Инвестициялық жобаларды іске асыру мұнай өндірудің жылдық көлемін 2025 жылға қарай 105 млн тоннаға дейін ұлғайтады — М. Досмұхамбетов

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мұнай-газ саласында инвестициялық жобаларды іске асыру туралы айтып берді.

М. Досмұхамбетовтың айтуынша, мұнай-газ саласында өңдеу, өндіру, инфрақұрылым бойынша бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.

Мұнай өндіруде үш ірі кен орнында – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақта ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Олар:

Теңізді келешек кеңейту жобасы, бұл 2023 жылдан бастап жылдық өндіру деңгейін 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді; Қашағанның 1-кезеңін кеңейту жобалары, олар 2022 жылы өндіруді тәулігіне 420 мың баррельге және 2027 жылы тәулігіне 500 мың баррельге жеткізуге бағытталған; Қарашығанақта өндіру деңгейін ұзарту жобалары, өндіру деңгейін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді.

Соның нәтижесінде, ҚР ЭМ болжамдарына сәйкес, 2025 жылға қарай республика бойынша мұнай өндірудің жылдық көлемі 105 млн тонна деңгейіне жетеді деп күтілуде.

«Атап өту керек, Теңіз бен Қашағанда алдағы уақытта мұнай өндірудің ұлғаюына байланысты Каспий құбыр консорциумы (еліміздің басты экспорттық бағыты) магистральдық құбырының өндіру қуатын қазақстандық учаскесінде жылына 72,5 млн тоннаға дейін арттыру жобасын іске асыру мәселесі пысықталуда», — деді М. Досмұхамбетов.

Жоба қуатын күшейту үшін Қарашығанақ өңдеу кешені мұнай құбырының тар орындарын жоюды көздейді, оның ішінде Теңіз үшін жылына 43,5 млн тоннаға дейін үлғайтылады.

Бұған қоса, Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырында іске асырылып жатқан жобаны, яғни Кеңқияқ-Атырау мұнай құбырының реверсі жобасының маңыздылығын атап өту керек.

М. Досмұхамбетовтың айтуынша, осы жоба Қазақстанның батысынан Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізуді жылына 6 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Өздеріңізге белгілі болғандай, бүгінгі таңда аталған мұнай өңдеу зауыттарына мұнай Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының кен орындарынан жеткізіледі. Сондықтан да бұл жобаның стратегиялық маңызы жоғары, ол мұнай өңдеу зауыттарын жүктеуге бағытталған. Жобаны аяқтау мерзімі – 2020 жыл», — деді бірінші вице-министр.

Мұнай өндіруді дамыту және мұнай тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтумен қатар, геологиялық барлау саласында ресурстық базаны толықтыру үшін инвестициялық тартымдылық жақсартылғанын атап өткен маңызды.

2017 жылы заңнамалық реформалар жүргізіліп, жаңа Салық кодексі мен Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданды.

Жер қойнауын пайдалану саласын реттеуді оңайлату және теңіздегі геологиялық барлау үшін преференциялар жасау теңіз жобаларын жандандыруға мүмкіндік берді. Теңіз жобаларын іске асыру шеңберінде 2025 жылға дейінгі кезеңде Исатай, Абай, Жеңіс жобалары бойынша инвестициялар көлемі $136 млн құрайды деп күтілуде.

Теңіз жобаларымен қатар Қазақстанның аз зерттелген перспективалы аумақтарында геологиялық барлауды жандандыру жоспарланып отыр.

Энергетика министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, 2021-2025 жылдарға арналған Геологиялық барлау бағдарламасын қабылдауды жоспарлап отыр. Одан әрі зерттеу үшін Арал, Сырдария, Шу-Сарысу, Солтүстік Торғай, Прииртышский неғұрлым перспективалы бассейндер ретінде анықталды.

Зерттелу дәрежесінің артуына байланысты жер қойнауын пайдалану саласына одан әрі жеке инвестициялар тартылады деп күтілуде.

Мұнай өңдеуде 2018 жылы Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында цифрландыру шеңберінде Жабдықтарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді басқарудың автоматтандырылған жүйесі (ЖТҚЖ) енгізілді.

Аталған жүйе зауытты пайдаланудың жөндеуаралық кезеңін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жобаны іске асырудан күтілетін әсер:

  1. Жабдық сенімділігі 8-10%-ға артады;

  2. Жөндеуге жұмсалатын шығыстар қазіргіден 10%-ға дейін қысқарады.

  3. Күрделі жөндеуге тоқтату санының қысқаруы есебінен өңдеу көлемі жылына орташа алғанда 300 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

Осы жылы аталған жүйені Шымкент зауытында енгізу күтілуде.

Мұнай-газ химиясында Атырау облысында полипропилен және полиэтилен өндіру жобаларын іске асыру жоспарлануда. Осы жобаларды іске асыру біздің елімізге жақын шетелдің ірі полимер өндірушілері қатарына қосылуға мүмкіндік береді.

Аталған екі жоба бойынша инвестициялар көлемі $9 млрд құрайды. Құрылыс кезеңінде кемінде 3000 жұмыс орны және пайдалану кезінде 1000 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Полипропилен жобасы бойынша құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде, 2021 жылы аяқталады.

Полиэтилен жобасы әлемдік ірі полиэтилен өндіруші Borealis компаниясымен бірге іске асырылуда. Жылдың соңына дейін Үкіметаралық келісім мен Жобаны үкіметтік қолдау туралы келісімге қол қою көзделуде.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу