«Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот»: пәтер иелері бірлестігінің қаражаты қалай жұмсалады — М. Әбдікәрімовпен сұхбат

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі заңнамаға енгізілген түзетулер биылғы қаңтар айынан бастап күшіне енді. Ендігі кезекте пәтер иелері кооперативтері (ПИК) орнына жаңа ұйым құрылады.

Аталған жаңашылдық «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» принципіне негізделген. Меншік иелері бірлестігін құру және оның басқару органдарының қызметін реттеу мәселесі туралы Primeminister.kz-ке берген сұхбатында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Методология және өңірлік даму департаменті басшысының орынбасары Марғұлан Жеңісұлы Әбдікәрімов айтып берді.

 — Меншік иелері бірлестігі (МИБ) дегеніміз не? Бұл жүйе не үшін енгізілді және артықшылықтары қандай?

Өздеріңізге белгілі, 2019 жылдың 26 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Аталған Заң биылғы жылдың 7 қаңтарынан бастап күшіне енді. Заңда ТКШ-ны басқарудың жаңа тетіктері қарастырылған. Ең басты қағида: бір үй – бір бірлестік – бір есепшот. Әрбір көппәтерлі үйдің тұрғындары арнайы жиналыста бірлестік немесе қарапайым серіктестік құру туралы шешім қабылдайды. Меншік иелерінің бірлестігі – заңды тұлға ретінде коммерциялық емес болып табылатын ұйым. Ол тұрғындардың өз ішінен құрылады. Тұрғындар жиналысында үш жыл мерзімге көппәтерлі тұрғын үй кеңесі және ревизиялық? комиссия сайланады. Сондай-ақ бір жыл мерзімге бірлестік төрағасы белгіленеді.

 — Меншік иелері бірлестіктері қалай құрылады және қалай жұмыс істейтін болады? Кезең-кезеңімен айтып берсеңіз

Заң күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде көппәтерлі тұрғын үй иелері жиналыс өткізулері тиіс. Жиналысқа тұрғындардың кемінде 51%-ның қатысуы міндетті. Яғни тұрғын үйде 100 пәтер бар деп есептесек, жиналысқа кемінде 51 пәтер иесі қатысуы керек және қабылданған шешімді кемі 26 меншік иесі қолдауы тиіс. Жоғарыда айтып өткенімдей, жиналыста үй кеңесі, ревизиялық комиссия, бірлестік төрағасы және басқару формасы анықталады.

— Жаңа жүйе  қашан толық қолданысқа енеді?

Заң 7 қаңтардан бастап қолданысқа енді. Заң шеңберінде қосымша нормативтік-құқықтық актілер қабылданады. Оның ішінде тұрғын үйге қатысты 3 қаулы және 17 бұйрық, жалпы саны 20 құжат дайындалып жатыр. Наурыз айының соңына дейін аталған құжаттар бекітілетін болады.  

— Алдағы уақытта тұрғын үйлерге қызмет көрсету жүйесі қалай жұмыс істейді? МИБ құрамына кім кіреді және оларды кім басқарады? Жаңа қызметкерлер алына ма? Басқарушы тұлға нақты сол салада қызмет етпесе де басқара ала ма? Нақты білімі, дағдысы болуы керек пе?

—  Ең басты тетік – бірлестік немесе жай серіктестік құру. Әрине, үй кеңесі құрылғаннан кейін, ревизиялық комиссия сайланған соң тұрғындардың арасында белсенділік танытқаны болса, өз келісімі бойынша ол адамның төраға міндетін атқаруға мүмкіндігі бар.  Төрағаның қызметі үшін жалақы төлеу керек болады. Әрі қарай сайланған төраға бірлестікті заңды тұлға ретінде тіркейді және есепшот ашады. Төраға бірлестік атынан сервистік ұйымдармен тікелей жұмыс істеуге, олармен келісімшартқа отыруға құқылы. Сервистік ұйымдарды, яғни клининг, сантехникалық жөндеу жұмыстарымен айналысатын компанияларды таңдау және келісімшартқа отыру мәселесі жиналыста  шешіледі. Әр ай сайын сервистік ұйымдардың атқарған жұмысы туралы акті бойынша төлем бірлестіктің атынан сервистік ұйымға аударылады.

— Бірлестікте жиналған қаражатты кім басқарады және ол үшін кім жауапты?

—  Өздеріңіз білесіздер, бұрынғы Заңда да қарастырылған, ағымдағы жөндеуге бөлек есеп-шот, күрделі жөндеуге бөлек есеп-шот ашылуы керек. Жаңа Заң бойынша бірлестік төрағасы ағымдағы және күрделі жөндеуге арналған есеп-шотты міндетті түрде екінші деңгейлі банктерде ашуы керек. Алдымен ағымдағы жөндеуге жұмсалатын ай сайынғы төлемдер методикаға сәйкес есептеледі, ал күрделі жөндеу мәселесі тұрғындармен жиналыста көтеріледі. Қазіргі Заң бойынша күрделі жөндеуге қажетті қаражат мөлшері 1 шаршы метр үшін 13 теңгені құрайды. Алайда жиналыста тұрғындар одан көбірек мөлшерде белгілеуі де мүмкін.

— Жаңа жүйе бойынша тұрғын үйлерге қызмет көрсетуде бір шаршы метр үшін баға қалай белгіленеді? Ай сайынғы төлемді анықтауда қандай факторлар ескерілмек?

—  Методика бұрынғы заңмен де бекітілген. Жаңа Заңның қабылдануына орай ол методикаға біраз өзгерістер енгізілді, жоба ретінде қазір талқыланып жатыр. Соның ішінде жылдық шығыстар сметасы құрылуы керек. Оның ішінде қар тазалау, дезинфекциялау, жинап-тазалау түгел реттелген. Сол методикаға байланысты бірлестіктің төрағасы үй кеңесімен бірлесе отырып, шығыстар сметасын жиналысқа шығаруы керек. Оны жиналысқа қатысушылар тағайындады, одан кейін сол жылдық сома әр шаршы метрге, одан соң 12 айға бөлінеді. Бұл сома көлемі тұрғын үйдің конструкциясына, салынған жылына, көлеміне және т. б. байланысты шешіледі.

— Тұрғын үйлерде тазалық сақтау сияқты тұрмыстық проблемалар қалай шешіледі? Өзіңіз білесіз, қазіргі уақытта лифт мәселесі де өте өзекті. Істен шыққандары бар, басқасы бар. Осы жөнінде айтсаңыз

—  Бұл мәселе Заңда жан-жақты қаралды. Әрине, Заң бір күнде жазылған жоқ, бұл жұмыс 2017 жылдан басталды. Сол жылы министрлік тарапынан үлкен жұмыс тобы құрылды, онда 60-тан астам адам болды. Оның ішінде сарапшылар, мүдделі мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері болды. Мәжілісте де 130-ға жуық адамнан үлкен жұмыс тобы құрылды. Лифтілердің ақауы, стандарттарға сәйкес келмеуі тәрізді мәселелерді көп талқыланды. Осыған байланысты 2018 жылы лифтілерді монтаждауға, эскалаторларға, траволаторларға қатысты ұлттық стандарт бекітілді. Ал жаңа Заң шеңберінде ол стандарт міндетті талапқа ауыстырылды. Лифтіні жасайтын, оны жөндейтін, тексеретін компаниялар ең алдымен аттестаттаудан өтуі тиіс. Аттестаттауда өндіріс базасының, оқытылған мамандары мен құрал-саймандарының түгел болуы қарастырылады. Бұған дейін мұндай талап жазылмаған еді.

Лифтілерді айырбастау үшін қомақты қаражат қажет екені белгілі.  Соған байланысты, Заңда қарастырылғандай, егер жергілікті бюджетте қаражат жеткілікті болатын болса, меншік иелерінің лифтілерді айырбастауға құқығы бар. Бірақ міндетті түрде осыған қатысты жиналыс өткізулері керек. Мысалы, бір үйдің лифті бұзылып қалса, жиналыс өткізіп, тұрғындардың келісімі алынады. Одан кейін жергілікті атқарушы орган жергілікті бюджеттен ақша бөліп, лифтілерді ауыстыратын болса, тұрғындар ол соманы қайтарып беруі керек. Нұр-Сұлтан қаласында қазір бұл тәжірибе бар, көпқабатты үйлерде лифтілер айырбасталып жатыр: тұрғындарға шаққанда әрбір пәтер иесі ай сайын 2500-3000 теңге қосымша ақы төлейді.

— Қазіргі пәтер иелері кооперативінің (ПИК) келешегі қалай болмақ? Алдағы уақытта олар немен айналысатын болады?

Пәтер иелері кооперативтері бір күн ішінде жабылып қалмайды. Пәтер иелері алдындағы міндеттерін қанағаттанарлық дәрежеде атқарған, тұрғындардың көңілінен шыққан пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі бар. Бірақ ол кооперативтер 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана жұмыс істейді. Ал одан кейін бұл кооперативтер басқарушы компания немесе сервистік ұйым ретінде қайта құрылып, қызметін жалғастыра алады.

— Тұрғындар тарапынан «ПИК-ке төлеген ақшамыз қайда кетіп жатыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Алдағы уақытта жұмысы тоқтатылатын пәтер иелері кооперативтеріне коммуналдық төлемдерді төлеудің қажеті бар ма?

Меншік иелері бірлестігінің үлгілік жарғысы қабылданғаннан кейін қаражатын жеке басқарғысы келетін тұрғындар өз бірлестіктерін құрады. Бірлестік құрылған уақыттан бастап ай сайынғы төлемдер пәтер иелері кооперативтеріне емес, сол бірлестіктің есеп-шотына аударылатын болады.

Қазіргі уақытта қарамағында 10, тіпті 100-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйлер бар кооперативтер жұмыс істейді. Бұл жағдайда, әрине, қаражат ортақ есеп-шотқа жиналады. Сәйкесінше, тұрғындар қаражаттың қайда кетіп жатқанын білмеуі мүмкін. Дегенмен жұмысын ашық түрде, жоғары деңгейде атқарған пәтер иелері кооперативтерін тұрғындар қалауы бойынша басқарушы компания немесе сервистік ұйым ретінде қалдыруға болады.

— Тұрғындар өз МИБ-терін ұйымдастырып, құра алмаса не болмақ?

— Заңда жазылғандай, олар 1 жылдың ішінде міндетті түрде жиналыс өткізіп, бірлестік немесе жай серіктестік құру туралы шешім қабылдауы тиіс. Қандай да бір қиындық туындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар көмектесе алады. 

— Жаңа жүйе бойынша тұрғын үйлердегі бизнес нысандарының жағдайы қалай болмақ?

— Бұрынғы Заңға қарасақ, құрылыс салушы немесе құрылысқа тапсырыс беруші олқылықтардың көбін пайдаланып, ортақ мүлікке жататын тұрғын үй емес үй-жайлардың кейбіреуін сатып жатыр, техникалық қабаттардың кейбіреулері пәтер ретінде сатылып та кетті. Бұл мәселелер жаңа Заңда реттелді. Жобалаушы міндетті түрде ортақ мүлік иелерінің тізімін жасайды. Тұрғын үй пайдалануға тапсырылып, актіге қол қойылғаннан кейін құрылыс салушы міндетті түрде бірлестікке акті мен тізімді беруі керек. Содан кейін ол бірлестікке кондоминиум ретінде кіргеннен кейін, әрине, бірлестіктің басшысы, үй кеңесі, төрағасы қай үй-жайдың кондоминиумға кіретінін біледі. Соған байланысты бірлестіктің оны жалға беруге мүмкіндігі бар. Ал одан түскен қаржыны үйді басқаруға, жақсы қалыпта ұстауға жұмсауға болады.

— Сұхбат соңында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін цифрландыруға тоқталсаңыз?

Өздеріңіз білесіздер, қазір әрбір сала цифрландырылып жатыр. Бұл тұрғыдан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да артта қалып жатқан жоқ. Заңда цифрландыру туралы жазылған. Міндетті түрде бір ақпараттық жүйе құру қажет. Қазір әрбір өңірде, қалаларда ТОП-ПИК, е-ПИК сияқты АТ компанияларының қолға алып жатқан жобалары бар. Дегенмен республикалық деңгейдегі бір ақпараттық жүйе болуы керек деп ойлаймыз. Әр өңірдің ақпараты біріктіріліп, талдау және сараптау үшін бір базаға келтіріліп, қаралатын болады.

— Сұхбатыңызға рақмет! 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу