Қазақстан «цифрлық» жұмыспен қамту орталықтарының және сырттай мүгедектікті белгілеу форматына көшуде — ҚР ЕХӘҚМ

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін жетілдіру мәселелері қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, Алматы облысының әкімі А. Баталов баяндама жасады.

Мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес әлеуметтік-еңбек саласында 44 қызмет түрін көрсету көзделген, оның 38 қызметі электрондық түрде көрсетіледі, ал оның ішінде, 18-і проактивті түрде, яғни азаматтың қатысуысыз автоматты түрде тағайындалатын төлем, не қызмет. 

Биыл барлығы 9,5 млн қызмет көрсетілді. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электрондық форматқа көшірілетін болады және 2022 жылы 93%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

Мемлекет басшысы зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау процестерін толық цифрландыруды тапсырған болатын. 

Б. Нұрымбетовтың айтуынша, бұл жұмыстың негізгі бағыты – мүмкіндігінше барлық қызметтерді проактивті форматқа көшіру — яғни қызмет көрсету бастамашысы азамат емес, мемлекет болады. 

Барлық қажетті мәліметтер, ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимыл жолымен қалыптасады. Азамат қызметтерді алуға келісім ғана беруі қажет болады. 

«Проактивті қызмет түрі – қызметті берушімен алушының байланысын болдырмайды, қызмет көрсету уақытын барынша қысқартады, қағазды құжаттарды жинаудың және уәкілетті органдар қызметкерлерінің қатысу қажеттілігін жояды», — Б. Нұрымбетов.

Мысалы, бұған дейін көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау үшін өтініш беруші қағаз түріндегі қажетті құжаттарымен Мемлекеттік корпорацияға жүгінетін. Ол үшін алдын-ала сол құжаттарды алу үшін бірнеше ұйымдарға барып, уақытын кетіретін.

Ал бүгінде осы процесті автоматтандырудың нәтижесінде Министрліктің жүйесіне басқа ақпараттық жүйелерден қажетті жеке тұлға және балалардың туылуы мен саны туралы мәліметтер проактивті түрде түседі. 

Сол мәліметтердің негізінде автоматты түрде жәрдемақы тағайындалып, көпбалалы анаға ол туралы SMS-хабарлама жіберіледі.

Жұмыспен қамту саласында Электрондық еңбек биржасы мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану көзделеді.

Бүгінгі таңда жұмыс іздеп жүрген адам жұмыспен қамту орталығына барып, кезекте тұрып, тиісті жұмыс таңдау үшін орталық қызметкерлерімен байланыс жасасуға мәжбүр. Егер жұмыс табылмаса, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет және жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтік төлем алуға жеке өтініш беру қажеттілігі тағы бар. 

«Ендігі кезде барлық жұмыспен қамту шаралары, құралдары, вакансиялар Электрондық еңбек биржасында қалыптасатын болады. Электрондық еңбек биржасының порталы жұмыс іздеп жүрген адамға дағдыларына сәйкес автоматты түрде вакансияларды, “Еңбек” бағдарламаның құралдарын ұсынатын болады. Яғни шешімді ақпараттық жүйе қабылдайды. Жұмыс табылмаған жағдайда ақпараттық жүйе автоматты түрде адамды жұмыссыз ретінде тіркейді де, оған  тиісті жұмыссыздыққа қатысты әлеуметтік төлемді проактивті түрде есептеп тағайындайды. Осылайша, бірнеше қызметті біріктіріп, бизнес процесін жеңілдетіп, біз “цифрлық” жұмыспен қамту орталықтарына көшу жолындамыз», — деп түсіндірді Б. Нұрымбетов.

Келесі іске асырылып жатқан үлкен цифрлық жоба – ол мүгедектікті сырттай белгілеу жүйесі.

Бүгінде өтініш беруші төрт түрлі органға жүгінуге мәжбүр. 

Біріншісі, емханаға — тексеруден өту үшін; 

Екіншісі, медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне — мүгедектікті белгілеу үшін; 

Үшіншісі, әлеуметтік қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын тағайындаған кезде – жергілікті атқарушы органдарға; 

Төртіншісі, жұмысқа орналасу мәселесімен — жұмыспен қамту орталығына бару.

Осы қызмет толық автоматтандырылғаннан кейін өтініш беруші тек емханаға тексерілуге баруы жеткілікті болады. Ал осы қызметтің басқа сатылары, ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы проактивтік түрде іске асырылады. 

Осылайша мүгедектігі бар адамдарға қызметті пайдалану уақыты едәуір  қысқарып, қызметтер кешенді және проактивті түрде көрсетілетін болады. 

Сонымен бірге, азаматтырдың әлеуметтік мәртебесі мен құжаттарды цифрлау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бізде азаматтың  әлеуметтік саласындағы барлық деректері бір жерге жиналған. 

Осы жылдың соңына дейін зейнеткердің, мүгедектігі бар адамның, атаулы әлеуметтік көмек алушының, жұмыссыздың, көпбалалы ананың, қандастың мәліметтері «электрондық үкіметтің» мобильді қолданбасындағы (m-Gov) жеке кабинетте қолжетімді болады. 

Аталған жобаны іске асыру қағазды құжаттардан бас тартуға және азаматтарға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, әлеуметтік мәртебесін растауға мүмкіндік береді. 

Алдағы уақытта жоғарыда аталған қызметтердің бизнес-процестерін толықтай цифрлау үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе келесі жұмыстар атқарылады: 

  • денсаулық сақтау жүйесінде — 088/у анықтамасы, денсаулық паспорты, уақытша еңбекке жарамсыздық парағы, техникалық оңалту құралдарын таңдау параметрлері бойынша мәлеметтерді цифлау; 

  • мұрағаттық мәліметтер бойынша — еңбек өтіліне қатысты құжаттардың, 2008 жылға дейінгі азаматтық хал актілердің, кеңес кезіндегіні қоса алғанда, білім жөніндегі дипломдардың цифлық нұсқаларын жасау қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу