Еуразиялық экономикалық одақ — инвестициялар мен жоғары технологияларды тартудың аймақтық орталығы

Бүгін, 31 қаңтарда, Алматы қаласында ЕАЭО Үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Алматы қаласындағы Еуразиялық одақтың Үкіметаралық кеңесінің негізгі тақырыптарының бірі – қатысушы елдердің саудасы мен цифрлық интеграциясын дамыту болады. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап 6 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде бірыңғай экономикалық кеңістікте тауарлардың, қызметтердің, жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін ұлттықтан жоғары заңнаманың ауқымды тізімі құрылды.

Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі, оны Елбасы М. Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университетінде дәріс оқу кезінде – 1994 жылғы 29 наурызда жария еткен болатын.

Тұңғыш Президенттің бастамасы тек 20 жылдан кейін ғана іске асты және бұл экономикалық одаққа кірген посткеңестік республикалар үшін тарихи оқиғаға айналды.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан астанасында қол қойылды. Аталған құжат Одаққа қатысушы елдердің экономикаларын дамыту үшін ұзақ мерзімді тұрақты жағдайларды қамтамасыз ететін еуразиялық интеграцияның дамуына бастау берді, сондай-ақ төрт еркіндікті: тауарлар, капитал, қызметтер және жұмыс күшінің еркін қозғалысын жүзеге асыруға мүмкіндік жасады.

2014 жылғы 4 желтоқсанда Армения парламенті елдің ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты ратификациялады. 2014 жылдың 23 желтоқсанында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартқа қол қойылды. 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт күшіне енді. 2015 жылдың 2 қаңтарында Армения ЕАЭО-ға ресми түрде кірді. 2015 жылдың тамыз айында Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіру рәсімі аяқталды.

 

Одақтың қалыптасуының негізгі кезеңдері

1999 жылғы 26 ақпанда Мәскеуде Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғызстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының президенттері Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) туралы шартқа қол қойды, бұл еуразиялық шынайылықтарға бейімделген, барлық талаптарға жауап беретін экономикалық кооперацияны іздестіруге серпін берді.

2000 жылғы 10 қазанда Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында) Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының Президенттері Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру процесін тиімді ілгерілету мақсатында Еуразия экономикалық қауымдастығын (ЕурАзЭҚ) құрды. Бұл бірыңғай экономикалық стандарттар идеясы эволюциясының маңызды кезеңі болды. Осы ұйымға енгізілген тетіктер ұйым жұмыс істеп тұрған 8 жыл ішінде қатысушы елдер арасындағы тауар айналымын 4 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

2003 жылы тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалысын қамтамасыз еткен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру туралы келісімге қол қою маңызды сәттердің бірі болды.

2010 жылы Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Кеден одағының (КО) жұмыс істеуінің басталуы интеграцияның тағы бір кезеңі болды. Бірыңғай кедендік тариф қолданысқа енгізілді, ішкі шекараларда кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жойылды, үш мемлекеттің аумағында тауарлардың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілді. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуін бастау үшін негіз құрайтын халықаралық шарттарды әзірлеу бойынша белсенді жұмыс басталды.

2012 жылғы қаңтарда Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігінің құқықтық негізін қалыптастыратын, тауарлардың ғана емес, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы үшін негіз болатын халықаралық шарттар күшіне енді.

2014 жылғы 29 мамырда Астанада 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген (ЕАЭО) құру туралы шартқа қол қойылды. Кейінірек бірлестікке Армения мен Қырғызстан қосылды. Шарт еуразиялық экономикалық жобаның интеграцияның жаңа, неғұрлым терең деңгейіне көшуін білдірді.

 

Бүгінгі таңдағы ЕАЭО дамуы 

Одақтың жұмыс істеуі кезінде бірлестік елдері азаматтарының өмір сүруі мен жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ілгері даму өзгерістері байқалуда. Одақтағы өнім айналымының жалпы ережелерінің арқасында тұтынушылар үшін сапалы және қауіпсіз тауарлардың саны артты, азаматтар ЕАЭО елдерінің кез келгенінен тең жағдайда ала алатын қызметтердің сапасы жақсарды.

Бүгінде еңбек етушілер Одақ ішінде еркін қозғалып, қосымша талаптар мен рұқсаттарсыз жұмыс істейді, олардың дипломдары өзара мойындалады. Олар қажетті медициналық көмекті ала алады, балаларды балабақшалар мен мектептерге бөледі. Бұл, ең алдымен, бизнесті және жалпы ЕАЭО елдерінің экономикаларын дамыту үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында мүмкін болды. ЕАЭО жаңа Кедендік кодексі қабылданды, соның арқасында кедендік операцияларды жасау мерзімі бірнеше есеге қысқарды. Сонымен қатар, Одақ ішіндегі сауда кедергілерімен күрес институтталды, 2016 жылдан бастап 51 кедергі жойылды. Соңғы жылдары Одақ ішіндегі өзара тауар айналымы шамамен 32%-ға өсті.

Қазақстандық саясаттанушы Қ. Майгелдиновтың пікірінше, Одақтың одан әрі дамуына ЕАЭО-ға қатысушы елдердің ішкі қатынастары ерекше рөл атқарады.

«ЕАЭО-ны посткеңестік кеңістікте кеңейту терең интеграцияға қосымша серпін бере алады. Одақтың халықаралық имиджі елеулі түрде артты. ЕАЭО-мен ынтымақтастыққа бірнеше ондаған елдер мен бірлестіктер қызығушылық танытты», — деді сарапшы.

Еркін сауда аймағын құру жөніндегі табысты вьетнамдық кейске тағы бірнешеуі қосылды. Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Иран, Сингапур және Сербиямен еркін сауда туралы келісімдерге қол қойылды. Израиль, Мысырмен диалог дәйекті түрде ілгерілеуде. Үндістанмен еркін сауда аймағы туралы келіссөздер жүргізілуде. Грекиямен, Корея Республикасымен, Индонезиямен, Камбоджа, Чили, Моңғолия, Перу, Иордания, Марокко, Куба және басқа да көптеген елдермен, сондай-ақ АСЕАН, МЕРКОСУР, Анд қоғамдастығын, Латынамерикалық экономикалық жүйесін, Африка одағын қоса алғанда, ірі интеграциялық бірлестіктермен өзара іс-қимыл туралы меморандумдар жасалды.

Айта кету керек, Еуропалық одақ ЕАЭО-ның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып қала бермек. 2018 жылы ЕО-мен тауар айналымы 20,1%-ға, ал ЕО-ға экспорт 28,5%-ға өсті. Ынтымақтастықты күшейтудің үлкен әлеуеті бар. Сонымен, 2017 жылы Еуропалық комиссияның өкілі Венадағы ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің отырысында алғаш рет техникалық реттеу және өзара сауда секілді бағыттар бойынша ЕАЭО мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылға дайындықты мойындады.

Келешекте – Одақтың күн тәртібін одан әрі жасампаз іске асыру. Ол бизнесті жүргізу үшін ыңғайлы, халықаралық іскерлік қауымдастық үшін тартымды заманауи бірлестік, жаһандық экономикалық күн тәртібін айқындайтын жетекші әлемдік экономикалық орталықтардың бірі болуы тиіс. Бұл мақсаттар шындыққа айналуы үшін ЕАЭО елдеріне келісілген саясаттарды іске асыруды жалғастырып, экономикаларды цифрландыруды жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастықты дамытып, әлемдік нарыққа танымал, бірлесіп шығарылған өнімдер мен жаңа технологияларды — еуразиялық брендтерді жасау және шығару қажет. Егер мүше мемлекеттер жаңа білім шығара алатын болса, онда серпіліс жасап, әлемдік нарықта өз орнын алады.

Қазіргі таңда ЕАЭО бірыңғай қызметтер нарығына 49 сектор кіреді, олар жиынтығында өндірілетін қызметтер көлемінің 55%-ға жуығын құрайды. Мысалы, бұл секторлардың қатарына құрылыс жұмыстары, қонақ үй және қоғамдық тамақтану қызметтері, консультациялық, компьютерлік қызметтер, сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен байланысты қызметтер жатады.

ЕАЭО-да бірыңғай қызметтер нарығын қалыптастыру бизнестің дамуына, қосымша жұмыс орындарын құруға, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін, азаматтардың нақты ақшалай табыстарын арттыруға ықпал етеді, бұл әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторы болып табылады. Келешекте ЕАЭО-да бірыңғай қызметтер нарығын қалыптастыру кедейшілікті жою, лайықты жұмыс және экономикалық өсу, сондай-ақ теңсіздікті азайту секілді тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге алып келеді.

ЕАЭО елдерінің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуіне мемлекеттердің тығыз өзара іс-қимылы, әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін бірлесіп шешу және экономикалық интеграция ықпал етеді. Қызметтердің бірыңғай нарығы кеңейтіліп келеді, ырықтандыру жоспарлары іске асырылуда, олардың мақсаты – елдердегі қызметтерді реттеудің мазмұндық баламалылығын анықтау және қажет болған жағдайда осы сектор бойынша нарыққа қолжетімділікті үйлестіру.

Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық жерлерді дамытуды қамтамасыз ету үшін әрбір мүше мемлекеттің және жалпы ЕАЭО халқының мүддесінде, сондай-ақ ЕАЭО шеңберіндегі экономикалық интеграцияны қамтамасыз ету үшін келісілген агроөнеркәсіп саясат жүргізілуде. Келісілген агроөнеркәсіп саясатының негізгі мақсаты — бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өндірісінің көлемін оңтайландыру, ортақ аграрлық нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ экспортты ұлғайту үшін ЕАЭО мүше мемлекеттерінің ресурстық әлеуетін тиімді іске асыру.

Соңғы жылдары Одақ экономикалық көрсеткіштердің сенімді өсімін көрсетеді. ЕАК деректері бойынша, 2018 жылы ЕАЭО ЖІӨ 2017 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға — $1 913 999,8 млн-ға дейін ұлғайды. 2018 жылы ЕАЭО мемлекеттерінің үшінші елдермен сыртқы тауар саудасының жиынтық көлемі $753,4 млрд құрады.

 

Инвестициялардың еркін қозғалысы 

ЕАЭО-ның аса маңызды артықшылығы — инвестициялардың еркін қозғалуын қамтамасыз ету, ол іс жүзінде қамту бойынша шексіз болып табылады. Капитал нарығы қалыптасу кезеңінде, ол тек банктік өзара іс-қимыл саласын ғана емес, сақтандыру нарығын, брокерлік қызметтерді, яғни қаржылық қызметтердің барлық спектрін қамтиды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ортақ нарығы құрылды, бірыңғай одақтық нарықта тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Одақтың 47 техникалық регламенті қабылданды.

Еуразиялық «бестік» мемлекеттерінде инвестициялық ахуалдың жақсару үдерісі және үшінші елдердің, сондай-ақ Одақтың инвесторлары үшін экономиканың инвестициялық тартымдылығының өскені байқалады. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған ЕАЭО инвестициялары одан алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,6%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі Одақтың барлық елдерінде байқалды. Өзара тікелей шетелдік инвестициялар 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте жалпы ЕАЭО бойынша одан алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға артты.

Одақтың инвестициялық тартымдылығының өсуін халықаралық рейтингтерде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің позицияларының жақсаруы да куәландырады. Мәселен, «Бизнесті жүргізу – 2019» рейтингіндегі Одақтың ұстанымы төрт тармаққа жақсарып, 31-орынға жетті. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 2018 жылы ЕАЭО 140 экономикадан 45-орынға ие болды. ЕАЭО логистика тиімділігі индексі бойынша 2018 жылы 2017 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 98-ден 76-орынға (22-орынға) ауысты.

ЕАЭО туралы шарт мүше мемлекеттердің ұлттық еңбек нарығын қорғау мақсатында мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген шектеулерді алып тастай отырып, еңбек көші-қоны сияқты ынтымақтастық бағытын сапалы жаңа деңгейге шығарады. Мүше мемлекеттің жұмыс берушілері және (немесе) жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс берушілері ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескерместен, мүше мемлекеттердің еңбек етушілерін еңбек қызметін жүзеге асыруға тартуға құқылы. Бұл ретте мүше мемлекеттердің еңбек етушілеріне жұмысқа орналасу мемлекетінде еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алу талап етілмейді.

 

ЕАЭО Кедендік кодексі

Одақтың негізгі жобалары айтарлықтай ілгері жылжыды. 2018 жылғы 1 қаңтарда ЕАЭО жаңа Кедендік кодексі күшіне енді. Бұл Одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу рәсімін оңайлатты, оның ішінде электрондық декларациялау жүйесін енгізудің арқасында оны транспарентті етті. ЕАЭО жалпы нарығына тауарлардың түсуіне байланысты барлық рәсімдер біріздендірілген. Кодекстің арқасында тауарларды еркін айналымға шығару уақыты алты есеге, ал кедендік декларацияны тіркеу екі есеге қысқарды.

Бүгінде ЕАЭО аумағында мүше мемлекеттер арасындағы кедендік шекаралар алынып тасталды, бірыңғай Кеден кодексінің нормалары қолданылады, Бірыңғай кедендік тариф, сыртқы сауда және кедендік реттеудің бірыңғай жүйесі, бірыңғай техникалық регламенттер қолданылады. 

Айта кету керек, тек Қазақстанда ЕАЭО жұмыс істей бастаған сәттен бастап бірлескен кәсіпорындар саны шамамен 70%-ға артып, 10 мың кәсіпорыннан асып түсті.

Ортақ кеден кеңістігін құрудың негізгі мақсаты — әлеуметтік-экономикалық прогреске қол жеткізу. Жұмыстар тауар айналымын жеңілдетуге, КО-ға қатысушы елдердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің бәсекелестік жағдайларын жетілдіруге бағытталған. Бұл әрекеттер Одақ елдері өздері шығаратын тауарлар мен қызметтерді сатуға мүмкіндігі болатын нарықтың өсуіне әкелуі тиіс еді.

Бұған қол жеткізу үшін:

  • ішкі кедендік төлемдерді алып тастау, бұл Одаққа қатысушылар шығаратын өнім құнының төмендеуіне алып келеді;

  • кедендік тексеру мен ресімдеудің күшін жою себебі бойынша КО ішінде тауарлардың айналымдылығын жеделдету;

  • санитария мен эпидемиология бойынша ортақ талаптарды, қызметтер мен өнімге қауіпсіз стандарттарды қабылдау, қатысушы елдердің бірінде өткізілген сынақ нәтижелерінің күшін бәріне ортақ етіп мойындау ұйғарылды.

Еуразиялық Кеден одағын құрудың тағы бір маңызды мақсаты — одақтық нарықты қорғау, қатысушы елдерден тауарларды дайындау және сату үшін қолайлы жағдайлар жасау. Алайда бұл мәселеде одақтастар арасындағы өзара түсіністік азырақ, өйткені мемлекеттердің өздерінің өндірістік даму басымдықтары бар.

КО қатысушы мемлекеттерге бірқатар артықшылықтар береді, атап айтқанда:

  • КО шегінде тауарларды қайта өңдеу мен тасымалдауға арналған шығындардың айтарлықтау төмендеуі;

  • бюрократиялық процедуралар санының, яғни КО аумағы бойынша өнімді тасымалдау кезіндегі уақытша шығындардың төмендеуі;

  • үшінші елдерге жүкті шығару үшін қажетті кеден қызметкерлерінің әрекет ету санының азаюы;

  • жаңа өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету;

  • біріздендірудің арқасында заңнамалық нормативтерді жеңілдету.

 

ЕАЭО қалыптасуының маңызды кезеңі — экономиканы цифрландыру

2017 жылғы 11 қазанда Одақтың бес елінің президенттері 2025 жылға дейінгі цифрық күн тәртібін жүзеге асырудың негізгі бағыттарын бекітті. Бұл құжат жаңа жұмыс орындары мен салаларды құруға, қоғам өмірінің барлық салаларындағы цифрлық өзгерістер есебінен бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы процестерін жеңілдетеді.

2018 жылдың ақпан айында ЕЭК Алқасы Төрағасының басшылығымен цифрлық бастамаларды басқару кеңсесі құрылды. Кеңсеге 50-ге жуық бастама келіп түсті.

Цифрлық трансформация — жаһандық, инновациялық, инклюзивтік және тұрақты өсудің қозғаушы күші және интеграциялық процестердің драйвері және синергетикалық экономикалық әсерлердің кең спектрінің көзі ретінде теңсіздікті азайтуға және Одақтың цифрлық күн тәртібінің мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ете алады.

Саясаттанушы Қ. Майгелдиновтың пікірінше, интеграцияны тереңдетуге мүмкіндік беретін ең ықтимал фактор — ЕАЭО «цифрлық күн тәртібін» жүзеге асыруда прогреске қол жеткізу. Осылайша, Дүниежүзілік банктің сарапшылары Цифрлық кеңістікті дамытудың және ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін жүзеге асырудың негізгі ұсыныстарын әзірледі, оларды жүзеге асыру экономикалық өсуді жеделдетуге, жаңа жұмыс орындарын құруға, мемлекеттік қызметтер сапасын жақсартуға және Одақтың бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне әкеледі. Алайда, «Атамекен» ҚР ҰКП-да атап өткендей, базалық процестерді іске асыруды қамтамасыз етпей, жаңа цифрық жобалар белсенді түрде алға жылжуда, олардың кейбірі бірін-бірі қайталайды. Бұдан өзге, бизнестің мүдделерін қозғайтын кез келген шешімдерді қабылдаудың аналитикалық құрамдас бөлігі көбінесе еленбейді және, тиісінше, жобаларды іске қосу кезінде бизнес бірқатар қиындықтарға тап болады.

Дегенмен, ЕАЭО-ның кейбір жетістіктерін атап өту маңызды. Мәселен, 2019 жылғы саммит барысында Нұр-Сұлтанда елдер арасындағы электр энергиясының өзара сауда тәртібін, мемлекетаралық қималардың өткізу қабілетін анықтау мен бөлу ережелерін реттейтін электр энергиясының ортақ нарығын қалыптастыру туралы келісімге қол қойылды.

Бұдан басқа, 2019 жылдың 1 желтоқсанынан бастап ЕАЭО-ға (Ресей, Беларусь және Қазақстан) қатысушы үш ел үшін туристік қызметтердің бірыңғай нарығы жұмыс істей бастады. Бірыңғай нарық туристік компанияларға қосымша заңды тұлғаны құрмай және басқа елдердің қызмет көрсетушілерінің тізіліміне енгізбестен үш елде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Жалпы, ЕАЭО елдерінің экономикалық егемендігін арттыру 2020 жылы негізгі бағыттардың бірі болуы тиіс. Ол үшін барлық қолжетімді заманауи қаржылық технологияларды қосу қажет. Бұл оларды долларға және басқа да шетел валюталарына азырақ тәуелді ете отырып, ЕАЭО елдерінің ұлттық төлем жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік берер еді. 

Сондай-ақ, ЕАЭО туралы шарт одақтың ортақ қаржы нарығын құруды көздейді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мүше мемлекеттер экономикалық интеграцияны кезең-кезеңімен тереңдетіп, қаржы нарығы саласындағы заңнамаларды үйлестіруді жүзеге асыратын болады.

Банк және сақтандыру секторларында, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара мойындау ортақ қаржы нарығының жұмыс істеуінің маңызды шартына айналады. Өзара тануды дайындау үшін аталған секторларға қойылатын талаптар айқындалатын болады. 

Қаржы нарығының тағы бір ерекшелігі — елдер 2025 жылы ұлттықтан жоғары қаржылық реттеуішті құру туралы уағдаласты, себебі қаржы – бұл өте маңызды, реттелген сала. Бірыңғай қаржы нарығын құра отырып, бір көзден қаржы нарығының субъектілерін қадағалауды, реттеуді қамтамасыз ету қажет.

Қаржы қызметтеріне өзара рұқсат беру бойынша кедергілерді алып тастау, капиталдың ортақ нарығын құру капиталды тиімді бөлуді қамтамасыз етуге, сын-тегеуріндерді әртараптандыруға, қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелестікті арттыруға, олардың сапасын жақсартуға және экономика үшін кредиттік ресурстардың құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Салық саясаты саласында жосықсыз бәсекені болдырмауға мүмкіндік беретін, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің еркін айналымына, соның ішінде: 

  • аса сезімтал акцизделетін тауарлар бойынша акциз мөлшерлемелерін үйлестіруге (жақындастыру);

  • өзара саудада, оның ішінде ақпараттық технологияларды қолдана отырып, қосылған құн салығын алу жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал ететін бағыттар анықталған.

Уағдаластықтар негізінде тауарлармен, қызметтермен өзара сауда-саттықта жосықсыз және бағалық бәсекелестікті болдырмауға мүмкіндік беретін кемсітпеушілік қағидасы қарастырылған.

Сондай-ақ ЕАЭО туралы шартта жеке тұлғалар жеке тұтыну тауарларын әкелген кезде қосылған құнға қосарланған салықты (ҚҚС) болдырмауға мүмкіндік беретін нормалар реттелген. Осылайша, одаққа мүше мемлекеттердің салық саясаты саласындағы стратегиясы шаруашылық жүргізуші субъектілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесуге және одаққа мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға әсер ететін салықтық кедергілерді жоюға бағытталған.

ЕАЭО туралы шарттың тағы бір маңызды қосымшасы медициналық қызмет көрсетуді қоса алғанда, тең әлеуметтік қамтамасыз етуді қамтиды.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше әрбір мемлекетте еңбек етушілер мен олардың отбасы мүшелері жұмысқа орналасқан мемлекеттің азаматтарымен тең дәрежеде және медициналық сақтандыру полисінің бар-жоғына қарамастан тегін медициналық көмек (жедел және шұғыл түрде) алуға құқылы.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 25 қазанында Мәскеуде (Ресей Федерациясы) өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында сауда ынтымақтастығы, Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру, зергерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы кооперация мәселелері бойынша Одақ елдерінің өзара іс-қимылы және тағы да басқа салаларда маңызды шешімдер қабылданған болатын.

ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары ЕАЭО мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуіне байланысты мәлімдемені қабылдады. Мүше мемлекеттердің Премьер-Министрлері, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян және Сербия Республикасы Үкіметінің төрағасы Ана Брнабич ЕАЭО мен Сербия арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қойды.

Сондай-ақ ЕАЭО аясында бағалы металдар мен асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімге, Одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге қол қойылды.

ЕАЭО елдерінің экономикаларын цифрландыру саласында және зергерлік салада бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, Одақтың цифрлық тәртібін іске асыру шеңберінде ЕАЭО және ЕЭК-ке мүше мемлекеттердің құзыреттер орталықтарының өзара іс-қимыл тәртібі бекітілді. Үкіметаралық кеңес мүшелері мүше мемлекеттердің зергерлік өнімдерін үшінші елдердің нарығына шығаруды ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу