Барлық азаматтарға айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару жұмыстары толықтай аяқталды — Ұлттық банк

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков азаматтардың борыш жүктемесін азайту жөніндегі Президент Жарлығының орындалу барысы туралы айтты.

О. Смоляков атап өткендей, Ұлттық банк, «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің 26.06.2019 жылғы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясында барлық қазақстандықтарға банктер мен МҚҰ-дағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару туралы шешім қабылдады.

«Осы жылдың 30 шілдесінде банктер мен МҚҰ 1 192 834 қарыз алушыға жалпы 33 620 млн теңге сомасына кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару жұмыстарын аяқтады», — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Айыппұлдар мен өсімпұлдар ең алдымен банктер мен МҚҰ-ның қаражаты есебінен есептен шығарылды.

Биылғы 15 тамызда Проблемалық кредиттер қоры 10 086 млн теңге көлемінде банктер мен МҚҰ-ға айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша есептен шығарылған соманың 30% өтеді.

«Осылайша, 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша барлық азаматтарға айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару жұмыстары толық аяқталды», — деді О. Смоляков.

Банктер мен МҚҰ-да кепілсіз тұтынушылық қарыздар үшін 300 мың теңгеге дейінгі мөлшерде берешекті өтеу азаматтардың келесі санаттары бойынша жүзеге асырылады:

1) көп балалы отбасылар;

2) асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлемдер алатын отбасылар;

3) мүмкіндігі шектеулі балалары, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар;

4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

5) жетім балалар;

6) жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар.

Мемлекеттік қолдау алу үшін қарыз алушының кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауы керек.

Осы жылдың 20 тамызындағы жағдай бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған тізімдер негізінде 507 363 азамат анықталды, олардың 105 174,8 млн теңге көлемінде берешектері өтеледі.

«Бүгінде ақша банктер мен МҚҰ-ға аударылды, жақын арада берешектер өтеледі. 5 қыркүйекке дейін банктер мен МҚҰ Жарлықта көрсетілген белгілерге сәйкес келетін қарыз алушыларға борыштары өтеу туралы хабарлайды», деді О. Смоляков.

Сонымен қатар, ол қарызды өтеу үшін азаматтарға банктер мен МҚҰ-ға жүгінудің қажеті жоқ екенін, барлық жұмысты кредиттік ұйымдар дербес жүргізетінін баса айтты.

Сондай-ақ, Президенттің Жарлығы аясында Ұлттық банк азаматтардың қарыздарының басқарылмайтын өсу қаупін төмендетуге бағытталған болашақ шараларды дайындады. Ұлттық Банк төрағасының орынбасары қарыз алушылардың несиені өтемек түгілі, өздеріне өмір сүруге жететін белгілі бір минималды кірістері болмай тұрып, тұтынушылық кепілсіз несиелер алатын жағдайлар жиілеп кеткенін айтты.

Сондықтан Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салу туралы шешім қабылданды.

«Әрдайым "Табысты қалай анықтауға болады?", "Оны қалай растауға болады?" деген сұрақтар туындайтын. Біз ұсынып отырған түзетулер жобаларында тек ресми кірістер ғана ескерілмейді. Табысты бағалау тек ресми кірістерге ғана негізделмейді, сонымен бірге шоттағы ақша айналымына, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуына, коммуналдық төлемдерге де негізделеді. Мүмкіндігінше барлық кіріс көздерін ескеру керек», — деді О. Смоляков.

Кепілсіз тұтынушылық несиелерге қатысты капиталдың жеткілікті болуына талаптарды арттыру бойынша қосымша шаралар қарастырылатын болады. Бұл түзетулер тиісті мемлекеттік органдарға жіберіліп, банктермен талқылануда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу