Қазақстанда Үкімет пен Ұлттық Банктің экономикалық өсімді қалпына келтіру және халықты қолдау бойынша бірлескен жоспары қабылданады

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 2020 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы баяндады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы экономикалық өсуді қалпына келтіру, жұмыспен қамту мен халықтың табысын қолдау жөнінде нақты міндеттер қойды.

Бірінші. Мемлекет басшысының экономика салаларын және халықты қолдаудың қосымша шаралар пакетін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен іс-қимыл жоспары жасалады. Жоспар жобасын Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте қарастырып, Кеңес мақұлдаған жағдайда бекіту ұсынылады.

Екінші. Тікелей инвестицияларды тарту үшін тұрақты ортаны қалыптастыру мақсатында стратегиялық инвесторлар үшін шарттарды сақтаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша заңнамаға қажетті өзгерістер Мәжілістің қарауына енгізіледі.

Үшінші. Мемлекеттік компаниялардың бюджетке дивидендтерді төлеуін тұрақты негізде арттыру мәселесі зерделенеді. Жүргізілген талдау негізінде тиісті нормативтік құқықтық акт әзірленетін болады.

Төртінші. Бюджеттің кіріс бөлігінің тиімділігін арттыру үшін салықтық преференциялар мен жеңілдіктер талданады.

Бесінші. Қатаң бюджет тәртібін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңда кепілдендірілген трансферттердің нысаналы сипаты айқындалады. Тек әлеуметтік мәселелер мен инфрақұрылымдық дамуға бағытталады.

Алтыншы. Мемлекет басшысы қор нарығын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ұлттық экономика министрлігі Қаржы агенттігімен, Ұлттық Банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп Президент Әкімшілігіне қор нарығын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат береді.

Жетінші. Мемлекет басшысының мемлекеттің фискалдық және экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының әлеуметтік-экономикалық тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі.

Сегізінші. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын тиімді іске асыру бойынша бизнес үшін міндеттемелерді енгізе отырып, бағдарламаның нақты индикаторлары мен стратегиялық міндеттері айқындалады.

Тоғызыншы. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша биылғы қыркүйекте «ақылды реттеу» элементтерін ескере отырып, «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервисі толыққанды іске қосылады. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау мен консультациялар алуын жеңілдету мақсатында бизнес үшін «Біріңғай терезенің» толық жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі.

Оныншы. Мемлекеттік қолдаудан барынша нәтиже алу үшін, мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері қабылдаған міндеттемелерді жедел мониторингілеу үшін цифрландыру құралдары белсенді пайдаланылады.

Жалпы, Қаржы агенттігімен және Ұлттық Банкпен бірлесе отырып қазіргі экономикалық ахуалға мониторинг жүргізу және тиісті шараларды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу