2021 жылы ЖЭК өндірген электр энергиясының көлемі жоспарлы көрсеткіштерден асты — Б. Ақшолақов

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазақстанның электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараның спикері ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов болды. Журналистер алдында сөйлеген сөзінде министрлік басшысы бірінші кезекте елдің энергия жүйесіндегі қазіргі жағдай мен саланың 2021 жылғы даму қорытындылары туралы айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі өзін-өзі теңгерімдеу режимінде жұмыс істейді. Бұл ретте, энергия жүйесі ең жоғары жүктеме сағаттарында электр қуатының тапшылығын бастан кешуде, бұл энергия өндіруші ұйымдар жабдықтарының авариялық тоқтатылуының жиілеуіне, сондай-ақ тұтынушылар тарапынан жүктеменің күрт өсуіне байланысты.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 114,4 млрд кВтс немесе 2020 жылға қарағанда 106%-ды құрады. Күзгі-қысқы кезеңде (2021-2022 жылдар) электр энергиясы мен қуатының тапшылығын болдырмау мақсатында 2021 жылғы қарашада Жамбыл МАЭС-тің 3-блогы іске қосылды, ал 2022 жылғы қаңтарда 4-энергоблок іске қосылды, бұл жиынтығында МАЭС жүктемесін 330 МВт-қа (280-ден 610 МВт-қа дейін) ұлғайтуға мүмкіндік берді», — деді Б. Ақшолақов.

Қазақстанда цифрлық майнинг қызметін лицензиялауды енгізу жоспарлануда. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта цифрлық майнинг субъектілерін анықтау бойынша жұмыс жалғасуда. Министрлік осы субъектілерді одан әрі реттеу шеңберінде мыналарды ұсынады:

  1. цифрлық майнинг қызметін лицензиялауды енгізу;
  2. цифрлық майнинг субъектілерінің электр энергиясын тұтынуына квоталарды айқындау;
  3. жаңа майнерлер үшін қуаттарды қосуға мораторий енгізу;
  4. цифрлық майнинг субъектілерін жаңартылатын энергия көздерінен және импорттан электр энергиясын тұтынуға ауыстыру.

Генерация секторын қолдаудың қолданыстағы тетіктерін күшейту қажет. Республиканың энергия жүйесі өткен жылдары – 2007-2012 жылдар кезеңінде де электр энергиясының тапшылығы проблемасымен бетпе-бет келгенін атап өту қажет.

«Жауап шарасы ретінде электр энергиясына шекті тарифтерді енгізе отырып, «Инвестициялар орнына тариф» бағдарламасы қабылданды. Соның нәтижесінде пайда болған тапшылық жойылып, орта мерзімді қуат резерві құрылды: 1) 1,2 ГВт жаңа қуаттарды іске қосу; 2) 1,7 ГВт қуаттылықты қалпына келтіру», — деді Б. Ақшолақов.

Осыған байланысты, қазіргі уақытта генерациялау секторын қолдаудың қолданыстағы тетіктерін күшейту қажеттілігі бар.

Энергетикалық инфрақұрылымды қолдау үшін сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қуат нарығы шеңберінде қуатқа шекті тарифті арттыру талап етіледі.

Анықтама: Тариф 2019 жылдан бастап қайта қаралмады және бастапқыда қажеттілікке сәйкес келмеді (2015 жылғы есептеулерге сәйкес тариф 700 мың теңгені құрауы тиіс еді, іс жүзінде 590 мың теңге/МВт бекітілді). Бұл ретте, осы кезеңде шикізатқа, металға, жабдыққа және жиынтықтауыштарға әлемдік бағалар орта есеппен 40-50%-ға өсті.

«Ұсынылып отырған шараларды толыққанды іске асыру үшін Энергетика министрлігіне тиісті құзырет беру және энергия өндіруші ұйымдар тарапынан қарсы міндеттемелер енгізу жолымен жүргізілетін жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау жүйесі жетілдірілетін болады», — деді Б. Ақшолақов.

Анықтама: 2015 жылы Doing Business рейтингі бойынша ұсынымдар шеңберінде ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің бақылау функциялары оңтайландырылды.

Қолданыстағы энергия көздері электр энергиясының болжамды қажеттіліктерін жаба алмайды.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Энерготеңгерім әзірленді, оған сәйкес 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну шамамен 153 млрд.кВтс құрайтын болады. Бұл ретте бүгінде бірқатар объективті себептер бойынша қолданыстағы энергия көздерін өндіру (пайдаланудан шығару, тозудың артуы, экологиялық санкциялардың күшеюі) төмендейді және 89 млрд кВтсағ-тан кем болады.

«Максималды электр жүктемесі 2035 жылға қарай 22,7 ГВт деңгейіне жетеді. 10% дейінгі көлемде қуат резервін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, 2035 жылға қажеттілік 25 ГВт құрайтын болады. Осылайша, жұмыс істеп тұрған энергия көздері халықтың және экономиканың электр энергиясына болжамды қажеттілігін жаба алмайды. Осыған байланысты, 2035 жылға қарай жаңа өндіруші қуаттарды іске қосуды қамтамасыз етуді талап етіледі», — деді министр.

Сонымен қатар, оның айтуынша, генерациялау секторына экологиялық әсерді төмендету, оның ішінде парниктік газдар шығарындыларын азайту (2030 жылға қарай шығарындыларды 1990 жылғы деңгейге қарағанда 15%-ға төмендету), 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелер бойынша бірқатар факторлар әсер ететінін атап өту қажет.

Осыған байланысты энергия теңгерімі дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерінің қуатын арттырумен қатар АЭС-тен генерацияны енгізу сценарийін қарастыруда.

Жалпы алғанда, министрдің айтуынша, 2035 жылға қарай іске қосуға қажетті жаңа энергетикалық қуаттардың құрылымы мынадай:

  • 6,5 ГВт жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану объектілері;
  • газ генерациясы 5 Квт жоғары;
  • 2 ГВт жоғары су электр станциялары;
  • 1,5 ГВт көмір генерациясы;
  • сондай-ақ 2,4 ГВт атом генерациясы.

Бұл энергия жүйесінің шектес мемлекеттердің энергия жүйелерін реттеуден тәуелсіздігін қамтамасыз ете отырып, базалық, реттеу қуатының тапшылығын жабуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 31 ел атом электр станцияларын пайдалануда.

2022 жылғы ақпандағы жағдай бойынша әлемде жалпы қуаты шамамен 390 ГВт болатын 439 энергетикалық реактор бар, әлемнің 19 елінде 52 реактор салыну сатысында. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының жалпы генерациясының 10%-ын құрайды.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің деректері бойынша барлық елдердің АЭС-нан электр энергиясын өндірудің 2050 жылға қарай 1,8 есе – 2021 жылғы 390 ГВт-тан 2050 жылы 715 ГВт-қа дейін өсуі болжанып отыр.

«Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін жеткілікті әлеуетке ие. Біз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орын аламыз. Бізде ядролық отын компоненттері өндірісі бар, сондай-ақ біздің елде уранды изотопты байыту бойынша қызметтер қолжетімді», — деді Б. Ақшолақов.

Өткен жылы Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Ядролық отынның белсенді өндірісі басталды.

Энергетика министрлігі АЭС салу мәселесін әлемдік тәжірибемен расталатын неғұрлым перспективті бағыттардың бірі ретінде қарастыруда.

Ұлттық электр желісін генерациялау және күшейту секторында бірқатар жоба іске асырылып жатыр

Министрдің айтуынша, электр энергиясына орта мерзімді қажеттілікті жабу үшін генерация көздерін енгізу бойынша бірқатар жоба іске асырылуда.

«Атап айтқанда, қуат нарығы шеңберінде бірқатар инвестициялық келісім жасалды, бұл жұмыс істеп тұрған станцияларға өз қуаттарын жаңғырту мен жаңартуды жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінде 2022-2025 жылдары жалпы инвестиция көлемі 491 млрд теңгеден асатын 1 733 МВт-ты іске қосуға мүмкіндік беретін жобалар іске асырылуда», — деді Б. Ақшолақов.

Бұдан басқа, Екібастұз ГРЭС-2 №3 блогының құрылысы, сондай-ақ Алматы энергия кешенінің энергия көздерін жаңғырту бойынша жобалар іске асырылуда.

2022 жылы жиынтық қуаты 1 200 МВт-тан асатын маневрлік қуаттар жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық өткізу жоспарлануда.

Анықтама: Маневрлік генерацияны енгізу бойынша жобалар:

1) Түркістан облысында қуаты 1000 МВт БГҚ;

2) Қызылорда қаласындағы қуаты 240 МВт БГҚ

Бұдан басқа, Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде Батыс және Оңтүстік аймақтардың энергия жүйесін күшейту, Батыс аймақты бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2021 жылы нақты 19 ЖЭК жобасы іске асырылды

Жаңартылатын энергия көздері өндіретін электр энергиясының көлемі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 4,2 млрд кВтсағ құрады, жоспар бойынша – 3,5 млрд кВтсағ. ЖЭК объектілерінің электр энергиясының өндіріс мөлшерінің ұлғаюы 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ды құрайды.

«2021 жылы жиынтық қуаты 393 МВт ЖЭК 19 жобасы іске асырылды, оның ішінде 12 ЖЭС – 197,65 МВт, 2 ГЭС – 50,7 МВт, 5 КЭС – 145 МВт. Инвестиция сомасы шамамен $400 млн құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық қуаты 2010 МВт (ЖЭС – 684 МВт; КЭС – 1038 МВт; СЭС – 280 МВт; БиоЭС – 8 МВт) ЖЭК-тің іске қосылған 134 объектісі бар», — деді Б. Ақшолақов.

Қазақстанда электр желілерінің жай-күйіне техникалық аудит жүргізіледі

Жалпы ел бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 467 422 км құрайды, оның ішінде «KEGOC» акционерлік қоғамының басқаруындағы Ұлттық электр желілері – шамамен 27 мың км және өңірлік электр желілік компаниялардың желілері – шамамен 274 мың км.

«Өз кезегінде, сенімділікті арттыру бойынша мүмкіндіктердің шектеулі болуына байланысты беру секторында шешілуі қажет проблемалар туындады. Біріншіден, бұл, әсіресе өңірлерде, электр желілерінің тозуы. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмасы бойынша қазір электр желілерінің жай-күйіне техникалық аудит жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша шаралар қабылданады», — деді Б. Ақшолақов.

Энергия жүйесінде энергия кәсіпорындарының 2022 жылға арналған жөндеу науқаны бойынша тәуекелдер бар.

Сондай-ақ, министр Украинада орналасқан өндіруші зауыттан тауар-материалдық ресурстарды жеткізуде іркілістер болуына байланысты жөндеу науқандарын ауыстыру және уақытылы іске асырмау, энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық келісімдерін іске асыру тәуекелі бар әлемдегі қалыптасқан саяси және экономикалық жағдайға байланысты туындайтын проблемалар туралы атап өтті.

«Тауар-материалдық ресурстарды жеткізу мерзімдерінің сақталмауына немесе үзілуіне; ұлттық валюта бағамының ағымдағы құбылуына және халықаралық логистикалық байланыстардың бұзылуына байланысты шарттар бойынша қосалқы бөлшектердің, бөлшектердің және жинақтаушы энергетикалық жабдықтардың қымбаттауына байланысты сын-тегеуріндер туындайды. Үкімет белгілі бір шаралар пакетін қарастыруда, мәселе шешілуде», — деп сендірді Б. Ақшолақов.

Жалпы, оның айтуынша, Энергетика министрлігінің барлық әрекеттері Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Б. Ақшолақов Қашаған кен орны қызметінің тоқтатылуына түсініктеме берді.

«Қашаған жөндеу жұмыстарына байланысты екі айға жұмыссыз тұрып қалмайды: онда жоспарлы жөндеу жұмыстары жазда жүргізіледі, ал әзірге штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Егер ЖАҚ-1 жұмыс істесе, онда бұл қауіптің азайғанын білдіреді, көп шығын болмайды, бұл үшін кен орнын тоқтатудың қажеті жоқ. Әдеттегі штаттық жұмыстар жүргізілуде», — деп атап өтті Б. Ақшолақов.

Қазіргі уақытта, оның айтуынша, ЖАҚ-1 бүгін іске қосылып, танкерлер жүктеледі деген ақпарат бар. Қашаған кен орны жөндеу жұмыстарына бола қызметін тоқтатпайды.

Қазақстан мұнайы тасымалданатын КТК әрқашан екі ЖАҚ-та жұмыс істеді. Біреуі әрдайым апат болған жағдайда іске қосылуы үшін резервте болды. Егер үш апта ішінде ЖАҚ-тың біреуін іске қосуға болатын болса, бұл КТК штаттық режимде жұмыс істейтінін білдіреді.

«Егер мұнайдың бір бөлігін балама маршруттарға жіберетін болсақ, біз бір ЖАҚ-пен жұмыс істей аламыз. Шығындарды санаймыз. Бір ЖАҚ-пен шығын болмауы тиіс, біз жоспарды орындай аламыз», — деп атап өтті Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, ең пессимистік сценарий бұл – 2 ай жөндеу жұмыстарын жүргізу.

«КТК мүлдем жоғалып кетпейді, бұл ресейлік немесе қазақстандық құбыр емес, бұл көп ақша салынған және Еуропада, жалпы әлемде көптеген тұтынушылар тәуелді халықаралық консорциум. Оны міндетті түрде жөндеу керек және бұл орындалатын іс», — деп атап өтті Б. Ақшолақов.

Пессимистік сценарий, оның айтуынша, бірінші айлақ іске қосылғанын ескерсек, бір-екі ай жалғасатын жөндеу жұмыстары. Айтарлықтай шығын болмайды.

«Егер бірінші айлақ жұмыс істемесе және барлық үш айлақ тоқтап тұрса, онда айына 4,4 млн тонна, оның 1,3 млн тоннасын баламалы бағыттар бойынша таратып, 3,0 млн тоннасы түсетін еді. Бірақ жыл басында пайда барреліне 60 доллар деңгейінде салынғанына байланысты, бүгінде баға 120 шегінде, бұл ақша түсімдері тұрғысынан 2 есе жоғары. Сондықтан мұндай жағдайда ақша түсімі бойынша үлкен проблема көріп отырған жоқпын», — деп атап өтті Б. Ақшолақов.

Сондай-ақ министр Қазақстан мұнайын Еуропаға теміржол арқылы тасымалдау туралы сұрақтарға жауап берді.

Бүгінгі таңдағы ең үлкен проблема – теміржол цистерналарының жеткіліксіз болуы. Қолда бар цистерналардың басым бөлігі Қазақстан нарығында жабдықтау және айналым үшін жұмылдырылған, негізінен бұл – мұнай өнімдері.

«Мұнай мен мұнай өнімдеріне арналған вагондардың түрі бірдей. Негізінен, бізде бар парк шектеулі. Шамамен 1500-2000 вагон. Мұндай көлемді шығару үшін бұл жеткіліксіз, бірақ балама бағыттарды, мысалы Ақтау портын пайдалану үшін бұл жеткілікті. Теміржол арқылы пайдаланса, бұл вагондар жеткілікті. Бірақ Қара теңіз және Балтық порттарына жеткізу үшін бұл вагондар саны жеткіліксіз», — деп түсіндірді Б. Ақшолақов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу