Қазақстандық мұғалімдер педагогикалық шеберлігі, магистр дәрежесі және тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы алатын болады — ҚР БҒМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында педагог мәртебесі туралы және педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заң жобалары мақұлданды. 

Жұмыс тобы педагогтер жұртшылығының жалпы 18 мыңнан астам ұсынысын талдады. Заң жобаларын дайындау барысында педагогикалық қызметті реттеудің халықаралық тәжірибесі ескерілді.

ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов хабарлағандай, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 19 баптан тұрады, ол педагог еңбегін материалдық және материалдық емес ынталандыру шараларын қамтиды. 

«Негізгі материалдық ынталандырулар – сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін ақыны екі есеге өсіру, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу, барлық педагогтер үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту, магистр дәрежесі үшін және тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы төлеу және т. б», — деді А. Аймағамбетов.

Материалдық емес ынталандырулар — мұғалімдердің жүктемесін төмендету, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі, мұғалімдердің балаларына балабақшаларға бірінші кезекте орын беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын бекіту. 

ҚР білім және ғылым министрінің айтуынша, мұғалімдердің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және курстарын және тағлымдамадан өтуді таңдау бойынша педагогтың кәсіби құқықтары кеңейтілді.

«Мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы педагогтің жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімге тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған», — деді А. Аймағамбетов.

Сонымен қатар, қолданыстағы шектеулерден басқа, психикалық және мінез-құлықтық ауытқуы бар, әрекетке жарамсыздығына байланысты дәрігердің бақылауында тұрған адамдардың педагогикалық қызметпен айналысуына тыйым салынбақ. 

Бұған қоса, «Кейбір заңнамалық актілерге педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасымен 3 кодекс пен 15 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, заң жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру бойынша коммерциялық емес ұйымдарды енгізу; террористік белсенді аймақтардан келген адамдарды, сондай-ақ экстремистік діни идеологияның ықпалында болған адамдарды әлеуметтік оңалту және басқа да шаралар көзделеді.

«Аталған заң нормалары мұғалімдерге сынып жетекшілігі үшін 173 мың мұғалімнің, ал дәптерлерді тексергені үшін 165 мың мұғалімнің қосымша ақысын екі есеге көбейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде. 212 мыңнан астам қызметкер біліктілік санаты үшін айлық жалақыдан 30-дан 50%-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алады, 7 мың қызметкер магистр дәрежесі үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (25 250 теңге), 18 мың қызметкер тәлімгерлік үшін 1 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде (17 697 теңге) қосымша ақы алатын болады», — деді А. Аймағамбетов. 

100 мыңнан астам адам қосымша 14 күн демалыс алатын болады.

Сонымен қатар Үкімет отырысында Ақмола облысы Никольск орта мектебінің педагогі Нескен Құттыбаева сөз сөйледі, ол аталған заң жобасының маңыздылығына тоқталып өтіп, жаңа заңда мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиетін қамтамасыз етуге үлкен мән берілгенін атап өтті.

 «Бірінші рет заңда мұғалім балаларға білім беріп, оларды тәрбиелеумен айналысуы керек деп нақты жазылған. Педагогтерге жүктемені азайту, қажет емес инстанцияларға есеп беруден босату нормалары қуантады. Алғаш рет тәлімгерлік мұғалімдердің дамуындағы жеке бағыт ретінде қарастырылды. Заңның қабылдануы біздің мектептерге қажет жас және талантты кадрларды тартады деп үміттенеміз», —  деді Н. Құттыбаева.

Сондай-ақ, мәселені қарау барысында Алматы облысының әкімі А. Батталов пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов баяндама жасады. 

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б. Сапарбаев мұғалімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған жаңа заңның нормаларын түсіндіру жұмыстарына үлкен назар аудару қажет екенін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу