту жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы наурыз айынан бастап барлық санаттағы мұғалімдер аттестаттаудан өтетін болады. Алдымыздағы оқу жылында, яғни 2020 жылдың қыркүйегінен бастап өздеріне тиісті үстемақыны алатын болады. Екіншіден, осы Заң аясында басқару жұмысындағы педагогтерге, яғни білім беру мекемелерінің директорлары мен орынбасарлары үшін үлкен кепілдіктер қарастырылған. Осыған дейін бұл санаттағы педагогтердің жалақысы төмен болып келді. Қазіргі уақытта елімізде 7000-нан аса мектеп, 827 колледж және 10 мыңнан аса мектепке дейінгі білім беретін мекеме мен балабақша жұмыс істейді. Солардың барлығының да басшылары аттестаттаудан өтіп, еңбекақыларын 30%-дан 50%-ға дейін көтеру мүмкіндігі бар. Алдағы оқу жылында аталған санаттағы педагогтердің де еңбекақысы көтерілетін болады. Мектеп басшысының да, орынбасарының да еңбекақысы білім беру ұйымындағы білім сапасының артуы, оқушылардың тәртібі, педагогикалық ұжымның жетістіктері сияқты критерийлерге байланысты болады. 

 

— Мектеп мұғалімдерінің апталық оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету – бүкіл педагогикалық қоғамдастық үшін аса маңызды. Осы жаңашылдыққа байланысты білім беру жүйесі қалай өзгеруі мүмкін?

— 2018 жылғы Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев білім беру ұйымдарындағы қызметкерлерді ынталандыру, олардың жүктемесін азайту, тосын тексерулерден қорғауға қатысты тапсырмалар берді. Осы орайда жаңа Заң аясында 2021 жылдан бастап жалпы орта білім беретін мектептердегі педагогтердің оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету қарастырылды. Бұл жалпы білім беру стандартына, типтік оқу жоспарына және оқу бағдарламасына сай норма және мұғалімнің шығармашылықпен айналысуына, оқушылармен жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазіргі күні бұл бағыт бойынша жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта бейінді министрлік нақты ереже қабылдайтын болады.

 

— Педагогті оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға жол бермеу бойынша қандай шаралар қолданылатын болады?

— Біз мұғалімнің мәртебесі туралы айтып отырған жағдайда оның негізгі мақсаты, функционалдық міндеті оқушыға білім мен тәрбие беру екендігін ұмытпауға тиістіміз. Сондықтан мұғалім өзінің кәсіби функцияларымен тиісті деңгейде айналысу үшін Заң аясында белгілі бір норма қарастырылған. Алдағы уақытта мұғалімді оның кәсіби міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартқаны үшін айыппұл салынатын болады. Бұл – қоғамда орын алған жайттарға байланысты мұғалімдердің сұрауы бойынша қарастырылған мәселе. Бұл педагогтің жұмысын әрі қарай реттеуге, жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді деген ойдамыз.

 

— 2020 жылы барлық қала мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілуде. Ол орта білім сапасына қалай әсер етеді? Бұл жүйе қандай проблемалық мәселелерді шеше алады?

— Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормасы білім берудің әрбір деңгейінде қарастырылған. Бұл жүйе бүгінгі күнге дейін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде ғана болды. Өткен жылдан бастап орта білім беру мекемелерінде де енгізілді. Бұл норма әр мектептің өзіне бөлінген тиісті қаражаты есебінен үнемдеу, қаржыны қажетті жағдайға жұмсау бойынша үлкен кепілдіктер береді. Сондай-ақ ол мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуды, қызметкерлерге қандай да бір жетістіктері үшін қосымша үстемақы белгілеуді көздейді. Бүгінгі күні 400-ден аса мемлекеттік және 80 жекеменшік білім мекемелерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілген. 

 

— Заң аясындағы жаңашылдықтарды жүзеге асыруда бюджеттен қанша қаражат бөлінеді?

— Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Даму бағдарламасына арналған құжат бойынша білім саласына 11,5 трлн теңге қарастырылған. 


Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз


Жаңалықтар тізбегі
30 Мамыр 2020, 12:30
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №63
30 Мамыр 2020, 09:14
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі
29 Мамыр 2020, 18:15
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин: ТМД елдерінің дербестігі факторын күшейту қажет  
29 Мамыр 2020, 18:07
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 мамырдағы №336 Қаулысы
29 Мамыр 2020, 18:01
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 мамырдағы №333 Қаулысы
29 Мамыр 2020, 17:05
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды
29 Мамыр 2020, 15:56
ВАК блок-бекеттерді алып тастау және бірқатар саланың жұмысын жандандыру туралы шешім қабылдады
28 Мамыр 2020, 21:59
Қазақстан Президенті «COVID-19 пандемиясы тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландыру» атты жоғары деңгейде өткен шараға қатысты
28 Мамыр 2020, 18:42
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 27 мамырдағы №327 Қаулысы
28 Мамыр 2020, 18:38
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 мамырдағы №332 Қаулысы
28 Мамыр 2020, 16:08
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады
28 Мамыр 2020, 15:12
11 сала бойынша 230 үздік маман ҚР бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстарына тартылды 
28 Мамыр 2020, 13:45
ҰБТ барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізіледі
28 Мамыр 2020, 11:14
Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады
27 Мамыр 2020, 20:20
Мұнай өндіру, газдандыру және инвестиция тарту — Қазақстанның энергетика саласына шолу
27 Мамыр 2020, 16:33
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысына қатысты
27 Мамыр 2020, 11:36
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин БАӘ елшісі Мұхаммед Әл-Джаберге «Достық» орденін табыстады
26 Мамыр 2020, 19:52
Ведомствоаралық комиссия карантин режимінің сақталуына бақылауды күшейту мәселесін қарастырды
26 Мамыр 2020, 16:41
Мемлекет басшысы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады
26 Мамыр 2020, 12:22
Көктемгі егіс науқаны оңтүстік облыстарда толығымен аяқталуға жақын
26 Мамыр 2020, 12:17
ҚР Үкіметінің отырысы, 26.05.2020
26 Мамыр 2020, 11:43
Мал шаруашылығы секторында 4% деңгейінде тұрақты өсім сақталуда — ҚР АШМ
26 Мамыр 2020, 11:04
2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн га алқапқа егу жоспарланған — ҚР АШМ
26 Мамыр 2020, 10:51
Мал шаруашылығын дамытуда өзін-өзі қамтамасыз ету мен экспортты арттыруға басымдық беріледі — А. Мамин
26 Мамыр 2020, 10:18
Қазақстан әлемдік азық-түлік хабының біріне айналу әлеуетіне ие — А. Мамин 
25 Мамыр 2020, 20:51
Фармацевтика саласын жаңғырту және қорғаныш өнімдерін шығару: ТЖ кезінде қазақстандық кәсіпорындардың өндірісі қалай дамыды
25 Мамыр 2020, 19:39
Ведомствоаралық комиссия өңірлерде бірқатар қызмет түрлерін іске қосу туралы шешім қабылдады
25 Мамыр 2020, 18:09
Болат Мажағұлов ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы болып тағайындалды
25 Мамыр 2020, 15:52
Қазақстан Президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады
25 Мамыр 2020, 10:46
26 мамыр күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
24 Мамыр 2020, 11:00
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №62
24 Мамыр 2020, 08:38
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады
24 Мамыр 2020, 08:25
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы
24 Мамыр 2020, 08:08
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мұсылмандарын Ораза айт мерекесімен құттықтауы
23 Мамыр 2020, 21:43
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша видеодайджест
23 Мамыр 2020, 18:51
ШОБ, инвестициялар және экспорт: Алматы облысында қай салаға баса көңіл бөлінген
23 Мамыр 2020, 17:26
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Алматы облысында гидротехникалық құрылыстардың жай-күйімен және өңірді дамыту бағдарламаларының іске асырылуымен танысты
22 Мамыр 2020, 16:24
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарын тексерді
22 Мамыр 2020, 10:43
Мемлекет басшысы Филиппин мен Аустралиядағы елшілерді тағайындады
22 Мамыр 2020, 08:28
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Қарағанды облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру барысымен танысты
21 Мамыр 2020, 12:44
Елорда барлық өңірге үлгі болуы тиіс — А. Мамин 
20 Мамыр 2020, 18:11
Мемлекет басшысы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдады
20 Мамыр 2020, 18:00
Р. Скляр германиялық компаниялармен машинажасау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады
20 Мамыр 2020, 15:42
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы №305 Қаулысы
20 Мамыр 2020, 15:27
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады
20 Мамыр 2020, 15:25
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовты қабылдады
20 Мамыр 2020, 15:22
Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады
20 Мамыр 2020, 15:10
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы №306 Қаулысы
19 Мамыр 2020, 18:25
Елбасы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинді қабылдады
19 Мамыр 2020, 17:35
ҚР Үкіметінің отырысы, 19.05.2020
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.