Қазақстанда «Президенттік кадрлық резерв» құрудың мақсаты туралы — ҚР МҚІА

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру саласында Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру туралы айтып берді. 

А. Жайылғанова Агенттіктің Елбасы белгілеген мемлекеттік қызмет саласындағы басты міндеттерді  — мемлекеттік органдардың жұмысының тиімділігін түбегейлі арттыру бойынша жұмыстарды күн сайын жүргізетінін айтты. 

«Бірқатар жұмыс жүргізілді, дегенмен алда атқарылар жұмыстар одан да көп. Тұрғындардың сұранысын ескере отырып тиімді шешімдер қабылдауды талап ететін жаңа міндеттер бар», — деді А. Жайылғанова.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік қызметте жас басқарушыларды ілгерлету үшін «Президенттік кадрлық резерв» құрылатынын айтқан болатын, оған конкурстық негізде 300 жас маман іріктеліп алынады. 

Мемлекет басшысы «біз өміріміздің барлық саласын жаңартуға қабілеттіміз» деген болатын. Бұл тұрғыда жаңғыру ең алдымен мемлекеттік қызмет саласында жүргізілуі қажет. Аталған бағыттағы алғашқы қадам - президенттің жас дарынды басқарушылар резервін құру.

«Біз басқарушы құрамды жетекшілермен жаңартуды көздейміз. Олар кеңейтілген деректермен жұмыс істеуге, өзгеше ойлай білуге және алдын ала болжауға мүмкіндік беретін технологияларды тиімді пайдалануы тиіс», — деді агенттік басшысы.

Қазақстандағы персоналды басқарудағы үрдістер туралы зерттеулер көрсеткендей, ХХІ ғасыр көшбасшыларына қойылатын негізгі талап - «белгісіздік жағдайында басқара білу». Жаңа идеяларды ұсынуға қабілетті, қалыптасқан жағдайды жаңа көзқараспен бағалай білетін жас жетекшілер пулын кеңейте отырып, біз жылдам шешім қабылдауға және жұмыс жағдайына тез бейімделе алатын көшбасшылар таңдауға ниеттіміз. Әрі, іріктеу тек мемлекеттік қызметшілерден ғана емес, экономиканың барлық секторларының өкілдері арасында жүргізіледі. 

Президенттің жас басқарушылар резервін құрудан күтілетін нәтижелер туралы айта отырып, А. Жайылғанова бірқатар оң сәттерді атап өтті. Біріншіден, мемлекеттік міндеттерді шешуге жаңа жас менеджерлердің әлеуетін пайдаланып, біз мемлекеттік аппарат жұмысын сапалы түрде жаңа деңгейге көтере аламыз. Екіншіден, резерв - жастар үшін әлеуметтік жеделсаты. Резерв құрамын іріктеу тәртібін біз қазір қарап жатырмыз, түрлі нұсқалар назарға алынуда.

«Сондай-ақ, біз ұсыныстарға ашықпыз және резервті қалыптастыру және оның әлеуетін пайдалану туралы тың ойларды қарастыруға дайынбыз. Президенттік резервті құру мемлекеттік қызметке мемлекеттік аппараттың және ең алдымен халықтың үмітін ақтайтын болашағынан зор үміт күттіретін кадрларды тартуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», — деді агенттік төрағасы.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу