«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына қандай өзгерістер енгізілді

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мақұлданды. Мақсаты — шағын несие беру, гранттар беру, қысқа мерзімді оқыту және кәсіпкерлік негіздеріне оқыту құралдарын кеңейту.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және тиімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. 

2019 жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42,5 мың теңгеге арттырылды. Сонымен қатар, жеке компаниялардың ең төменгі жалақы алатын жұмысшыларының жалақысы арттырылды. Жылдың басынан бастап 200 мыңға жуық жұмыс беруші 1,1 миллионнан астам жұмысшының жалақы мөлшерінің артқанын растады, ол орташа 31%-ды құрайды. 1 маусымнан бастап бюджет саласының жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін арттырылды. Аталған мақсаттарға қосымша 12,3 млрд теңге бөлінетін болады.

Президенттің негізгі тапсырмаларының бірі — жаппай кәсіпкерлікті дамыту. 

«Бүгінде шағын несиелендіру мен гранттар үшін қосымша 32 млрд теңге бөлінеді, бұл 30 мыңға жуық азаматты қамтуға жол ашады. «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша үш жыл ішінде 100 ең сұранысқа ие мамандық бойынша кем дегенде 200 мың адамды оқыту көзделген», — деді Б. Сапарбаев. Биыл «Бизнес Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік дағдыларына 75 мың адам оқытылады.   

Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шаралары «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылады. Қосымша бөлінетін 16,8 млрд тг қаражатты ескере отырып, оқытумен қамту көрсеткіштері екі есеге өседі. Оның 70 пайызы жастарды қолдауға бағытталады.

«Бағдарламада басты назар тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру болады. Бүгінде 258 мың қазақстандық жұмыспен қамту шараларымен қамтылған, 95 мыңы – жастар», — деді Б. Сапаров.  

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, АӘК алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына үлкен көңіл бөлінуде.

Аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктері енгізілді. Жарты жыл ішінде 78 миллиард теңге төленді. Отбасыға АӘК орташа мөлшері 105 мың теңгені құрайды.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А. Мырзахметов Мемлекет басшысының жұмыспен қамту шараларымен қамту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында үш бағытта жұмысты жүргізу көзделгенін айтты, олар: жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және скрининг жүргізу. Сондай-ақ, жыл сайын қысқа мерзімді оқытумен 100 мың адам қамтылады, «Бастау Бизнес» жобасымен — 75 мың адам. Бұған қоса, «Атамекен» ҰКП 25 мың адамды қамти отырып, жастарға онлайн-курстар ұйымдастырады. Колледждер мен ЖОО-лардың соңғы курстарының 100 мыңға жуық студенті «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша бизнес негіздеріне оқытылады. Осылайша, оқыту шараларымен қамтылғандар саны 81 мыңнан 300 мың адамға дейін ұлғайтылады.   

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу