2019 жыл бюджетін нақтылау, Интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз ету және 5G енгізу — ҚР Үкіметінің кезекті отырысы қалай өтті

1 қазандағы Үкіметтің кезекті отырысында 2019 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланып, ауылда интернетке кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету және 5G-ді дамыту мәселелері қаралды. Үкімет кулуарында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызығушылық танытқан сұрақтарға жауап алды, отырыс қорытындысы бойынша ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Республикалық бюджетті нақтылау барысында Премьер-Министрге 2019 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі көрсеткіштерінің сақталуын ескере отырып, 2019 жылға арналған республикалық бюджетке нақтыланған кірістер 7081,3 млрд теңгені, шығындар – 12028,1 млрд теңгені құрайтыны баяндалды. Бұл — ЖІӨ-нің 3,8% деңгейіндегі өсімі, 89 млн тонна көлемінде мұнай өндіру. 

Асқар Мамин түзетілген бюджет кірістері мен шығыстары әлеуметтік міндеттерді шешу үшін қосымша қаржыландыру қажеттілігін жабуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Экономикалық өсудің қосымша көздерін өңдеу өнеркәсібін қолдауға арналған қаражатты қайта бөлу, салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру үшін «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелендіру, Павлодар және Ақтөбе облыстарының сұранысқа ие суармалы жерлерінің гидромелиоративті жүйелерін реконструкциялау, сондай-ақ Жамбыл облысында ауылда кооперацияны дамытудың пилоттық жобасын жүзеге асыру арқылы құру жоспарланған.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға белгіленген тәртіпте «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын ҚР Парламентінің қарауына енгізуді тапсырды.

Үкімет отырысының екінші жартысында ауылда интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету және 5G-ді дамыту мәселесі қаралды. Асқар Маминге қазіргі таңда елімізде 117 қала мен 3 324 ауылдық елді мекенде кең жолақты интернет қол жетімді екені баяндалды. 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болды. Қазақстанда Интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3% құрады және әлемдік рейтингте Қазақстан 45-орынға ие болды.

Ауылдық жерлерді кең жолақты Интернетпен ары қарай қамту үшін 2018-2021 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда. Сонымен қатар, 5G байланысының жаңа буыны кең жолақты сымсыз қосылуды қамтамасыз ету, заттар интернеті және жоғары жылдамдықты технологияларды ұйымдастыру үшін қатар дамуда. Қазіргі уақытта 5G тестілік сынақтары Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жүргізіліп жатыр, оларды осы жылдың қазан айында  Шымкент қаласында өткізу жоспарланған.

Осылайша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін 97% ауылдық елді мекен кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады.

Үкімет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесе отырып, өңірлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстарын жеделдетуді және ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосуды жылдамдатуды тапсырды.

Премьер-Министр 5G-ді пайдаланудың басымдығын дұрыс анықтап алу қажет екенін атап өтті, ол үшін 2020 жылы 5G-ді өңірлерде, соның ішінде, алдымен Нұр-Сұлтан қаласында тиімді пайдалану жөнінде тиісті жобалар әзірленуі керек.

Сонымен қатар, А. Мамин байланыс және интернет сапасына, әсіресе әлеуметтік нысандардағы сапасының жақсы болуына назар аударды.

«Мектептер мен ауруханаларда жоғары жылдамдықты сапалы интернет болуы керек – бұл электронды оқулықтар мен оқу бағдарламаларын, телемедицина мен ақпараттық жүйелерді пайдалану үшін қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету және 5G инновациялық платформасын енгізу тақырыбы баспасөз конференциясы барысында жалғасты, онда ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, 2019 жылғы бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде іске қосылғанын айтты. 2019 жылдың соңына дейін 685 ауыл Интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы тағы 509 ауылды қосу жоспарлануда. Екінші кезең барысында 3 143 ауылды: 2019 жылы – 574, 2020 жылы – 1 046 және 2021 жылы – 1 523 ауылды интернетпен қамту жоспарланған.

Осы аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауылдық елді мекен кең жолақты Интернет желісімен қамтылатын болады.

Сонымен қатар, ары қарай тұрғындардың саны 50-ден жоғары 885 ауылдық елді мекенді Интернет желісіне қосу жоспарлануда. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен Интернет желісіне қосылады.

А. Жұмағалиев 5G енгізу кезінде адамдардың денсаулығына оның әсері ескерілетін болатынын айтты. Биылғы қазан айында Египетте Халықаралық электрбайланысы одағының отырысында 5G желілерінің адам денсаулығына тигізетін әсеріне талдау жасалады.

«Осы Бүкіләлемдік отырыста нақты стандарттар анықталады. Стандарт 2021 жылы түпкілікті бекітіледі деген болжам бар. Денсаулыққа қатысты барлық мәселелер тиісті сынақтардың негізінде талданады. Халықаралық электрбайланысы одағының стандартты бекітуі денсаулық элементтеріне негізделетініне сенімдімін. Себебі денсаулыққа кері әсер ететін технологияларды ешкімнің де енгізгісі келмейтіні анық», — деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Тілшінің ауылдағы ұялы байланыс сапасы және 5G енгізумен ұялы байланыстың артықшылықтары туралы сұрағына жауап бере отырып, А. Жұмағалиеа бүгінде өңірлердің әкімдіктерімен бірге белгілі бір жерлерде ұялы байланыс сапасын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтті. 

«Щучинск-Бурабай аймағында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен біз тиісті базлақы станцияларды орнатуға мүмкіндік берген жұмыстарды жүргіздік. Соның нәтижесінде бұл аймақта ұялы байланыс сапасы біршама жақсарды. қазір біз осындай жұмысты Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен жүргізіп жатырмыз – қала бойынша 50 мачталық құрылғы орнатылып, көптеген проблемалар шешімін табады. Одан соң біз Павлодар және Алматымен жұмыс істеуді көздеп отырмыз», — деді А. Жұмағалиев.

Министр атап өткендей, 5G енгізу мұндай мәселелердің қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де шешілуіне ықпалын тигізетін болады. Бұл технология ел экономикасын цифрландыру үшін аса маңызды. Сондай-ақ, А. Жұмағалиев 5G  желісіне ауысқан жағдайда Интернет тарифтерінің құны көтерілмейтінін айтты. Сонымен қатар мемлекет тарапынан бюджет қаражаты бөлінбейді.

Өз кезегінде «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып,  5G қосқаннан кейін көптеген қызметтер қолжетімді болатынын айтты. Ең алдымен, бейнеконференция байланысы, Е-commerce және басқа да қызметтер ашық болады. 

«5G — бұл мүлдем басқа жылдамдық. Шамамен 30 есе артық. Елестетудің өзі оңай емес, осы мәселе арқылы көптеген нәрселерді жасауға болады, мәселен: автокөлікті қашықтан басқарудан бастап, қашықтан медицинамен айналысу. 5G көптеген өзгерістер алып келеді. Еске түсіріп өтсек, 4G қосылғаннан кейін біздің өмірімізге Инстаграм мен Фэйсбук енді. Сол секілді 5G қосылғаннан кейін жаңа қызметтер пайда болмақ», — деп мәлімдеді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы.

Сондай-ақ, Қ. Есекеев 5G экономиканың түрлі салаларына белгілі-бір революциялық өзгерістер енгізетінін атап өтті. Сонымен қатар, Қ. Есекеев Қазақстанда жаңа еSIM тұжырымдамасының жасалуы туралы айтты. Оның айтуынша, чип түріндегі SIM-картаның кәдімгі түрі бағдарламалық шешімге ауыстырылатын болады. Бұл тұжырымдаманы қазір ұялы байланыс операторлары реттеушімен пысықтап жатыр. 

«Мен таяу арада біз SIM-картаны ұялы телефонға чипті салмастан, бағдарламалық жасауға болатын еSIM алғашқы жобаларын ұсынатын боламыз деп ойлаймын.  5G пайда болған соң бұл технологияның негізгі бөлігі еSIM негізінде енгізілетін болады деп ойлаймын», — деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы. 

Ауыл тұрғындары үшін «ақылды ауыл» және жиынтықты бейнебақылау тәрізді технологиялар қашан қолжетімді болады деген сұраққа Қ. Есеккев бір жыл ішінде ауылдарды кең жолақты Интернетпен қамтыған соң бұл мүмкін екенін жеткізді. 

«Біз қалада соңғы үш жылда жиынтықты бейнебақылауды белсенді түрде дамыттық.  Ауылға жоғары жылдамдықты интернет пен Қазақтелекомның келуімен ол түбегейлі өзгереді деп ойлаймын. Бұл – электронды коммерция саласындағы өзгерістер болмақ. Ең алдымен, себебі, ауыл тұрғындарына коммерциялық ресурстар тең құқылы қолжетімді болады. Бейнебақылау мен басқа да сервис түрлері қосылғаннан кейін бір жыл ішінде ауылдарға да жетеді деп ойлаймын. Бастысы, жылдамдық пен қосылған абоненттердің саны», — деді Қ. Есекеев.  

Бүгінде «Қазақтелеком» Қазақстанда 5G бойынша 6 тестілеу жұмыстарын жүргізді, соның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы облысында. 5G желілерінде деректерді тарату жылдамдығы бойынша алғынған нәтижелер 4G көрсеткіштерінен 10-100 есе жоғары.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу