Еңбек табысының болуы «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасының міндетті шарты — ҚР Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында «Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі»  АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Бақытты отбасы» әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға қатысты үш келелі кеңесімен бөлісті. 

Оның айтуынша, биыл бағдарламаны іске асыру тәжірибесінің негізінде бағдарламаға жүгінгендер бойынша, бағдарламаның өзінің критерийлері мен тұрғын үй беру шарттарына талдау жасалған.  

«Келесі жылы бағдарламаны екінші рет іске қосуға әзірленіп жатырмыз. Біріншіден, бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер міндетті түрде кезекте болып, оны қадағалап, бағытын таңдауы  тиіс», — деді Л. Ибрагимова.

Екіншіден, бағдарлама қатысушыларының еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысы міндетті түрде болуы керек. 

Басқарма төрайымы атап өткендей, отбасылардың көпшілігінің мәселесі - отбасы мүшелерінің ешқайсының еңбек табысының болмауында. 

«Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар келеді де, бірнеше балаға алатын төлемдер сомасының орташа айлық жалақы мөлшерінен көп екенін айтады. Бірақ біз әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті табыс деп есептемейміз және мұндай санаттағы отбасыларға баспана сатып алуға несиелер бермейміз», — деді Л. Ибрагимова.

Оның айтуынша, мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті баланың тұрмыстық қажеттіліктері үшін төлейді. Мысалы, оқушыға жағдайлар жасау үшін - киіммен қамту, санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасау, тамақтандыру т.б. Несиені атаулы әлеуметтік көмектің есебінен  өтеуге ешкім жол бермейді. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін ата-аналардың ең болмаса біреуінде міндетті түрде еңбек табысы болуы қажет. 

«Егер бағдарламаға қатысуды жоспарлаған болсаңыз, онда Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан алынған анықтаманы ұсыну қажет, соңғы 6 айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған аударымдар арқылы расталатын табысыңыз болуы керек», — деді Л. Ибрагимова.

Үшіншіден, пәтер таңдағанда отбасының мүмкіндіктерін, пәтер құнын ескеру қажет. Бағдарлама тұрғын үймен қамтуды ғана көздемейді, оның құнының толыққанды өтелуін де қарастырады. 

Сонымен қатар, ата-аналардың мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу үшін алып отырған жәрдемақыларының төлену мерзімі шексіз.   

«Мүмкіндігі шектеулі баланы күтіп-бағып отырған ата-ана іс жүзінде осындай жұмыспен айналысып отыр. Сондықтан, атаулы әлеуметтік көмектен ерекшелігі, бағалау жасау кезінде біз табыс ретінде ескеретін бірден-бір жәрдемақы - бұл мүгедек баланы күтіп-баққаны үшін төленетін жәрдемақы. Бірақ бұл жағдайда да біз қосымша еңбек табысының болуын талап етеміз», — деді Л. Ибрагимова. 

Айта кетейік, келесі жылы 10 мың отбасы 2% жеңілдік мөлшерлемесімен және 10% бастапқы жарнасымен берілетін тұрғын үйді ала алады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу