2019 жылы өндірісте жарақаттану деңгейі 13%-ға төмендеді — ҚР ЕХӘҚМ

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы кезінде ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасы туралы айтып берді, оның негізгі мақсаты - зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындары мен қайғылы жағдайлар санын азайту. 

Министрдің айтуынша, еңбек қауіпсіздігін қорғау мәселесі еңбек қатынастарының тұрақты бақылауды талап ететін маңызды аспектілерінің бірі.  

«Жалақының төленбегенін әрдайым бақылап, жүзеге асыруға болады, ал өндірістегі қайғылы жағдайлар күтпеген жерден болады, ешкім олардың алдын алмайды. Бұл мемлекеттік бақылауды қажет ететін мәселе ғана емес, бұл күнделікті, сағат сайын бақылауды талап ететін мәселе», — деді Б. Нұрымбетов.

Оның айтуынша, биыл Қазақстан «Vision Zero» тұжырымдамасына қосылды, бұл тұжырымдама жұмыс орындарында төтенше жағдайларды болдырмауды көздейді. 

«Нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын салмақты халықаралық ұйым насихаттайды, ол барлық елдер мен компанияларды осы тұжырымдаманы ұстануға, өз кәсіпорнында зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқарту бойынша жүйені енгізуге және жалпы жарақаттануды болдырмауға шақырады», — деді еңбек министрі. 

Бұл Концепцияның жеті қағидасы бар:

● Көшбасшы болу — қағидаттарға беріктігін көрсету;

● Қатерлерді анықтау — тәуекелдерді бақылау;

● Мақсаттарды айқындау — бағдарламалар әзірлеу;

● Еңбек қауіпсіздігі және орны қорғау жүйесін құру — ұйымдастырудың жоғары деңгейіне қол жеткізу;

● Станоктармен және жабдықтармен жұмыс кезінде жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды қамтамасыз ету;

● Біліктілігін арттыру — кәсіби біліктіліктерін дамыту;

● Кадрларға инвестициялар салу — қатысу арқылы ынталандыру.

«Біздің еліміз бұл тұжырымдамаға қосыла отырып, өзінің бүгінгі таңда жергілікті жерлерде орын алып отырған өндірістік жарақаттанудың минимумын төмендетуге тырысады. Бізде өндірістік жарақаттанудың 1069 фактісі тіркелді, 129 адам өндірісте қаза тапты», — деді министр.

Б. Нұрымбетов отандық кәсіподақтарды күрделі еңбек жағдайлары бар кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құруға мүдделі болуға шақырды. 

«2016 жылдан бастап жаппай өндірістік кеңестер құрылуда. Біз мұндай кеңестер санының артуын қолдаймыз, бүгінде олардың саны 15 мыңға жуық, бірақ, өкінішке орай, олар өнеркәсіп салаларында тым аз. Біз біздің кәсіподақтарды бұл мәселеде белсенді болуға шақырамыз,  себебі, заңнамаға сәйкес, кеңестер жұмыс беруші немесе жұмысшының тарапынан бастама болған жағдайда құрылады», — деп түсіндірді еңбек министрі.

Айта кетейік, бүгінде 117 кәсіпорын «Vision Zero» нөлдік травматизм тұжырымдамасына қосылды. 2300 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізді. Биыл өндірістік жарақаттану деңгейі 13%-ға, өндірістегі өлім-жітім 23%-ға төмендеді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу