«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын қабылдау педагогтердің әлеуметтік кепілдіктер жүйесін құруға мүмкіндік береді — А. Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов таныстырған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданды. Алматы облысының әкімі А. Баталов пен Нұр-Сұлтан қ. әкімі А. Көлгінов заң жобасының ережелерін педагогикалық қоғамдастық өкілдерімен талқылау туралы баяндады. Сондай-ақ, Үкімет отырысында жоспарланған жаңалықтарды талқылауға шақырылған Ақмола облысы Никольск орта мектебінің педагогы Н. Құттыбаева сөз сөйледі.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген», — деді Асқар Мамин.

Әзірленген заң жобасы Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың орта білім беру жүйесін дамыту және білім сапасын арттыру жөніндегі алға қойған міндеттеріне жауап береді. 

Заң жобасын әзірлеудің негізгі идеясы — мұғалімдердің жүктемесін азайту, оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату арқылы өзін-өзі дамытуға және шығармашылыққа мүмкіндік беру.

Бұған қоса, мұғалімдердің жалақысын арттыруға, еңбек демалысын ұлғайтуға, педагогтік шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар көзделуде. Айта кету керек, бұл заң жобасы өңірлердің әкімдеріне бюджет мүмкіндігіне қарай мұғалімдерге материалдық көмек көрсету мәселесін өздігінен шешуге мүмкіндік береді.

«Мұғалімдердің кәсіби тұрғыдан дамуына және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау жоспарланған, — деді Асқар Мамин. — Педагог мәртебесін арттыру, оларды ынталандыру міндеті де көзделеді».  

ҚР Үкіметі басшысының айтуынша, жалпы заң жобасын іске асыру мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, педагогтар үшін әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жасауға жол ашады.  

Мәселені қарау қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин осы жылдың 1 қыркүйегіне қарай Парламент Мәжілісіне «Педагог мәртебесі туралы» және «Педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалім жүктемесін төмендету мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу