МӘМС пакетінде құны қымбат медициналық қызметтер де қамтылған

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін медициналық қызмет түрлері туралы PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов айтып берді.

«Олардың саны көп, ең негізгілері: диагностикалық қызметтер, әсіресе, қымбат диагностикалық қызметтер, компьютерлік томография, МРТ, басқа да анализдер, онкологиялық ауруларға байланысты (қымбат бөлігіне ғана) диагностика жасау, жоспарлы операциялар т.б. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қамтылады», - деп түсіндірді А. Жұмағұлов. 

Бұдан өзге, ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында ел тұрғындардың 95%-ына дейін қамту көзделіп отырғанын жеткізді.

«Бұл ауқымды жұмыстарды жүргізуді талап етеді. Соның ішінде, жұмыскердің тарапынан немесе жұмыс берушінің тарапынан МӘМС жарнасы кей кездері төленбей қалатындай жағдайлар болса, төлену жиілігін нақтылап қарап отыру сияқты жұмыстарды бүгінгі күнде біз Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп пысықтап жатырмыз», - деді А. Жұмағұлов.

Осы ретте, негізгі санаттағы азаматтар - жұмыс істейтін азаматтар үшін МӘМС жарнасының жұмыс беруші тарапынан төленіп отырғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі күні жарна мөлшері еңбекақының 1,5% құрайды.

«Келесі жылдан бастап жарна мөлшері жұмыс беруші тарапынан 2%, ал жалдамалы жұмыскер тарапынан 1% құрайды. Сондай-ақ, азаматтардың шамамен 58-60%-ы, яғни 15 санатқа жататын азаматтар (студенттер, зейнеткерлер, мүгедектер) үшін сақтандыру жарнасы мемлекет тарапынан төленеді», - деді қор төрағасы А. Жұмағұлов.

Сонымен қатар ол қазірден бастап-ақ әр азаматтың өзінің сақтандырылу статусын білуі қажет екеніне тоқталды. Ол үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтының немесе телеграм жүйесі арқылы SaqtandyryBot сақтандыру ботының қызметіне жүгінуге болады. Егер  азамат бұл жүйеде сақтандырылмаған болса, сақтандырылмаған себебін қазірден анықтап алуы қажет.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу