Жыл соңына дейін қанша жол жөнделеді, қай жолдар ақылы болады және олардың сапасын кім тексереді — С. Бармақовпен сұхбат

 

ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке азаматтардың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз етіп, ел экономикасының одан әрі өсуі үшін барлық күш-жігерді жұмсау тапсырылды. Бұл жұмыстың бағыттарының бірі — жол жабынын жақсарту. Транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретін республикалық дәліздерді дамыту, сондай-ақ, жергілікті жолдарды салу туралы PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов айтып берді. 

— Сайранбек Солтанбекұлы, біздің білуімізше, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы – стратегиялық құжаттардың бірі, оның аясында жолдарды жаңғырту бойынша барлық жұмыстар жасалады. Биыл енгізілген немесе жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған негізгі жобалардың қазіргі нәтижелері қандай?

— Биыл құрылыс және реконструкциялау жұмыстарымен 4,3 мың шақырым республикалық маңызы бар жол қамтылды. Бүгінде барлық нысандарда жұмыс кестесіне сәйкес толық көлемде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша 641 шақырым жол қозғалысын ашу жоспарланған.

Олар: Орталық – Оңтүстік — 61 км, Орталық – Шығыс — 249 км, Астана – Петропавл – Ресей шекарасы — 30 км, Бейнеу – Ақжігіт — 85 км, Таскескен – Бақты — 20 км, Щучинск – Зеренді — 80 км, Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы — 34 км, Қалбатау – Майқапшағай — 9 км, Жетібай – Жаңаөзен — 73 км.

Нұр-Сұлтан – Павлодар, Щучинск – Зеренді, Бейнеу – Ақжігіт, Жетібай – Жаңаөзен, Таскескен – Бақты, Теміртау – Қарағанды ​​учаскелері толығымен аяқталады.

— Бізге азаматтардан жаңа жолдарда жол жабынының төмен түсіп кетуі, кей жолдарда сапаға сәйкес келмеуі туралы хабарламалар жиі келіп тұрады. Әртүрлі учаскелердің құрылысын түрлі компаниялар жүзеге асыратынын түсінеміз. Бүгінде сапаны бақылаудың қандай тетігі бар және кім тікелей жауап береді, азаматтар қандай да бір жобалар бойынша кімге шағымдана алады?

— Шынында да, бұл мәселе өте өзекті және уақытылы көтеріліп отыр. Жолдардың сапасы — маңызды басым мәселелердің бірі. Жалпы, бізде республикалық маңызы бар жолдарда бес сатылы бақылау қарастырылған. Мердігерлердің өздері тексереді, олардан кейін инженерлік қызмет тексереді. Олар мердігерлермен күнделікті жұмыс жасайды. Содан кейін жоба авторы тексереді. Келесі саты – «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Ал бесіншісі – тапсырыс беруші.

Биыл Елбасының тапсырмасы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны ашылғанын ерекше атап өткім келеді. Ол 14 облыста және үш қалада бар. Барлық жерде бөлімшелері жұмыс істей бастады. Олар республикалық жолдарды да тексереді, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды да тексере бастады. Тиісінше, жұмыстың қалай істеліп жатқаны, қалай жұмыс істейтіндері туралы ақпарат апта сайын алынады. Біз уақытылы әрекет етеміз. Егер бір жерде жұмыс сапасыз жүргізіліп жатса, біз оны тоқтата аламыз немесе ескертеміз. Біз мұндай мәселелерде нақты жұмыс жасаймыз.

Сапа туралы айтар болсақ, шынымен де, бізде жұмыс істейтін компаниялардың барлығы — жекеменшік. Олар сапалы жұмыс жасауға қызығушылық танытады. Біздің оларға қойған шарттарымыз бойынша, олар жұмысты толық аяқтағаннан кейін кепілдік мерзімі басталады. Мердігердің жол жөндеу жұмыстарының түріне және қаржыландыру көзіне байланысты орындалған жұмысы үшін жауапкершілігінің кепілдік мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін құрайды. Кепілдік мерзімінде жолда қандай да бір ақау пайда болған жағдайда, компания жолды өз қаражаты есебінен қалпына келтіреді. Егер кенеттен бұл компания банкротқа ұшыраса, онда біз сол банктің кепілдіктерін қайтарып, банктік кепілдік сомасына жолды қалпына келтіреміз.

Бізде бірыңғай сапасы өлшемдері бар, құрылыс нормалары мен ережелері бар. Облыстық маңызы бар жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, республикалық автожолдар болса да, барлық жерде талап бірдей болуы керек. Барлық жерде бірдей сапа талаптары жүреді.

Сапа стандарттары халықаралық стандарттарға сай. Себебі, біз Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен бірлесіп, осы ережелерді ретке келтірдік. 

— Қазақстан географиялық жағынан өте қолайлы жерде орналасқан, ол транзиттік саланы дамытуға жақсы мүмкіндік береді. Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Орталық – Батыс, Орталық – Солтүстік көлік дәліздері секілді жобалар туралы жиі естиміз. Осы жобалар туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? Біздің түсінуімізше, бұл жобалар еліміздің астанасымен автомобиль жолдарын байланыстыруға бағытталған. Бүгінгі таңда қандай жетістіктер бар?

— Алдымен «Орталық – Шығыс» көлік дәлізі туралы айтқым келеді. Бұл — Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар, Семей, Қалбатау. Ұзындығы 1000 км-ден асады. Биыл біз оны толықтай аяқтаймыз. Павлодар қаласының жанында 11 км учаске қалады. Онда ЖСҚ түзетіліп жатыр. Болашақта біз оны да аяқтаймыз.

Екінші дәліз — «Орталық – Оңтүстік» — Нұр-Сұлтан қаласынан Алматыға дейін. Ұзындығы — 1100 км. Бүгінгі таңда «Нұр-Сұлтан – Теміртау» жобасы аяқталды. Биыл «Теміртау – Қарағанды», «Қарағанды қаласының айналма жолы» жобасын аяқтаймыз. «Қарағанды – Балқаш», «Балқаш – Бурылбайтал» және «Бурылбайтал – Күрті» және «Күрті – Қапшағай» автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмыстары басталды. 2020 жылы біз осы учаскелер бойынша қозғалысты ашамыз. 2021 жылы аталған жолдарды аяқтауды жоспарлап отырмыз.

— Жақында Премьер-Министр А. Мамин үш өңірде болып қайтты: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстары. Сондай-ақ, онда жұмыс қарқынын арттыру туралы тапсырмалар берілді. Аяқтау мерзімдерін тездету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

— Келісім бойынша жолды 2022 жылы аяқтау керек еді. Премьер-Министр А. Маминнің хаттамалық тапсырмасымен 2020 жылға қарай «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Балқаш» автомобиль жолдарында қозғалыс толығымен ашылып, 2021 жылға қарай аталған учаскелердің құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтау қажет. Бүгінгі таңда аталған жолдарда толыққанды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Қалбатау – Майқапшағай» учаскесінде шамамен 10 млн текше метр жер жұмыстары аяқталды. Ең бастысы — жер қазу жұмыстары. Әрі қарай «жолдық киім» салынады. «Талдықорған – Өскемен» учаскесінде 15 млн текше метр, «Қарағанды ​​– Балқаш» учаскесінде 12 млн текше метр жұмыстар аяқталды. Биыл Талдықорған мен Өскемен арасында 198 км-де, «Қалбатау – Майқапшағай» учаскесінде 45 км-де және «Қарағанды ​​– Балқаш» учаскесінде 40 км жол ашылады.

 

— Бұл жолдардың барлығының стратегиялық маңызы бар. Соның ішінде туризмді дамыту тұрғысынан да аса маңызды. Аталған салада көптеген адамдар жол бойындағы сервисті дамытуға қызығушылық танытады. Басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жол бойындағы сервисті дамытуға бизнестің қатысуын ынталандыру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Бізде жол бойындағы сервис ерекше орын алады. Жолдар дамып жатыр, туризм де жетілдірілуде. Республикамызда жақсы жерлер өте көп. Табиғатымыз бай. Қазақстан туризмі халықаралық қауымдастықты өзіне тартуда. Біздің жолдармен жыл сайын көбірек адамдар жүреді. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 1822-ге жуық жол бойындағы сервис нысандары бар. Мұнда жанармай құю бекеттері, кемпингтер, қонақүйлер, асханалар, кафелер және т.б. бар, олардың ішінде 865 нысан Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Басқа сөзбен айтқанда, жол бойында қызмет көрсететін 865 нысанда жайлы жабдықталған дәретханалар бар.

2018 жылы жол бойындағы қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірге заманауи жайлы 12 дәретхананы орнатты, олар вакуумды шайу жүйесімен және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ыңғайлы жабдықталған.

Сондай-ақ, бүгінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыс әкімдіктерімен бірлесіп көптеген ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Мәселен, Қызылорда облысында соңғы екі жылда жол бойындағы сервистің 16 бірлігі салынды, Ақтөбе облысында осындай уақыт аралығында - 18 бірлік. Бұл екі облыс «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан. Сондықтан да, бұл жерлерде жол бойындағы сервис қарқынды дамып жатыр, жаңа нысандар салынуда. Алдағы екі жылда біз жол бойындағы қызметті Ұлттық стандарт талаптарына сай келтіреміз деген үмітіміз бар.

 

— Қазіргі уақытта бірқатар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақы алу жүйесі енгізілген. Болашақта бұл жүйе қай бағыттарда болады? Бұл жүйені республика бойынша енгізуден қандай алымдар күтіледі және олар қайда жұмсалатын болады?

— Иә, бүгінгі таңда республикада 682 шақырым жол — ақылы. Бұлар — Нұр-Сұлтан – Теміртау, Нұр-Сұлтан – Щучинск, Алматы – Қорғас және Алматы – Қапшағай бағыттары. Ақылы жолдан түскен ақша толығымен осы жолдарды қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұрын оларды қамтуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінетін. Жыл басынан бері біз осы төрт ақылы жолдан 4 млрд 130 млн теңге жинадық.

Қазіргі уақытта біз республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Оның ішінде 2020 жылы — 5,9 мың км, қалған 5 мың км — 2023 жылға дейін жоспарлап отырмыз.

Осы жылдың шілдесінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы жүйені енгізуге инвестициялық конкурс жариялады. Жыл соңына дейін конкурс қорытындысын шығарып, инвестормен келісім жасасу жоспарлануда.

— 2020 жылы қандай жолдар ақылы болады?

— «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін, Щучинскіден Петропавлға дейінгі жол учаскесін, Омбы – Павлодар және Нұр-Сұлтан – Қостанай – РФ шекарасына дейінгі жолды ақылы негізге көшіреміз. Жолдар реконструкцияланған барлық жерде ақылы жүйені енгіземіз.

 

— Мемлекет басшысы қолайлы өмір сүру адамдар өмір сүретін үйлердің айналасындағы жол жабынын жөндеуден басталатынын бірнеше мәрте атап өтті. Облыстық және аудандық маңыздағы жергілікті жолдарды жақсарту бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Қазақстанда автокөлік жолдарын салу және реконструкциялау саласында қандай жаңа технологиялар қолданылуда? Су тасқыны кезеңінде автокөлік жолдарының қауіпсіздігі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін сіздің комитетте қандай шаралар қабылдануда?

— Бізде жергілікті маңызы бар жолдар көп. Салыстыру үшін, республикалық маңызы бар жолдар — 24 мың шақырым, жергілікті маңызы бар жолдар — 72 мың шақырым. 

Республикалық маңызы бар жолдар бойынша бүгінде біз толыққанды жұмыстар жүргізудеміз, ал жергілікті жерлер нашар күйде қалып отыр. Сондықтан екінші жыл қатарынан Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауының арқасында жергілікті маңызы бар автожолдарды қаржыландыру мәселесі көтерілді. Жыл сайын республикалық және жергілікті бюджеттерден жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары үшін 200 млрд теңге қаржы бөлінеді. Жыл сайын жөндеу жұмыстарымен 5 мың шақырымға жуық жол қамтылады. 

2017 жылы халықаралық рейтингте Қазақстан 114 орынды, ал 2018 жылы 106 орынды иеленді, биыл 93-ші орынға шықты, 13 пунктке жоғарылады. Бұл жергілікті жолдарға көңіл бөлініп отырғанын және жолдардың жөнделіп жатқанын білдіреді.  

— Біз Сізбен жол құрылысын іске асыру тетіктерін талқылаған кезімізде, Сіз мұнымен жекеменшік компаниялардың айналысатынын айтқан болатынсыз, яғни, бұл — кәсіпкерлік. Тендерлер ойнатылғанда, көбіне-көп компания ұтып алатын, бірақ жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтамайтын жағдайлар жиі болады. Бүгінде осындай компанияларға қатысты қандай жауапкершіліктер қарастырылған? 

— Жолдың қайта жөнделуіне, күрделі жөнделуіне, орташа жөнделуіне қарамастан, компания мен тапсырыс берушінің келісімшарттық қатынастары бар. Егер компания өзінің келісімшарттық қатынастарын орындамайтын болса, бізде айыппұл санкциялары қарастырылған. Егер ол өз міндеттемелерін мүлдем орындамайтын болса, ондай компаниямен келісімшарт бұзылады да, ол «қара тізімге» енгізіледі. Алдағы тендерлерге қатыса алмайды. Міне, осындай шаралар қолданылады. 

 

— Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу