Көмекке мұқтаж отбасыларға кешенді қолдау көрсетудің нақты регламенті әзірленеді – Светлана Жақыпова

Сейсенбі, 13 ақпан күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіподақтар федерациясының, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Жиында ведомство басшысы Светлана Жақыпова баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталып, алдағы басым бағыттарды атап өтті.

«Еліміздің басты құндылығы – адам», әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру біздің басты мақсатымыз, ол нақты және атаулы болуы тиіс». Мемлекет басшысының осы сөзін негізге ала отырып, министрлік 2023 жылы саладағы барлық бағыт бойынша ауқымды жұмыс атқарған.

2023 жылдың негізгі көрсеткіштері:

  • ТМД кеңістігінде алғаш рет әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған Әлеуметтік кодекс қабылданды;
  • Өткен жылдың басынан бері мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсетуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы толық көлемде жұмыс істеуде; 
  • Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды. Ол 2030 жылға дейін 3,8 млн сапалы жұмыс орындарын құруды көздейді;
  • Азаматтарды жұмыспен қамту бойынша шаралар іске асырылды, өткен жылдың ішінде 964 мың адам жұмысқа орналастырылды;
  • Жастарға арналған кәсіпкерлікті қолдау мақсатында
    5 640 жоба мақұлданды.
  • Әлеуметтік осал санатындағы адамдарға 9 100-ден астам гранттар берілді;
  • Жаңа Көші-қон саясаты тұжырымдамасының жеті бағыты бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. 
  • Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері қайта артты. Оны анықтаудың әдістемесі әзірленді;
  • 2023 жылғы желтоқсанда Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданып, оны іске асыру басталды;
  • Зиянды еңбек жағдайларында еңбек ететін тұлғаларды әлеуметтік қорғауды күшейту үшін 2024 жылдың басынан арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді;
  • Мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғау мақсатында 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа шаралар іске асырылды:
  • Интернет-платформалардағы жұмыс атқаратын, азаматтардың қызметін заңдастыру үшін Әлеуметтік,
    Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. 

Жиында Светлана Жақыпова биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың барысына тоқталды. Ол атаулы әлеуметтік көмек тек мұқтаж адамдарға ғана тағайындалатынын айтты.

2019 жылы АӘК-ті 2,2 млн адам алды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығару, мемлекет пен көмек алушылардың өзара міндеттемелерін қолдану жөніндегі белсенді шаралардың арқасында олардың саны 2023 жылы шамамен 600 мың адамды құрады.

Бұл ретте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әлеуметтік көмектің тиімділігі мен атаулылығын арттыру қажеттілігі туралы міндет қойды, бұл жәрдемге мұқтаж азаматтарды нысаналы қолдау үшін ресурстарды босатуға көмектеседі.

Светлана Жақыпованың сөзінше, министрліктің алдында Отбасының цифрлық картасын және мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен жаңа интеграцияларды пайдалана отырып, АӘК-ті толық трансформациялау міндеті тұр. Бұл қаражаттың атаулылығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында әлеуетті көмек алушыларды, бюджеттің шығыс бөлігін айқындауға мүмкіндік береді.

«Көмекке мұқтаж отбасыларға кешенді қолдау көрсетудің нақты регламенті әзірленетін болады», – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Сонымен қатар, АӘК трансформациясының барлық процестерінде адам факторын болдырмау үшін цифрландыру негізгі компонент болады.

Министр ҚР Президентінің тапсырмасын іске асыру аясында осы жылы еңбек мобильділігі орталықтарын трансформациялау жалғасатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмысқа орналасу нәтижелері бойынша мансап орталықтары жұмыскерлерінің қызметтеріне ақы төлеу міндетін қойды. Жергілікті жерлерде қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыру, сондай-ақ «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінде мотивациялық тетіктер жасау үшін мансап орталықтарының қызметкерлері үшін пилоттық режимде жұмысқа орналастыру бойынша нақты KPI анықталатын цифрлық жұмыс орны құрылады», – деді Светлана Жақыпова.

Ол мансап орталықтарының жұмысында кейс-менеджмент қағидаттары қолданылатынын атап өтті. Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін бірқатар цифрлық шешімдер қолданылатын болады.

«Жобаны іске асыру кезінде тұрақты жұмыс орындарын құруға, жастар үшін мемлекеттік гранттар мен микрокредиттерді іріктеу жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, мұқтаж азаматтарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Жаңа форматты сынақтан өткізу 1 мамырдан бастап Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында басталады», – деп хабарлады министр.

Ведомство басшысы «Мемлекеттік жоспарлау», «Мемлекеттік сатып алу» мен «Жұмыс орындарын құру мониторингі» ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде жобаларды жинау бойынша жұмысты автоматтандыру жүргізілетінін айтып өтті.

«Біз ұсынылған тәсілдерді іске асыру жобаларды жүзеге асыру кезеңдерін неғұрлым сапалы жоспарлауға, өткізілетін мемлекеттік сатып алулардың сапасын арттыруға, сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейін ЖІӨ-нің 15%-на дейін төмендетуге және еңбек пен жалпы алғанда экономиканың көлеңкелі нарығының деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп пайымдаймыз», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Кеңейтілген Алқа отырысының барысында Светлана Жақыпова Қазақстанда Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті құрылатынын хабарлады.

Ол өз сөзінде Мемлекеттік еңбек инспекциясының сатылы моделі Халықаралық еңбек ұйымы стандарттарының бірі екенін атап өтті. Еңбек министрлігінің үйлестіруі мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде еңбек инспекторларының тәуелсіздігі мен бейтараптығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, министр еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуға және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.

Еңбекминінің басшысы қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Бүгінгі күнде бұл бағытта жүйелі түрде орын алып отырған проблемалар байқалуда, мысалы, оқиғаларды жасыруды көздейтін жасырын жарақаттану, зиянды еңбек жағдайларына тартылған қызметкерлердің үлкен пайызы және т. б.

«Проблемаларды шешу үшін біз 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылатын еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды көздейміз. Ол: еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыруда жаңа тәсілдерді қолдану; жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесіне қызметкерлердің қатысуын жандандыру; білім сапасын арттыру және білімді тәуелсіз бағалауды енгізу арқылы еңбекті қорғау бойынша білімді тексеру; қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту есебінен еңбек жағдайларын жақсартуды және өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуді көздейді», – деді Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, Тұжырымдама аясында Отбасының цифрлық картасының аналогын – еңбекті қорғаудың тиімді мемлекеттік мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге, әрбір проблемалық мәселеге жедел және нақты қарауға мүмкіндік беретін Кәсіпорындардың цифрлық картасын жасау қарастырылған.

«Кәсіпорындардың цифрлық картасын 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап қолдана бастаймыз. Бұл нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді», – деп бөлісті ведомство басшысы.

Сонымен қатар, Светлана Жақыпова кәсіпорындар бойынша барлық мәліметтер Еңбекминистрлігінің ақпараттық жүйелеріне автоматты режимде жіберілетінін атап өтті. Жұмыс орындарының кәсіптік тәуекелдерін бағалау тетігі және кәсіпорынның өзін интегралды бағалау енгізілетін болады.

«Еңбек жағдайларын бағалау процесін цифрландыру мамандандырылған ұйымдар үшін талаптар қоюды көздейтін болады: олар онлайн режимде Министрліктің ақпараттық жүйелерінде зиянды өндірістік факторлардың болуы немесе болмауы туралы көрсеткіштерді тікелей беруге мүмкіндік беретін цифрлық жабдықта жұмыс істеуге тиіс», – деді Жақыпова.

Светлана Жақыпова Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми институт базасында кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мамандарды және мемлекеттік еңбек инспекторларын оқыту және олардың білімін тексеру жөніндегі онлайн-платформа іске асырылатынын хабарлады.

Светлана Жақыпова жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар шаралар туралы айтып берді.

«Ашықтықты қамтамасыз ету, шарттық талаптарды сақтау, сөз байласуды болдырмау мақсатында барлық шарттар бірыңғай платформада жасалатын болады. Кәсіптік тәуекел қатарын және сақтандыру тарифтерін айқындау процесі автоматтандырылатын болады. 2023 жылы заңнамаға түзетулер енгізілді, олар сақтандыру сыйлықақыларының 12%-на дейін алдын алу және оңалту іс-шараларын іске асыруға жіберуді көздейді. Жоспарланған шараларды іске асыру жұмыс берушілердің шарттар жасасуға мүдделілігін арттыруға, еңбек жағдайларын жақсартатын жұмыс берушілердің қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сондай-ақ, ведомство басшысы қазақстандықтардың еңбегіне лайықты ақы төлеуді қамтамасыз ету бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы атап өтті. Осылайша, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін неғұрлым икемді және ашық ету жоспарлануда.

«Азаматтық қызметшілердің цифрлық тізілімі құрылып, олардың бірыңғай «бұлтты бухгалтериясы» мен кадрлық есебі «HR Enbek» ақпараттық жүйесіне енгізілетін болады. Лауазымдарды теңестіру қағидатын енгізумен және базалық лауазымдық жалақыны, көптеген қосымша төлемдер мен үстемеақыларды оңтайландырумен еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралды. Сонымен қатар, зияндылық, үстеме жұмыс, экологиялық және т.б. үшін қосымша төлемдер мен үстемеақылар сақталады», – деп атап өтті Министр.

Оның айтуынша, жүйе бойынша ұсынылған өзгерістер әділ еңбекақы төлеу қағидатын сақтауға, қызметшілердің уәждемесін арттыруға және азаматтық қызметтен білікті кадрлардың кетуін азайтуға ықпал ететін болады.

«Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған келесі басым міндет – әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда қызметкерлердің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында еңбек қатынастарын декларациялау. Еңбек қатынастарының ашықтығын және жұмыс берушілердің еңбек шарттары бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету үшін дамыған елдерде табысты қолданылатын бірқатар цифрлық шешімдерді қарастырдық», – деп бөлісті Светлана Жақыпова.

Осылайша, құпиялылық пен шектеулі қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, кәсіпорындардың штат кестесі мен жалақысы «HR Enbek» ақпараттық жүйесінде ескерілетін болады. Платформада еңбек және ұжымдық шарттар жасасудың цифрлық форматы да қолжетімді. Сонымен қатар, барлық үшжақты келісімдер цифрландырылып, кәсіподақ қызметкерлері үшін автоматтандырылған жұмыс орындары құрылады.

Светлана Жақыпова платформалық жұмыспен қамтылған азаматтар үшін әлеуметтік кепілдіктерді реттеу және қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады.

«Қызметті ресімдеу және платформаларда жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 4% тіркелген пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген салық режимін енгізу, сондай-ақ платформа операторларын салық агенттері айқындау жоспарлануда», – деді ол.

Ведомство басшысы аталған тетікті сынақтан өткізу үшін өткен жылдан бастап Яндекс.Таксимен бірлесіп 4 мыңнан астам жүргізуші қатысатын пилоттық жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде бірқатар цифрлық шешімдер енгізіледі. Осылайша, азаматтарға платформалық жұмыспен қамтылған деп тану үшін жария шартқа қосылу жеткілікті болады, олар салық декларацияларын тапсырудан босатылады. Мемлекеттік органдар жүйелерінің ақпаратын интеграциялау арқылы жүргізуші куәлігінің болуы, соттылығы, медициналық тексеруден өту, автокөлікті техникалық байқаудан өту және т.б. туралы деректерді тексеру жүзеге асырылатын болады, ал барлық салық міндеттемелері мен әлеуметтік төлемдерді интернет-платформа операторы жүзеге асыратын болады. Өз кезегінде, онлайн режимде орындаушылар оператор жасаған төлемдердің дұрыстығы мен уақтылығын бақылай алады», – деді Светлана Жақыпова.

Кеңейтілген Алқа отырысында ведомство басшысы Светлана Жақыпова Қазақстандағы көші-қон процестерін реттеу және цифрландыру туралы баяндады.

Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде өткен жылы 7 бағыт бойынша жұмыстарды көздейтін 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы әзірленгенін және қабылданғанын еске салды.

Еңбекмині басшысы көші-қон процестерін реттеу жүйесін цифрландыру басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті.

«Мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жоспарлануда. Бұл біздегі барлық шетелдік жұмыс күшін автоматтандыруды және цифрлық есепке алуды қамтамасыз етеді. Міндетті ЖСН қалыптастыруды бір мезгілде енгізу шетелдік тұлғаның еңбек шарттарын және уақытша тұруға ықтиярхаттарын уақтылы тіркеуге мүмкіндік береді», – деді министр.

Ішкі және этникалық көші-қон саласында қабылданған шараларға қарамастан, солтүстік және оңтүстік өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздік проблемалары әлі де сақталуда.

Бейімделу проблемаларын шешу үшін келу өңірінде қоныс аударушыларды сүйемелдеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылының жаңа алгоритмі әзірленді. Ол жергілікті қоғамдастыққа тиімді интеграциялау үшін отбасын, оның ішінде балаларды, сондай-ақ әлеуметтік, денсаулық сақтау және білім беру қызметтерін қоса алғанда, 25 бейімделу және интеграциялық қызметтерді қамтиды. Қызметтерді қоныстандыру өңірлеріндегі мансап орталықтарының қызметкерлері көрсететін болады. Қоныс аударушылардың бейімделуін бақылау аймаққа келгеннен кейін 5 жыл ішінде Отбасының цифрлық картасы және мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылады.

«Жаңа алгоритм Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында сәтті қолданылуда, ол қандастар мен қоныс аударғандар арасында сұранысқа ие. Сондықтан алдағы уақытта пилотты басқа өңірлерге де масштабтауды жоспарлап отырмыз», – деді Светлана Жақыпова.

Министр бұған дейін еңбек көші-қоны саласында шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау мәселесі еш қарастырылмағанын атап өтті. Заңсыз көші-қонның көбеюі және отандастарымыздың құқықтарының бұзылуы олардың еңбек құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін енгізуді талап етеді.

«Бүгінде басқа елдерде жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты 8 жаңа үкіметаралық келісімге қол қою жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанды Оңтүстік Кореяның жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне (EPS) енгізу бойынша тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ, біз Қазақстан азаматтарының шетелде заңды еңбек қызметін ұйымдастыру үшін жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы.

Жиында Светлана Жақыпова биыл Қазақстанда инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданатынын хабарлады.

Еңбекмині мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оқшаулаудың, кемсітушіліктің, инфрақұрылым қолжетімділігінің жеткіліксіздігін, еңбек нарығындағы тең емес мүмкіндіктердің, арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасының төмендігі және т.б. өзекті мәселелерді шешу үшін қолданыстағы жүйені жетілдіру және цифрландыруды барынша енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

«Осылайша, 2024 жылы Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданады. Оның басты мақсаты – әрбір азамат дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құру», – деді Светлана Жақыпова.

Өткен жылы әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру аясында арнаулы қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау бойынша жұмыс басталды, атап айтқанда:

– арнаулы қызметтер көрсету орталықтарының бюджетін шоғырландыру;

– жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу;

– жаңа стандарттарды қабылдау және әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру.

Пилоттық жоба 2023 жылы Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында басталды.

Министрлік оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің кейбір түрлерін монетизациялау мәселесін пысықтауда. Бірінші кезең ортопедиялық аяқ киім мен гигиеналық құралдарды монетизациялауды қарастырады.

«Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың алдында барлық объектілердің қолжетімділігінің интерактивті картасына енгізу және оларды халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қажеттіліктеріне бейімдеу жөнінде шаралар қабылдау міндеті тұр», – деп атап өтті министр.

Оңалту іс-шараларының тиімділігін бақылау және арттыру мақсатында Оңалтудың цифрлық күнделігін әзірлеу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің, Астана медицина университетінің қолдауымен әлеуметтік және кәсіптік оңалтудың цифрлық хаттамалары әзірленді, оларды енгізу әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік саланы дамытудың бірінші ұлттық ғылыми орталығын жаңғырту шеңберінде мүгедектігі бар адамдарды сәтті және тиімді оңалту мақсатында жаңа технологияларды әзірлеу жөніндегі жекелеген зертханалар жұмыс істейтін болады.

«Біз протездік-ортопедиялық саланы, есту-сөйлеуді оңалтуды трансформациялауды, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша әдіснамалық орталық құруды, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер үшін кәсіптік стандарттарды жаңартуды көздейміз. Жоғарыда аталған барлық шараларды жаңартудың күтілетін нәтиже мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту болады», – деп түйіндеді Светлана Жақыпова.

Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша ЕХӘҚМ Светлана Жақыпова барлық көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға нақты жұмыс ұйымдастыруды, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласының өзге де мәселелері назардан тыс қалмауын тапсырды.

#Жұмыспен қамту #ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу