ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Бішкекте қазақстандық-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің VIII отырысына қатысты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесуі өтті. Әңгімелесу барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. 

Бішкекте ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық кеңесінің VIII отырысына қатысты. 

Келіссөздер барысында екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша барынша пікір алмасылып, перспективалы бағыттар айқындалды және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірлескен жоспарлар белгіленді. Өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық ынтымақтастықты, су-энергетика саласын дамыту, шекара маңы ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ цифрландыру және ғарыш салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

«Қазақстан Республикасы Қырғызстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Қазақстанның Қырғыз Республикасының тауар айналымындағы үлесі 11%-дан асады, оның ішінде экспортта - 14%», - деді Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев.

2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 13%-ға өсіп,  $850 млн-ға жуық болды. Қазіргі кезде Қазақстан және Қырғызстан Үкіметтері 2020 жылға қарай өзара сауда көлемін $1 млрд-қа дейін арттыру үшін жұмыстар жүргізуде. 

Өз кезегінде, ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин екіжақты және өңірлік сауда салаларындағы едәуір әлеуетті атап өтіп, іскерлік ахуалды жақсарту және шағын және орта бизнесті қолдау арқылы орталық-азиялық аймаққа инвестициялар тарту бойынша елдердің бірлескен күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын жеткізді.  

«Біздің тауар айналымын біршама арттыру үшін қолда бар әлеуетті ашу үшін барлық мүмкіндіктеріміз бар, - деді Асқар Мамин. - Үкіметаралық кеңес отырысында қабылданған шешімдер біздің елдеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге қомақты үлесін қосып, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға салмақты серпін береді».

Қазақстан мен Қырғызстан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуды мақсат етеді. Үкіметтік делегациялар тауар айналымын арттыру және жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту, экономиканың басымдықты салаларында бірлескен кәсіпорындар құру бойынша жұмыстарды жандандыру  бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Қырғызстанға ресми сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды: 

  • «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «AAEngineering Group» ЖШС және «Глобал Джамгыр Майнинг» ЖШҚ арасындағы ынтымақтастық туралы келісім; 
  • «Элет Агрохолдинг» ЖШҚ мен «Continental Agro Trade» (kontinental  Agro Trade) ЖШС арасында ауыл шаруашылығы өнімінің саудасы саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
  • «Дордой Базары» ЖШС мен «Continental Agro Trade» ЖШС арасында  ауыл шаруашылығы өнімінің саудасы саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
  • «Хайтун» ЖШҚ мен «Continental Agro Trade» ЖШС арасында  ауыл шаруашылығы өнімінің саудасы саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум; 
  • «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен «Кепілдік қоры» ААҚ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 
  • Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік салық қызметінің арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен салықтық әкімшілік етудің іс-қимыл жоспары; 
  • Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қырғыз Республикасының Көлік және жолдар министрлігі арасында автомобиль жолдарын салу және жобалау аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  • 2012 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама; 
  • Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық Кеңесінің VIII отырысының хаттамасы. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу