Елбасының жаңа әлеуметтік саясатын тұрғындар толық қолдайды — Г. Әбдіқалықова өңірлік сапарлардың нәтижелері туралы

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Үкіметтік жұмыс тобының Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру мәселелері бойынша өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы туралы баяндады.

 

Биылғы 12 наурыздан бастап 4 мамыр аралығында Үкіметтік жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарымен барып қайтты. 

«Бүгінгі таңда біз 263 кездесу өткіздік, 157 елді мекенде болдық, 269 адамды жеке қабылдап, кірісі төмен 72 отбасыға бардық. Жалпы алғанда 27 000-ға жуық адам қамтылды», — деді Г. Әбдіқалықова. 

Кездесулер негізінен көп балалы және аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларының қызметкерлерімен, қалалар және ауылдардың тұрғындармен өткізілді.

Бұдан өзге, аудандардың әкімдерімен, кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кеңестер өткізілді. Әлеуметтік-еңбек саясатының мәселелері қаралды. Төмен жалақы алатын жұмысшылардың жалақысын көтеру, мерзімі өткен жалақы бойынша берешекті өтеу, еңбек қауіпсіздігі жағдайларын сақтау, өндірістік жарақаттануды төмендету, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және т.б. мәселелер талқыланды.

Г. Әбдіқалықова бизнестің өз қызметкерлерімен қоса, жергілікті халықты әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты бастамасын ерекше атап өтті.

Мәселен, Алматы облысында мұндай кәсіпкерлердің бірі - Жамбыл ауданындағы «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов. Ол ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтумен қатар, әлеуметтік салаға үнемі көмек көрсетіп тұрады. Ол 50 орынға арналған балабақша, заманауи футбол алаңын, сондай-ақ «Болашақ» әмбебап сауда орталығын салған. Ең бастысы, 2008 жылдан бастап ол көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ өзінің шаруашылығының жұмысшыларына арнап 105 үй салған.

Мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік күн тәртібіндегі басқа да мәселелерді қарау бойынша кеңестер өткізілді. Мысалы, Қостанай облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын, Қызылорда облысында Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, Ақмола облысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, Жамбыл облысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек мәселелері, Солтүстік Қазақстан облысында еңбек ресурстарының жұмылғыштығы мәселелері қаралды, Қарағанды облысында Республикалық үшжақты комиссияның отырысы өткізілді, Шығыс Қазақстан облысында мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу бойынша құжаттарды қабылдауға дайындық тұрғысынан Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстары тексерілді. Бүгінде талап етілетін құжаттарды оңтайландыру есебінен АӘК тағайындау рәсімін жеңілдетуге бағытталған «Е-Халық» ақпараттық жүйесі енгізілді.

«Бастапқыда кейбір қиындықтар туындады. Бұл, бірінші кезекте, мемлекеттік органдарға жүгінген адамдардың көптігімен түсіндірілді. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі азаматтар туралы ақпараттың толықтығы туралы сұрақтар қозғалды. Тұрғындарды тіркеу бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Тіркелмей тұрып АӘК алуға үміттенген де адамдар болды. Заңдарды білмеу негізінде көптеген сұрақтар қойылды. Бүгінде бұл мәселелер бірте-бірте шешіліп жатыр», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Мемлекеттік органдардың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде бүгінде АӘК 160,4 мың отбасыға төленді. Бұл тағайындалған төлемдердің 100%.

Биылғы мамыр айынан бастап жалға берілетін тұрғын үй беріле бастады. 1 мамырда 249 көп балалы отбасы жаңа пәтер алды. Жалпы, мамыр айында бір жылға жоспарланған 7 мыңнан астам пәтердің 1316-сын беру жоспарланып отыр.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған аз қамтылған және көп балалы отбасылар араланды. Осындай отбасылардың бірі бес бала тәрбиелеп отырған, Батыс Қазақстан облысындағы көп балалы отбасы Гүлшат Мұратқазиеваның отбасы. Ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеке қосалқы шаруашылық құруға несие алған, 12 ірі қара мал ұстайды, сүт өнімдерін өңдейді.

«Атап өтерлігі, қосалқы шаруашылықтарда отбасылардың барлық мүшелері, оның ішінде балалар да жұмыспен қамтылған. Осылайша, балалар отбасында еңбек арқылы тәрбиеленді. Бұл нағыз қазақстандық үлгілі отбасы», — деді Г. Әбдіқалықова.

Шығыс Қазақстан облысында жұмыс тобы 14 баланы тәрбиелеп Ольга Кандыбаның отбасына барды. Бүгінде олар 7 жер телімінде қосалқы шаруашылықтарын дамытып отыр. Жамбыл облысында тұратын Анар Бексұлтанованың туа біткен кемістігі бар, екі қолы жоқ. Өзінің проблемасына қарамастан, ол құрдастары тәрізді, кәдімгі мектепте оқыды, ЖОО бітірді. 2012 жылы той бұйымдарын өндіретін шағын цех ашты. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 3 млн теңге алып, өндірісін кеңейтті. Қазір оның төрт қызметкері бар.

«Жалпы, сапар қорытындылары тұрғындардың Тұңғыш Президенттің жаңа әлеуметтік саясатын толық қолдайтынын көрсетіп отыр. Нәтижесінде өз бизнесімен айналысқысы келетін адамдар саны артып, жаңа жұмыс орындары құрылады», — деді вице-премьер.

Сонымен қоса, Г. Әбдіқалықова әлеуметтік масылдыққа жол берілмейтініне және жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігіне тоқталды. ҚР Констиуциясының 27-бабында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» делінген. Ал «Неке және отбасы туралы» Кодекстің «Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жөніндегі міндеттері»деп аталатын 138-бабында «Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті» делінген.

Сонымен қоса, Г. Әбдіқалықованың айтуынша, бүгінде ажырасулар мен алименттер төлемеу мәселесі өзекті болып тұр.

«Тұрғындармен кездесулер және аз қамтылған отбасыларды аралау кезінде біз әрбір екінші әйелдің тағдыр талқысына тасталғанын көрдік. Ең қорқыныштысы, 5-6 баласымен қалған отбасылар бар. Статистика көрсетіп отырғандай, бізде жылына 50 мыңға жуық ажырасу болады, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 912 қылмыстық іс қозғалады. Орта есеппен жылына 3 мың еркек алимент төлеуден жалтарады. Бүгінгі таңда алименттер төлемеу бойынша жалпы қарыз көлемі 5,2 млрд теңге», — деді Г. Әбдіқалықова.

Вице-премьер бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын айтты, жақында Бас прокуратура, Жоғарғы сот және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, бұл мәселені бірлесіп шешу жоспарланған.

«Елбасы «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары – бұл басты міндетті – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге қол жеткізу аясында жаңа әлеуметтік саясатты дамытудағы теңдессіз қадам. Сондықтан барлық күш-жігерімізді барынша пайдаланып, алдымызға қойылған міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауымыз керек», — деді Г. Әбдіқалықова.

Баспасөз конференциясының соңында вице-премьер қазақстандықтарды алда келе жатқан мемлекеттік мерекелермен - Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, Қазақстанда бүгінгі таңда 1400 Ұлы отан соғысына қатысушы бар екенін жеткізді. 9 мамыр мерекесіне орай барлық ардагерлерге 2,3 млрд теңге сомасында материалдық көмек көрсетілетін болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу