Ә. Смайылов: жұмыспен қамту және халық табысы — ел бюджетін нақтылаудың негізгі міндеті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус инфекциясының пандемиясы туралы хабарлауы, экономикалық дамудың баяулауы және мұнай мен мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі еліміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін қайта қарауға әкелді, деді Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары ‒ қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкіметте өткен брифингте.

«Жыл басынан бері әлемде коронавирус инфекциясының таралуына және көптеген елдерде іскерлік белсенділіктің төмендеуіне байланысты, сәйкесінше өндіріс де төмендеді, мұнай мен металл бағасы да төмендеді. Біздің өнімге деген сұраныс төмендеді, сәйкесінше Қазақстанда да карантиндік іс-шаралар қолға алынып, ТЖ режимі енгізілді. Осының барлығы үшін осы жылғы әлеуметтік-экономикалық даму болжамын түзету қажет болды», — деді Ә. Смайылов.

Осы жылдың сәуір айында макроэкономикалық көрсеткіштер қайта қаралып, 2020 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланды.

«Атап айтқанда, атаулы ЖІӨ 4,8 трлн теңгеге 69,7 трлн теңгеге дейін төмендеді. Мұнай бағасы жыл соңына дейін барреліне 55-тен 20 долларға дейін төмендетілді. Доллардың орташа жылдық есептік бағамы 440 теңгеге дейін және инфляция дәлізінің деңгейі 9-11%-ға өсті. Бұл болжам нашар көрсеткіштерге дайын болып, бірақ жақсыға үміттену қажеттігін көрсетті. Бұл бюджетті нақтылаудың негізгі міндеті елдегі жұмыспен қамтуды, халықтың табысын қолдау, бизнесті қолдау және республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету болды», — деп атап өтті қаржы министрі.

Республикалық бюджеттің параметрлері былай қалыптасты:

  • түсімдер ‒ 11,8 трлн теңге (516 млрд теңгеге ұлғаюмен);

  • шығыстар ‒ 14,3 трлн теңге (1,4 трлн теңгеге ұлғаюмен);

  • тапшылық ‒ 2,4 трлн тг немесе ЖІӨ-ге 3,5%.

«Біз әлемдегі және еліміздегі эпидемиологиялық және экономикалық ахуал қалай қалыптасатынына мониторинг жүргіземіз және макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаймыз. Жарты жылдықтың және 9 айдың қорытындысы бойынша күзде бюджетті нақтылау қажет бола ма екенін көреміз. Уақыт көрсетеді», — деді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу