Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-ға сапары аясында бірқатар кездесулер өткізді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбу-Дабиде БАӘ-дағы ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қазақстан Президенті «Abu Dhabi National Oil Company» кәсіпорнының бас директоры Сұлтан Ахмед Әл Джабермен кездесті

Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында «Abu Dhabi National Oil Company» (ADNOC) мұнай компаниясының бас директоры Сұлтан Ахмед Әл Джабермен кездесу өткізді.

ADNOC компаниясы – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мұнай мен газ өндіретін жетекші, ал әлем бойынша төртінші орын алатын кәсіпорын. Оның мұнай қоры шамамен 100 миллиард баррельге тең. Кәсіпорын күніне 2,4 миллион баррельге дейін мұнай өндіреді.

Кездесу барысында тараптар әлемдік нарықтағы мұнай мен газ өндірісі жөнінде пікір алмасып, аталған саланың Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері экономикасының негізін құрайтынына тоқталды.

Мемлекет басшысы еліміздің мұнай-газ саласы бойынша көмірсутектерін терең өңдеуге басымдық беріп отырғанын, осыған байланысты, Қазақстанда мұнай-химия саласындағы жобаларды дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

«Қазақстанда мұнай-химия саласы дамып келеді. Алдағы уақытта сіздің компаниямен аталған бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз», – деді Мемлекет басшысы.

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев «Al Nowais Investments» компаниясының Басқарма төрағасы Хуссейн Әл Новейспен кездесті. 

Қазақстан Президенті «Al Nowais Investments» компаниясының Басқарма төрағасы Хуссейн Әл Новейспен кездесті.

Біріккен Араб Әмірліктерінде ғана емес, Таяу Шығыс аймағындағы ең ірі инвестициялық ұйым саналатын «Al Nowais Investments» көпсалалы бизнес жүргізіп отырған компания. Оның жылдық айналымы 1 миллиард доллардан асады.

Хуссейн Әл Новейс Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және тағы да басқа салалар бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайлы мағлұмат берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңартылған энергия көздеріне инвестиция салып, аталған саланы ілгерілетуді қолға алғанына, 2013 жылдан бері мемлекеттік жасыл экономика бағдарламасының іске асып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша көптеген жобалардың атқарылғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті «Aldar Properties» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әл Мүбәракпен кездесті. 

Мемлекет басшысы «Aldar Properties» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әл Мүбәракпен кездесу өткізді.

Мұхаммед Әл Мүбәрак Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған компанияның іске асырып жатқан «Abu Dhabi Plaza» жобасының қазіргі жағдайы, Нұр-Сұлтан қаласындағы көпфункционалды кешеннің құрылысын белгіленген уақытта аяқтау үшін атқарылып жатқан қосымша жұмыстар туралы баяндады.

Қазақстан Президенті еліміздегі ең ірі құрылыс нысандарының бірі саналатын жобаның уақытылы аяқталып, халық игілігіне берілетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында туризм индустриясындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда басымдыққа ие он туристік бағыттың анықталғанын атап өтіп, оларды әлемдік деңгейдегі барлық қажетті туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты.  Оның айтуынша, аталған салаға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары, оның ішінде, салықтық жеңілдіктер, базалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы «Abu Dhabi Global Market» еркін экономикалық аймағы Директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті. 

Қазақстан Президенті «Abu Dhabi Global Market» (ADGM) еркін экономикалық аймағы Директорлар кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік министр Ахмед Әли Әл Сайихпен кездесу өткізді.

Кездесуде тараптар Абу Даби еркін экономикалық аймағының «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлескен жобаларының жүзеге асырылуы жайында әңгімелесті. Ахмед Әли Әл Сайихтың айтуынша, өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде нақты жоспарлары бар.

Мемлекет басшысы «Abu Dhabi Global Market» еркін экономикалық аймағының елімізде атқарып жатқан жұмысына ризашылық білдіріп, қаржы нарығын реттеу саласындағы ықпалдастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу