«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы: Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы 18 мың отбасы жаңа пәтер кілттерін алды

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй беру туралы айтып берді. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша биыл «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ табысы төмен отбасылар үшін «Бақытты отбасы» жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарламада алғаш рет әлеуметтік әділеттілік қағидасы қолданылды. Бағдарламаға соңғы жарты жылда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы кірісі 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады.

«Бүгін бізге осындай отбасылардан 5 мың өтініш келіп түсті. Олардың 2,5 мыңы мақұлданды. Олар қазір пәтер іздеп, құжаттарын жинап жатыр. 455 отбасы жаңа үйлеріне көшті», — деді Л. Ибрагимова.

Л. Ибрагимова сонымен қатар, егер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана алуға рұқсат алған адамдарда бастапқы жарна үшін төлейтін қаражаттары жетіспесе, олар әкімдіктердің тұрғын үй сертификаттарына сенім арта алатынын айтты. Бүгінгі таңда Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдіктері 1 миллион теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттарын бөлді.

«Көш бастап тұрған үш өңірді атап өткім келеді. Бізге Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан 800-ден астам, Алматыдан – 650, Ақтөбе мен Ақтөбе облысынан 542 өтінім келіп түсті», — деді Л. Ибрагимова.

ҚТҚЖБ деректеріне сәйкес, жыл соңына дейін 5 мың қазақстандық отбасы өз пәтерлерінің кілттерін алады.

2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жоспарланған мемлекеттік көмек көлемі ұлғайтылады. Енді 10 мың қазақстандық отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана сатып алу үшін жылдық 2%-бен жеңілдетілген несие алады. Алғашқы жарна 10% құрайды.

Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырудың 2,5 жылында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы 18 235 отбасы жаңа пәтер кілттеріне ие болды.

«Жыл соңына дейін “Бақытты отбасы” мен әкімдіктерден берілетін пәтерлерді ескере отырып, 25 мың қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлайды деп ойлаймыз. Отбасының орташа коэффициенті 3,8 болған кезде 100 мыңға жуық қазақстандық 2,5 жылда жаңадан қоныстанушылар болды», — деді Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы.

Қазіргі таңда Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесінде 1 416 000 салымшы тіркелген. Ағымдағы жылдың 8 айында 210 мыңнан астам жаңа депозит ашылды.




 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу