Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг: санэпид ахуал және су тасқынына дайындық

Үкімет үйінде Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг өтті. Тілшілердің сұрақтарына денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жауап берді. 

Ажар Ғиният қызылшаның өршуі бойынша жаһандық тенденция мен екпеге қарсы тұлғалардың санын азайту бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы айтты. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстарының арқасында «екпеден бас тартқандардың» жартысы райынан қайтып, вакцина алуды таңдаған. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы міндетті әлеуметтік медициналық жарналардың нормаларын, жүйеге қатысу шарттарын және пациенттердің жеке карталары бойынша жағдайды түсіндірді. 

Қазақстандық құтқарушылар: «Ең нашар сценарий бойынша жұмыс істеуге дайынбыз». Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы брифингте алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы сұраққа жауап бере отырып мәлімдеді. Сондай-ақ Сырым Шәріпханов Павлодар облысындағы кенішке құлаған автобусты жоғары көтеру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бұдан бөлек, ол Алматыдағы хостелде шыққан өрттің ықтимал себептерін де атады. Өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің аталған объектілерді тексеруге қатысты өкілеттіктерін кеңейту туралы ақпарат айтылды.

#Брифинг #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу