Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Мәдени мұра, салауатты өмір салтын ұстану, отандық киноны қолдау - Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай іске асырылуда

Дүйсенбі, 19 Қазан 2020, 16:00:25

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру барысы туралы айтып берді.  

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды.

А. Райымқұлова атап өткендей, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына халықты, оның ішінде ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру міндеті қойылды. 

Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Кәсіби спорт клубтарын ұстауға жіберілетін қаржы қаражатын халықты, ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға қайта бағдарлау» және «Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру» бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда. 

«Өздеріңіз білетіндей, Жолдауда Мемлекет басшысы тарапынан қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клуб­тарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқтығы сын ретінде айтылды. Бүгінгі күні республика бойынша 36 мыңнан астам адам жаттығатын 97 бірлік кәсіби спорт клубтары бар», — деді министр.

Отандық кәсіби спорт клубтарының көпшілігі жергілікті бюджет есебінен жұмыс істейді. Олардың кейбіріне ұлттық компаниялар немесе жеке меншік иелері қолдау көрсетеді. 

Мәселен, 2019-2020 жылдары еліміздің 17 өңірінде жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, елеулі нәтижелердің болмауына қарамастан, қаражаттың көп бөлігі футбол және хоккей клубтарын ұстауға жұмсау жалғасуда.

Мәдениет және спорт министрлігі (а.ж. 3 қазанда) барлық республикалық ойын федерацияларымен (футбол, хоккей, гандбол, волейбол, баскетбол, регби, көгалдағы хоккей және т.б.) кеңес өткізді. Кеңес барысында жоғарыда аталған клубтардың қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілдері талқыланды. Клубтар спортшыларды ұстауға өз бюджетінің 50%-на дейін қаражат жұмсайтындықтан федерациялардан спортшылардың жалақысын реттеу бойынша ұсыныстар келіп түсті.

Сонымен қатар, 5 қазаннан бастап Мәдениет және спорт министрлігі кәсіптік спорт клубтарын ұстауға бағытталатын қаржы қаражатын қайта бағдарлау мәселесі бойынша бірыңғай тәсілдерді әзірлеу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың дене шынықтыру және спорт, қаржы, экономика басқармаларының басшыларын тыңдауды жүргізуде.

Бүгінгі күні министрлік бюджет қаражатынан төлемдердің рұқсат етілген нормасын анықтау мақсатында спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб жетекшілеріне жалақы төлемдерін заңды деңгейде реттеу бөлігінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралуда жатқан заң жобасына түзетулер әзірледі. Бұл мәселе ҚР Мәжілісінің жұмыс тобының отырысында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.

 

Облыстарда, қалалар мен ірі аудан орталықтарында балалар үйірмелерінің жұмысы жандануда  

Балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау мақсатында барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. 

«Қазіргі уақытта дене шынықтыру және спорт ұжымдарында 127 703 спорт секциясы жұмыс істейді, онда 5 млн астам адам қамтылған. Спорт секцияларын құру бойынша көшбасшы өңірлер қатарында Ақтөбе облысы – 18 034 бірлік, Шығыс Қазақстан облысы – 11 540 бірлік, Түркістан облысы – 11 332 бірлік және Қызылорда облысы – 10 281 бірлік», — деді А. Райымқұлова.

Сонымен қатар, республикада 477 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі жұмыс істейді, оның ішінде 142-сі (29,9%) олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп, оларда 357 мыңнан аса балалар мен жасөспірімдер спортпен шұғылданады. 

Жалпы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны барлық оқушылар санының 17,06%-ын құрады

Спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің жұмысын қалпына келтіру мәселесі бойынша бірыңғай тәсілдерді әзірлеу мақсатында жергілікті атқарушы органдардың басқармаларын тыңдау жүргізілуде.

Бекітілген Жол картасы шеңберінде  «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Мәдениет туралы» ҚР заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, еңбек ұжымдарында спорт секцияларының желісін кеңейту, балалар мен жасөспірімдердің клубтары мен дене шынықтыру даярлығы клубтарының жұмысын белсендіру, сондай-ақ балалар үйірмелерін ашу бойынша тұжырымдаманы, республикалық және облыстық мәдениет ұйымдарының іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту бойынша шаралар көзделген.

Мәселен, Жол картасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар қосымша спорт секцияларын ашу бойынша егжей-тегжейлі ақпарат ұсынатын болады (а.ж. 22 қазанға дейін). Ал балалар үйірмелерін ашу жөніндегі республикалық және облыстық мәдениет ұйымдарының іс-шаралар жоспары ағымдағы жылғы 15 қарашаға дейін бекітілетін болады. 

А. Райымқұлова дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында Мәжіліс депутаттары бұқаралық спортты дамыту үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту бойынша түзетулерді қарастырғанын атап өтті. Біріншіден, бұл балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары желісін кеңейту, екіншіден, халықпен жұмыс істеу үшін спорт нұсқаушыларын қамтамасыз ету. Сондай-ақ, бұл мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен (мәдениет және спорт, қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен) бірлесіп кеңінен талқылануда.

«Заңнамаға түзетулер енгізілгенге дейін балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтарының қызметі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен реттелгенін атап өткім келеді, бірақ бұқаралық спортты дамытудың маңызды рөлін, халықты, бірінші кезекте балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуды ескере отырып, осы норма заң деңгейіне шығарылуда», — деді министр.  

Балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіруге қатысты министрлік еліміздегі жұмыс істеп тұрған балалар үйірмелерінің қамтамасыз етілуіне және нормативтік-құқықтық базасына талдау жүргізілді.

Жалпы, елімізде балаларға арналған 3 212 қолданбалы шығармашылық үйірмесі,  әуесқой бірлестіктер мен клубтар жұмыс істейді.

Өңірлік бөліністе бұл үйірмелердің ең көп саны Алматы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарында тіркелген. 

Білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыру, жалпы мәдениетті, салауатты өмір салтын қалыптастыру және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру мақсатында Білім және ғылым министрлігімен, мүдделі ұйымдармен, қорлармен, сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен бірлесіп, Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңына тиісті түзетулер енгізу туралы мәселе пысықталуда.

Заңға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізіледі және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі сияқты қосымша білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың әдістемесі әзірленеді, онда есептеу алгоритмдері, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлемі және жергілікті бюджеттен қаржыландырудың нақты тетіктері айқындалатын болады.

Сонымен қатар, бүгінгі күні қолданыстағы заңнамада мәдениет ұйымдарының балаларға қосымша білім беруді қамтамасыз ету құзыреті жоқ екенін атап өткен жөн. 

Бұл шара мәдениет ұйымдарына қосымша білім беру бағдарламаларын (балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын, мәдениет пен өнер саласындағы бейімділіктері мен қызығушылықтарын дамыту) іске асыруға құқық береді, балалармен және жасөспірімдермен жұмысты жандандыруға, сондай-ақ мәдениет объектілерін пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Қазақстанда «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасы іске қосылды 

Сонымен қатар, балалардың тұлғалық айқындалуын дамыту, олардың қабілеттерін іс жүзіне асыру, оқушылардың адамгершілік және рухани дамуы үшін қосымша білім берудің маңыздылығын ескере отырып, министрлік ағымдағы жылдың 4 қазанында «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын іске қосты.

Жоба 1-11 сынып оқушылары үшін әзірленген және ұзақтығы 10-15 минуттан аспайтын онлайн-форматтағы қысқа бейне-сабақтарды қамтиды. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды турлар жасай алады, опера, балет, драма өнерінің үздік үлгілерін, қазақстандық және шетелдік қызықты кинофильмдер мен мультфильмдерді көріп, таңғажайып музыкалық туындыларды тыңдай алады.

Оқушыларға madeni-m.kz сайтында қазақ және орыс тілдерінде музыкалық өнер, театр өнері, кинематография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан атты 5 бағыт бойынша барлық білім беру бейне-сабақтары еркін қолжетімді.

Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру балалар мен жасөспірімдер арасында дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды, сондай-ақ балалардың бос уақытында іспен шұғылдануын қамтамасыз етеді, олардың таланттарын ерте сатысында анықтап, балалардың одан әрі дамуына ықпал ететін болады.

Өз кезегінде министрлік Мемлекет басшысының Жолдауында аталған стратегиялық міндеттерді мүлтіксіз орындауды қамтамасыз ететін болады. 

 

Қазақстандық спортшылар халықаралық чемпионаттарға қатысады 

Сонымен қатар А. Райымқұлова Денсаулық сақтау министрлігінің спортшылардың шетелге шығуына тыйым салуына байланысты қазақстандық спортшылардың оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуы туралы айтты.

2020 жылғы 13 қазандағы коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамалық шешімінің негізінде ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатының ойындарына қатысу үшін «Астана» президенттік баскетбол клубының мүшелеріне Қазақстан Республикасынан шығуға және  елге қайта келуіне рұқсат етілді. Бұл шешім ВТБ Бірыңғай лигасында чемпионат матчтарын өткізу кезінде санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу тәртібі жасалғанын ескере отырып қабылданды. Мұндай спорттық іс-шаралардан бас тартқан жағдайда, регламенттерді сақтамау ретінде осы чемпионатқа қатысушылардың қатарынан шығаруға дейінгі айыппұл санкциялары қарастырылған. 

ҚР ұлттық футбол құрамасына келетін болсақ, қазіргі уақытта УЕФА қамқорлығымен ҚР үш футбол құрамасы қатысады: ҚР ұлттық құрамасы, 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы, сондай-ақ ҚР әйелдер құрамасы. Бүгінгі таңда осы құрамалардың қатысу кестесі жасалды. Сондай-ақ, УЕФА талаптары бойынша Қазақстан құрамасы бірқатар жолдастық кездесулер өткізуі тиіс, олай болмаған жағдайда регламентке сәйкес айтарлықтай салмақты тұжырымдар жасалатын болады. 

А.ж. 20 шілдедегі ВАК хаттамасының белгіленген тармақтарына сәйкес 2020 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейін УЕФА Ұлттар лигасының матчтарына, сондай-ақ жастар, әйелдер және қазақстандық мамандар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдеріне қатысу үшін Қазақстан ұлттық, жастар және әйелдер құрамаларының ҚР-дан кетуіне және кері келуіне рұқсат берілді. Денсаулық сақтау министрлігінің спортшылардың шетелге шығуына тыйым салуына қатысты, Бас санитарлық дәрігер мен Денсаулық сақтау министрлігі қоятын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес барлық алгоритмдер, регламенттер пысықталды. 

«Әрине, бүгінгі күні біз де спортшыларымыздың денсаулығына ерекше көңіл бөлеміз. Естеріңізге сала кетейік, барлық турнирлер көрермендердің қатысуынсыз өтеді, тек спортшылар ойнайды, бүкіл әлемде мұндай тәжірибе жүріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, бір жылдан аз уақыт ішінде Олимпиада ойындарын, әлем чемпионаттарын, Еуропа чемпионаттарын өткізу жоспарланып отыр. Біздің спортшылардың қатысуы, олардың спорттық формасын сақтауы өте қажет. Сондықтан, барлық тәуекелдерді ескере отырып, барлық қажетті шараларды нормаларға сәйкес жүргізе отырып, ҚР ВАК барлық нормаларды сақтай отырып, біздің құрамалардың осы іс-шараларға қатысуы мүмкін деп санады. Біз барлық нормалардың орындалуын өзіміз қадағалаймыз», — деді А. Райымқұлова.

ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының м.а. Серік Жарасбаев шекарадан шығатын барлық спортшылардың міндетті түрде ПТР-тест тапсыратынын және ВАК қойған барлық талаптарға сай келуі тиіс екенін атап айтты. Оның айтуынша, бүгінгі күні спорттың ойын түрлері үшін елден шығуға рұқсат етілген. Бұл — ВТБ Лигасына қатысу үшін баскетбол, ұлттық лигаларға қатысу үшін футбол және ҚХЛ-ға қатысу үшін «Барыс» ХК. Олардың барлығы міндетті түрде ПТР-тест тапсырады. Олар сол жерге ойындарға кетіп, келгеннен кейін де сол талаптарға сәйкес елге кіреді. Егер олардың біреуіне карантинде отыру қажет болса, онда әрдайым команда құрамында құрамды өзгерте алатын қосалқы ойыншылар болады.  

С. Жарасбаев ВАК-тың соңғы отырысында спортшылардың оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуын шектеу туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл норма жоғарыда аталған клубтарға ғана қолданылмайды, өйткені олардың белгілі бір міндеттемелері бар. Басқа спортшылардың елден шығуына келетін болсақ, ВАК-та әрбір мәселе жеке қаралатын болады. 

«Келесі жылы Олимпиада ойындарын ешкім жойған жоқ. Әрине, оларға дайындалу керек. Белгілі бір лицензиялық турнирлер бар, оларда біз қазір лицензияларды жеңіп алуымыз керек. Бұған мысал ретінде Будапешттегі дзюдодан гранд слэмді келтіруге болады, оған қатысу мәселесі ВАК-та да қаралды. Менің ойымша, бұл оң қолдауға ие болады. Осындай өзекті мәселелерді біз уәкілетті орталық орган ретінде Федерацияның, Олимпиада комитетінің және Паралимпиада комитетінің ұсынысы бойынша ВАК-тың қарауына шығаратын боламыз», — деді С. Жарасбаев.

 

Мәдени игіліктер халық үшін толық қолжетімді болуы тиіс   

А. Райымқұлова музейлерде түсірілім жүргізуге ақы төлеу талабы туралы мәселесіне қатысты түсінік берді. 

«Мәдениет туралы» Заңға сәйкес, барлық ұйымдар, олардың құрамына қарамастан, мәдени көрікті жерлер мен мұраларға толық қолжетімділікті қамтамасыз етуі керек. Сонымен бірге, «Мәдениет туралы» Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік музейлер мен музей-қорықтар өздерінің негізгі қызметіне жатпайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуге құқылы. Яғни, жеке және заңды тұлғалармен келісім бойынша олар міндетті емес қызметтер үшін ақы алуға құқылы. А. Райымқұлованың айтуынша, бүгінгі таңда министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдарда мәдени құндылықтарға қолжетімді болуы мен қолжетімділігі негізгі постулаты орындалуда. Бейнетүсірілімдер өзара келісім және келіссөз бойынша жүргізіледі. Фототүсірілімдер тегін жасалады және жүргізіледі.

«Әрине, біз бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен және ҚР ведомстволық бағынысты ұйымдары болып табылмайтын ұйымдармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Біздің ұстанымымыз — біздің мәдени игілігіміз — мұражайлар, театрлар — біздің халқымыз үшін толық қолжетімді болуы тиіс. Әрине, егер ақылы қызметтер үшін белгілі бір баға прейскурсанты болса, ол міндетті түрде ұсынылуы керек және өзара келісіммен жүзеге асырылуы мүмкін», — деді А. Райымқұлова.

 

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өту туралы 

А. Райымқұлованың айтуынша, пандемия салдарынан Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған көптеген іс-шаралар қысқартылды. Осыған байланысты ақынның мерейтойын атап өтуге бөлінген 1,7 млрд теңге республика бюджетіне қайтарылды.  

«Осы іс-шараларды өткізуге жұмсауға жоспарланған қаражатты біз қысқартып, мемлекеттік бюджетке қайтару қажет деп таптық, олар өз кезегінде пандемия кезіндегі шығындар үшін бөлінді», — деді А. Райымқұлова.

Қалған қаражат Шығыс Қазақстан облысындағы инфрақұрылымды жақсарту, Семей қаласындағы негізгі музейді музейлендіру, Ахмет Риза мешітін, Абай оқыған мектепті, республикалық Жидебай Бөрілі қорық мұражайына кіретін үлкен тарихи кешенді, Ұлжан мен Зере апа моласын, Сыртқы Қасқабұлақ, Ақшоқы, Абай Құнанбаевтың қыстағын реставрациялау жұмыстарын жүргізу үшін пайдаланылды. Бұл құралдар мен мүмкіндіктер инфрақұрылымды жақсарту, кітап шығару үшін пайдаланылды. Абай Құнанбаевтың шығармаларынан тұратын 10 томдық басып шығарылды. Негізгі мұражай аумағында Абай мен оның ұлдарына ескерткіш тұрғызылды. Оны Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынды, сондай-ақ жеке меншік қаржы көздерінен және жергілікті бюджеттен демеушілік көрсетілді. 

Жыл соңына дейін инфрақұрылымды жақсарту, кітаптар шығару және бірнеше онлайн-іс-шараларды ұйымдастыру бойынша жұмыстар атқарылатын болады.

 

Еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай кинотеатрларды әлі ашуға мүмкіндік бермейді 

«Пандемия басталғаннан бері барлық мәдени және спорт мекемелерінің қызметі тоқтатылды, шектеу шараларын жеңілдету туралы шешімдер Ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды. «Атамекен» ҰКП, киноиндустрия қызметкерлері, прокатчиктердің қатысуымен 10 кездесу өткізілді, нәтижесінде кинотеатрлар ұсынылған преференциялар мен салық жеңілдіктері тізіміне енгізілді. Біз кинотеатрлардың жұмысын бастаудың барлық алгоритмін пысықтадық. Барлық қауіптер туралы айтылды, кинотеатрлар барлық сақтық шараларын сақтаумен бірнеше рет өз қызметін бастауға дайын болды. Алайда, бас санитарлық дәрігерлер мен Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі эпидемиологиялық жағдайда кинотеатрларды ашу ертерек деп санайды», — деп түсіндірді А. Райымқұлова.

Министрдің айтуынша, кинотеатрлар өте үлкен шығындарға ұшырап жатыр.

«Біздің мәліметтеріміз бойынша бүгінде кинотеатрлар 20 млрд теңгеге дейін шығынға ұшырады. Кинотеатрлар жыл соңына дейін табыс салығынан, әлеуметтік салықтан босатылды, сондай-ақ олар зейнетақы төлемдерінен босатылды. Оларға қатысты тексерулер тоқтатылды. Мемлекет тарапынан кинотеатрдың шығынын азайту үшін барлық шаралар қабылдануда», — деп сендірді ведомство басшысы.

Сонымен қатар А. Райымқұлова әлеуметтік желілерде қызу талқылауға түсіп жатқан «Борат» екінші фильмінің шығуы туралы айтты. 

«Әрине, ешкім осы атпен екінші фильмнің пайда болу фактісін елемей алмайды. Біз қазақстандықтар ретінде бұқаралық ақпарат құралдарында екінші фильмнің пайда болғанынан хабардар болып отырмыз. Бірақ менің ойымша, шығармашылық адамы ретінде олар өздерін қалағандай көрсете алады. Алайда бұл адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, белгілі бір елдің азаматтарының ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты болмаған кезде. Бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігі біздің елде көрсету үшін прокат туралы өтініш берілген кезде ресми түрде әрекет ете алады. Бүгінгі күні ешқандай ресми мәлімдеме болған жоқ, сондықтан министрлік ресми түрде жауап бермейді. Бірақ қазақстандық ретінде бұл маған әсер етті», — деді министр.

Оның айтуынша, елдің имиджі оны қазақстандықтардың өздері қалай көрсететініне байланысты.

«Бұл біздің спортшыларымыздың, шығармашылық адамдардың жетістіктері. Менің ойымша, ақпаратты дұрыс қабылдайтын адамдар бүкіл әлемде бар, олар мұның белгілі бір адамдардың қиялы екенін көреді. Сондықтан Мәдениет және спорт министрлігі ресми түрде ешқандай түсініктеме берген жоқ, өйткені бізге мұндай ресми хабарламалар түскен жоқ. Біздің еліміздің аумағында көрсетуге жобалық куәлік берілмейтін бірнеше тармақ бар. Сондықтан, бұл фильм туралы ештеңе білмей отырып, мен қазір ештеңе айта алмаймын. Бірақ менің ойымша, біз бұл мәселені мұқият қарастыратын боламыз», — деді ведомство басшысы.

 


Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз


Жаңалықтар тізбегі
01 Желтоқсан 2020, 12:58
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады  
30 Қараша 2020, 18:49
«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын ұлғайту» пилоттық жобасын іске асыруды жалғастыруға қатысты депутаттық сауал
30 Қараша 2020, 18:10
Заңнамалық актілерге ревизия жүргізу және заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету — М. Бекетаев Президент Жолдауының іске асырылуы туралы айтып берді
30 Қараша 2020, 17:01
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ШЫҰ мемлекеттерінің агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды
30 Қараша 2020, 16:05
Қазақстанда Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылады
30 Қараша 2020, 10:51
2 желтоқсан күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
30 Қараша 2020, 10:15
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №785 Қаулысы
30 Қараша 2020, 10:02
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 19 қарашадағы №775 Қаулысы
30 Қараша 2020, 09:57
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 17 қарашадағы №768 Қаулысы
29 Қараша 2020, 09:57
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №88
27 Қараша 2020, 10:12
Әлихан Смайылов ЕЭК Кеңесінің онлайн отырысына қатысты
26 Қараша 2020, 18:51
Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаңа Жеңіл атлетика спорт кешеніне барды
26 Қараша 2020, 18:47
Нұрсұлтан Назарбаев Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына барды
26 Қараша 2020, 18:41
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен әңгімелесті
26 Қараша 2020, 18:38
Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты қабылдады
25 Қараша 2020, 17:24
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті
25 Қараша 2020, 16:54
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №783 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:43
Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезіне қатысты
25 Қараша 2020, 16:42
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №779 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:39
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 18 қарашадағы №770 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:35
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 17 қарашадағы №769 Қаулысы
24 Қараша 2020, 19:53
ЖЭК дамыту және процестерді цифрландыру — ҚР Президентінің энергетика саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары қалай іске асырылуда
24 Қараша 2020, 18:45
Нұрсұлтан Назарбаев «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пяны қабылдады
24 Қараша 2020, 17:40
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті
24 Қараша 2020, 16:13
ЕАЭО нарығы, өнеркәсіптік кооперация және тауар айналымы: Қазақстан экономикалық интеграция жүйесінде қалай дамуда
24 Қараша 2020, 14:07
ҚР Үкіметінің отырысы, 24.11.2020
24 Қараша 2020, 12:11
Қазақстанда орманды алқаптарда 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады - ЭГТРМ
24 Қараша 2020, 11:47
Е. Тоғжанов COVID-19 қарсы отандық вакцина шығаратын зауыттың салыну барысымен танысты
24 Қараша 2020, 11:36
Соңғы 5 жылда ҚР-да 1 334 км магистральдық газ құбыры және 20 мың км астам тарату желілері салынды 
24 Қараша 2020, 10:01
А. Мамин: елдегі экологиялық ахуалды жақсарту — Үкіметтің басым міндеті
24 Қараша 2020, 09:39
Үкіметте елді мекендерді газдандыру мәселесі қаралды
23 Қараша 2020, 19:27
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин COVID-19 жөніндегі ВАК отырысын өткізді 
23 Қараша 2020, 18:29
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
23 Қараша 2020, 17:02
Электромобильдер өндірісі, жаңа зауыт және экспорттық нарықтарға шығу — Қазақстанның машина жасау саласын жаңа шынайылық жағдайында дамыту
23 Қараша 2020, 14:30
24 қараша күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
23 Қараша 2020, 14:21
Сенат депутаттарының шағын және орта бизнесті дамыту туралы сауалы
23 Қараша 2020, 13:46
Үкімет отандық бизнестің қызметінің жағдайын жақсарту шараларын қарастыруда
22 Қараша 2020, 09:58
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №87
21 Қараша 2020, 16:38
Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Түркістан қаласында келіссөз өткізді
20 Қараша 2020, 18:25
Асқар Жамбакин ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымына тағайындалды
20 Қараша 2020, 16:09
Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік делегациямен кездесті
20 Қараша 2020, 13:40
Инновациялық технологиялар, электрондық құжаттама және шығындарды азайту: денсаулық сақтау саласында цифрландыру қалай дамуда
19 Қараша 2020, 20:20
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады
19 Қараша 2020, 18:49
Мемлекет басшысы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы Ахметқал Медеуді қабылдады
19 Қараша 2020, 18:48
Елбасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовті қабылдады
19 Қараша 2020, 18:41
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады
19 Қараша 2020, 17:53
Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты
19 Қараша 2020, 17:19
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 13 қарашадағы №762 Қаулысы
18 Қараша 2020, 21:19
Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынына қатысты
18 Қараша 2020, 16:22
Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.