2020 жылы инвестициялар экономикалық өрлеудің негізгі қозғаушы күшіне айналады — Р. Дәленов 

ҚР Үкіметі алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Мемлекет басшысының биылғы 24 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Министр 2019 жылы экономиканың өсімі 4,5%-ды құрағанын айтты. Базалық салалар жақсы нәтижелер көрсетті. Осы жылы 4,7-5% деңгейінде сапалы қарқынды өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр. Биыл инвестициялар экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болады.

«Біздің міндетіміз – инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 20%-на дейін жеткізу. Бұған тұрғын үй салу көлемін ұлғайту ықпал етеді, 2020 жылы біз 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млн-ға артық. Бұған сондай-ақ “Нұрлы жол” бағдарламасын іске асыру әсер ететін болады, 2,5 мыңнан астам республикалық маңызы бар автожолдар салынады және реконструкцияланады. Индустрияландыру картасы бойынша 1 трлн теңгеден астам сомаға 120 жоба жүзеге асырылады. АӨК дамыту аясында – 500 млрд теңгеге 94 жоба. Сондай-ақ, заңнамаға инвестициялық белсенділікті және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыратын түзетулер жекелей дайындалатын болады», — деді Р. Дәленов.

Оның айтуынша, биыл бәсекелестік құралдарының бірі болып табылатын биржалық сауданы дамыту бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады, ол еліміздің дұрыс экономикасының жұмыс істеуі үшін берік негіз құруға әсер етеді.

«Менің ойымша, аса стандартталған тауарлар биржалық тауарлар болуы тиіс. Бұл көмір, газ, мұнай, мұнай өнімдері. Әр түрлі дәрежеде бұл мәселе пысықталып жатыр. Ең бастысы, осы тауарларды биржада өткізуді қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар жеткізушілер тарапынан кеңінен ұсынылуын қамтамасыз ету қажет. Талдау жұмыстары көрсеткендей, көмір биржада сатылады, бірақ ол сатып алушылардың шектеулі санына, жеткізушілердің шектеулі санына жатады, сондықтан биржалық сауданы дамытып қана қоймай, нарықты қалай әртүрлі етіп жасау ережелерін жетілдіру керек», — деді ұлттық экономика министрі.

Р. Дәленов атап өткендей, ведомство бәсекелестікті дамытудағы кедергілердің болуына қатысты 20 тауарлық нарықты сараптады. Әдеттегі себептері ‒ шектеулердің болуы, яғни, жеткізушілері көп, ал тұтынушылары аз шағын нарық, немесе сол бір ғана компаниялардың сатып алуларды жүргізуі, мемлекет үлесінің болуы немесе нарықты шектен тыс реттеуі. 

«Өткен кезеңде Монополияға қарсы күрес комитеті нарық қатысушыларына бәсекелесті бұзғаны туралы 193 хабарлама жіберген. Комитет нарықта монополияның болуына мониторинг жүргізеді, егер мұндай жағдайлар анықталып жатса, біз тексеруге шығамыз. Мұндай кедергілерді жою үшін біз ЭЫДҰ-ның стандарттарына сай келетін арнайы Жол картасын әзірледік. Сараптама жүргізген соң, біз жоюға болатын 70 негізгі кедергіні анықтадық. Олар бойынша бизнес ортаны жетілдіру жөніндегі 8 пакет аясында түзетулер әзірленіп қойды», — деп нақтылады министр.

Р. Дәленов сонымен қатар салық саясатында инвестициялық қызметті жандандыру басымдыққа ие болып қала беретінін атап айтты. 

«Біз инвестициялық қызметке кедергі келтіретін жайттың бәрін қарастырып, оны жандыратын бағыттың бәрін жақсартуымыз керек. Бүгінде аграрлық секторға салық салу мәселесі қарастырылуда, аграрлық салық бойынша ұсыныстар өте көп. Сонымен қатар экспортты ынталандыру мәселесі қойылып отыр», — деді Р. Дәленов.

Бұдан басқа, ведомство салық жеңілдіктерін олардың сұранысқа ие болуына қарай талдаған, себебі, кейбір салық жеңілдіктері бүгінде өзекті емес. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу