12 Шілде 2019, 17:29
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуі өтті. Әңгімелесу барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Бішкекте ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық кеңесінің VIII отырысына қатысты.
Келіссөздер барысында екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша барынша пікір алмасылып, перспективалы бағыттар айқындалды және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірлескен жоспарлар белгіленді. Өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық ынтымақтастықты, су-энергетика саласын дамыту, шекара маңы ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ цифрландыру және ғарыш салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
«Қазақстан Республикасы Қырғызстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Қазақстанның Қырғыз Республикасының тауар айналымындағы үлесі 11%-дан асады, оның ішінде экспортта - 14%», - деді Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев.
2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 13%-ға өсіп, $850 млн-ға жуық болды. Қазіргі кезде Қазақстан және Қырғызстан Үкіметтері 2020 жылға қарай өзара сауда көлемін $1 млрд-қа дейін арттыру үшін жұмыстар жүргізуде.
Өз кезегінде, ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин екіжақты және өңірлік сауда салаларындағы едәуір әлеуетті атап өтіп, іскерлік ахуалды жақсарту және шағын және орта бизнесті қолдау арқылы орталық-азиялық аймаққа инвестициялар тарту бойынша елдердің бірлескен күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын жеткізді.
«Біздің тауар айналымын біршама арттыру үшін қолда бар әлеуетті ашу үшін барлық мүмкіндіктеріміз бар, - деді Асқар Мамин. - Үкіметаралық кеңес отырысында қабылданған шешімдер біздің елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге қомақты үлесін қосып, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға салмақты серпін береді».
Қазақстан мен Қырғызстан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуды мақсат етеді. Үкіметтік делегациялар тауар айналымын арттыру және жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту, экономиканың басымдықты салаларында бірлескен кәсіпорындар құру бойынша жұмыстарды жандандыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қырғызстанға ресми сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды:
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу