Арыстағы әрбір үй тұрақты мониторингке алынған — Қ. Өскенбаев

2019 жылғы 2 шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысы Арыс қаласында 80 үйді жөндеу жұмыстары аяқталды.  Жақын арада құрылысшылар тағы 349 тұрғын үйді қалпына келтіреді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша қаланы қалпына келтіру жөніндегі ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам құрылыс компаниясы немесе 1037 маман және 54 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бастаған жұмыс тобы қазір Арыс қаласында жүр.

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдында үлкен міндет тұр – тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Үкіметтің тапсырмасы бойынша министрлік тарапынан сарапшылардың үлкен тобы жіберілді – бұл біздің инженерлер мен сметашылар, яғни құрылыс саласындағы ең тәжірибелі мамандар, олар бірінші кезекте жеке және көп пәтерлі үйлерді тексерді», — деді Қайырбек Өскенбаев.

ҚР ИИДМ вице-министрінің айтуынша, Арыс қаласындағы барлық үйлер бақылауға және күнделікті мониторингке алынған.

«Біз әрбір тұрғын үйді тұрақты бақылауға алдық. Егер тіпті үйінде желдеткіш немесе терезенің шынысы сынған болса, біз мұның барлығын ескердік және жөндеуге мұқтаж тұрғын үй ретінде тіркеуге алдық. Сондықтан әрбір үй бойынша жекелеген жұмыстар жүргізіледі, бір жерде әйнек салу, бір жерде шатырды ауыстыру секілді жұмыстар жүргізілуде. Кейбір үйлерді бұзып, қайта салу керек. Қазір шығын сомасын және қалпына келтіру үшін қажетті қаражатты анықтау үшін бағалау жүргіземіз», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Белгілі болғандай, қала 17 секторға бөлініп, оларға еліміздің барлық өңірлері мен Республикалық маңызы бар қалаларды бекітіп берді. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша шығындардың бір бөлігін бекітілген жергілікті атқарушы орган өзіне алады, шығындардың қалған бөлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен жабылады. Айта кету керек, үйлерді қалпына келтіруге BI Group құрылыс компаниясы ниет білдірді. Оларға 100 жеке тұрғын үй бөлінді. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметі бойынша, Арыс қаласындағы барлық үйлердің 85% жөндеуді қажет етеді.

Қайырбек Өскенбаев, сондай-ақ, күн сайын сағат 19.00-де барлық жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй қорын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндайтынын атап өтті.

Өз кезегінде, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру «Самұрық-Қазына» қоры есебінен жүргізіледі, ал Арыс қаласының кәсіпкерлеріне «Атамекен» ҰКП арқылы қаражат бағыттайтын ірі бизнес өкілдері көмектесуге дайын.

Естеріңізге сала кетейік, барлық бүлінген және бұзылған нысандар 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу