АӘК-ті заңсыз тағайындау туралы материалдар құқық қорғау органдарына беріледі — Г. Әбдіқалықова

2000-ға жуық қазақстандық заңсыз атаулы көмек алды. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықова осыған ұқсас фактілерді болдырмау шаралары туралы айтып берді.

Вице-премьердің айтуынша, бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті 1,4 миллион адам тұратын 240 мыңнан астам отбасы алады.

«Облыстық құрылымдарда өтініш бастапқыда азырақ болды – шамамен 1 млн адам. Сондықтан да біз бұрмалау, заңсыз тағайындау фактілері бар екенін көріп отырмыз. Өкінішке орай, елімізде қандай-да бір жақсы нәрсе қабылданған жағдайда, бірден осыдан пайда тапқысы келетін, жақсы төлем – әр отбасына 105 мың теңге алғысы келетіндер шыға келеді. Сондықтан олар түрлі шараларға барады: бір жерде олар табысын жасырады, бір жерде жалған ажырасулар белгіленеді», — деді Г. Әбдіқалықова.

Осындай алаяқтық фактілерін анықтау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан бірнеше топ құрылды, олар өңірлерді аралайды. Бірінші тексеру өткізілді. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды.

«Бірінші топ суреттер түсірді: кейбіреулерінің коттедждері бар, машиналары жақсы, кірістері бар. Жалпы алғанда, облыстарда шамамен 2000 ұқсас фактілер анықталды. Жаппай тексеріс жүргізіліп жатыр, сондықтан фактілер әлі де анықталуы мүмкін», — деді Г. Әбдіқалықова.

Сонымен бірге, ол кейбір азаматтар заң бұзушылық фактілері анықталғаннан кейін, оларға заңсыз төленген қаражатты өз еріктерімен қайтарып беретіндерін хабарлады. Төлемдерді қайтарудан бас тартқандармен құқық қорғау органдары жұмысты жалғастыруда, олар істерді сотқа тапсыруға құқылы.

Сонымен бірге, вице-премьер алаяқтық фактілері көбінесе тұрғындар саны көп өңірлерде — Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында тіркелгенін атап өтті.

Г. Әбдіқалықова сонымен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. МӘМС қатысушысы болу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелу қажет. Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, бүгінде халықтың 4%-ы еш жерде тіркелмеген.

«Сондықтан біз осы жартыжылдықта ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Халықтың осы 4%-ы медициналық ұйымдарға тұрғылықты жері бойынша немесе жұмыс орны бойынша тіркелуі керек. Сонда олар е-Government порталында тіркеліп, жаңа автоматтандырылған жүйеге енгізіледі», — деп түсіндірді Г. Әбдіқалықова.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу