Олжас Бектенов ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниязбен кездесті

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов «ҚР-ҚХР сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбындағы экспорттаушылардың екінші форумына қатысу үшін Астанаға келген ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитеті хатшысының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниазбен кездесті.

Келіссөз барысында Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $31,5 млрд болды. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы еліміздің төрт облысымен шектеседі. ҚХР-дың жалпы тауар айналымының 64%-дан астамы немесе $20,3 млрд-ы автономиялық ауданның үлесіне тиесілі.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастықтың нығайып жатқанын атап өтті. 2005 жылдан бастап ҚХР-дан инвестициялардың жалпы ағыны $25 млрд-қа жуықтады. Өткен жылдың 9 айында тікелей қытайлық инвестициялар көлемі 37%-ға өсті. Бүгінгі таңда 45 екіжақты жобадан тұратын тізімнің жалпы инвестициясы $14,5 млрд-тан астам соманы құрайды.

«Арадағы өзара іс-қимылдың маңызды бағыты – жаңа бірлескен өнеркәсіптік жобаларға негізделген, оның ішінде мұнай химиясы және металлургия салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту», — деді Олжас Бектенов. Ол сондай-ақ сауда қатынастарын әртараптандыру әлеуеті зор екенін атап өтті.

Келіссөз барысында Олжас Бектенов пен Эркин Тунияз өзара іс-қимылды дамытудың мүмкіндіктері ретінде транзиттік көлік, мәдени және өңіраралық бағыттарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және туризм салаларын атап өтті.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-Министрі #Инвестициялар #Сауда-экономикалық ынтымақтастық #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу