Монополияға қарсы комитет көмір нарығындағы бағалардың келісілуін болдырмау үшін шаралар қолдануда

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ҰЭМ Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Әлжан көмір нарығында сөз байласудың пайда болуының негізгі себептері мен аталған мәселені реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Монополияға қарсы органның пікірінше, көмір өндіретін компаниялар мен олармен үлестес трейдерлердің биржалық сауда-саттықта сөз байласуы — халық үшін көмір бағасының жоғары болуының басты себебі. Қазіргі таңда Комитет Мемлекет басшысының көмір бағасының өсу фактісі бойынша шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмасын орындау мақсатында тауар биржаларына 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі биржалық мәмілелер туралы толық ақпарат ұсынуға сұратым жіберді.

«Қай биржалық мәмілелер жүргізілгенін анықтау қажет, бағаның өсуінің негізділігі, баға саясаты, динамика қаралады, сәйкесінше, егер қандай да бір фактілер анықталған болса, Комитет монополияға қарсы әрекет ету фактілерін қабылдайды», — деді Е. Әлжан.

Жыл сайын монополияға қарсы орган көмір нарығының субъектілерін бағаны келісіп қойғаны үшін жауапкершілікке тартады. Осылайша, 2017-2018 жылдары 50 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұл мөлшері шамамен 358 млн теңгені құрады. 3 көмір өндіруші компанияға және 96 көтерме және бөлшек сауда жеткізушісіне қатысты 21 тергеу жұмыстары жүргізілді, олар бойынша 12 жағдайда монополияға қарсы бұзушылық фактілері расталды.

«Көмір бағасын мемлекет реттемейді, бағаны нарық субъектілері өздері белгілейді. Көмірдің бағасын көтеру бойынша сөз байласуға келер болсақ, көмір нарығындағы басты себеп ‒ оның жоғары шоғырлануы. Төрт ірі жеткізуші ‒ «Шұбаркөл көмір» АҚ ‒ 28%, «Қаражыра» АҚ ‒ 25%, «Майкүбен Вест» ЖШС ‒ 25%, «Богатырь Көмір» ЖШС ‒ 11%. Жалпы, коммуналдық-тұрмыстық көмірді көмір өндіретін 16 компания сатады», — деді Е. Әлжан.

Өз кезегінде, ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов көмір нарығында  сөз байласу көмірді жеткізудің нақты кестесінің болмауына байланысты орын алатынын атап өтті.

Шұғыл деректер бойынша, осы жылдың 28 қазанындағы жағдай бойынша 88,2 млн тонна көмір өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (90,3 млн тонна) салыстырғанда 98% құрайды. Осы кезең ішінде елдің ішкі нарығына көмір жеткізілімі 61 млн тоннаны құрады, оның ішінде: 46 млн тонна көмір энергия өндіруші кәсіпорындарға, 5,6 млн тонна өнеркәсіптік кәсіпорындарға жөнелтілді, 9,1 млн тонна коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа жөнелтілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу