Қазақстан көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу бойынша жоспарларды таныстырды

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің «ТМД елдеріндегі «жасыл» күн тәртібі: дамудағы ынтымақтастық» халықаралық экономикалық форумының жұмысына қатысты.

Ол Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы экономиканы терең декарбонизациялау жолында бағдарға айналатынын және мақсатқа қол жеткізу бойынша іс-қимылдар негізі қаланатынын хабарлады.

«Сарапшылардың есептеулері бойынша Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу үшін Қазақстанның ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2030 жылға дейін 38,9%-ға төмендеуі тиіс, электр энергиясын өндіру құрылымындағы көмірдің үлесі қуаттардың табиғи жойылуы есебінен қазіргі 68,9%-дан 40,1%-ға дейін төмендеуі тиіс», — деді Б. Сұлтанов.

Бұл ретте электр көлігін, тұрақты ауыл шаруашылығын және экономиканың басқа да салаларын дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жағымсыз салдарды азайту мақсатында қазақстандық ұлттық заңнамада климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары енгізілді. Бұл жергілікті деңгейде климатқа төзімділікті қалыптастырудың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Сұлтанов сондай-ақ Қазақстан бірнеше халықаралық жобалар аясында шығарындылар саудасының ұлттық жүйесін еуропалық жүйеге жақындастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Ол аяқталғаннан кейін Қазақстанға халықаралық көміртегі нарығы қолжетімді болады. Шығарындылардың қазақстандық сауда жүйесін еуропалық жүйеге жақындату мүмкіндігі Париж келісімі бойынша міндеттемелерге қол жеткізу үшін парниктік газ шығарындыларын ішкі азайтуды ынталандыруға мүмкіндік береді.

Жоғары бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан қажетті инвестицияларды іздей отырып, жаһандық әлемдік трендтерді ұстануға ұмтылады.

«Бүгінде әлем елдердің батыл әрекеттеріне зәру. Климаттың өзгеруіне байланысты жаһандық проблеманы шешу барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуын және тартылуын талап етеді, сондықтан осы мақсатқа қол жеткізу біздің бірлескен және жемісті жұмысымызға тікелей байланысты», — деді Б. Сұлтанов.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу