Жаңа «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, МЖӘ және шетелдік нөмірлері бар автокөліктерді тіркеу: Үкімет отырысында және кулуарында не талқыланды

Биылғы 22 қазанда Үкіметтің кезекті отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы қаралды, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті, оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері қатысты. Үкімет кулуарларында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өзекті мәселелер бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. 

Бірінші мәселені қарау барысында Премьер-Министрге соңғы 5 жылда көлік саласын дамытуға шамамен 5,8 трлн теңге инвестиция бағытталғаны баяндалды. 

Осындай ауқымды салымдардың арқасында:

  • ЖІӨ-дегі көлік үлесі 2018 жылы 7,9%-дан 8,2%-ға дейін өсті, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 8,3% деңгейінде күтілуде;

  • 400 мыңнан астам жұмыс орны құрылды;

  • еңбек өнімділігі – 1,7 есеге артты. Контейнерлердің жалпы транзиті 3 есе өсті;

  • 3 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланды, 15 мың шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөнделді, 1,4 мың шақырым жаңа темір жол пайдалануға берілді;

  • Орал, Петропавл, Алматы, Семей, Қостанай, Балқаш әуежайларында 6 ұшу-қону жолағы жаңғыртылды. 

Үкімет басшысы А. Маминнің айтуынша, тұрақты көліктік-логистикалық жүйе қалыптасты. Соның нәтижесінде Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансконтиненталды көпірге айналды.

«Елбасының аймақтық көліктік-логистикалық хаб құру және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі міндеттері белсенді жүзеге асырылу сатысында», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Бағдарламаны іске асырудың табыстылығын ескере отырып, Министрлер кабинеті «Нұрлы жол 2» деп аталатын, 2020-2025 жылдарға арналған жаңа Мемлекеттік бағдарлама жобасын қарады. 

Екінші бес жылдықты іске асырудың болжамды көрсеткіштері мынадай: 

  • автожол инфрақұрылымын дамыту аясында республикалық желінің 10 мың шақырым жолын реконструкциялау және 11 мың шақырымын жөндеу, 27 мың шақырым жергілікті желі жолын жөндеу жоспарланған;

  • темір жол саласында «Достық – Мойынты» учаскесін жаңғырту және «Мойынты – Ақтоғай» учаскесін электрлендіру көзделген;

  • шағын әуе желілерін дамыту мақсатында 16 аэродром салу жоспарланған.

Автомобиль көлігі саласындағы ұлттық стандартқа сәйкестендіру мақсатында шамамен 133 автостанция/вокзал және жолаушыларға қызмет көрсету пунктерін салу және жаңғырту жоспарланған. 

Жалпы, «Нұрлы жол» жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру 551 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Елбасы “Nur Otan” фракциясының жақында өткен отырысында атап өткендей, “Нұрлы жол” бағдарламасының жаңа бес жылдығы еліміздің көлік инфрақұрылымы мен транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған негізгі мемлекеттік бағдарламалардың бірі», — деді А. Мамин.

Отырыстың екінші бөлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелеріне арналды. Бұл ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін ынтымақтастықтың өзара тиімді тетігі. Мәселен, қажетті қаражаттары кезең-кезеңімен төленетін ауруханалар, мектептер. Екінші жағынан, аталған құжат елімізде бизнестің дамуына елеулі қарқын береді. Оң әсерлерінің қатарында — жеке инвестициялар тарту және жаңа жұмыс орындарын құру. 

МЖӘ жобаларын талқылау аясында, Үкімет басшысына МЖӘ тетіктері енгізілген сәттен бастап жалпы 1,6 трлн теңге сомасына 615 келісімшарт жасалғаны баяндалды. Алдағы 5 жылда тек 16 ірі аурухананы салуға 838,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Білім беру саласында 243 млрд теңге сомасына 558 МЖӘ жобасы іске асырылып жатыр.

«МЖӘ дамыту – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі», — деп Премьер-Министр, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыруды, оның ішінде көлік және энергетикалық, ТКШ саласында, бұл мақсатта МЖӘ дамытудың озық халықаралық тәжірибесін ескерумен заңнамаға қажетті өзгерістерді пысықтауды тапсырды. 

Отырыс қорытындысы бойынша журналистердің бірінші «Нұрлы жол» бағдарламасының қорытындысы және жаңа мемлекеттік бағдарлама жобасына қатысты сұрақтарына ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомбиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының орынбасары Қайриден Нұркенов жауап берді.

Өз сөзінде Б. Камалиев 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы қысқаша айтып берді. Оның айтуынша, бұл жылдар ішінде көлік, темір жол, авиация, транзиттік салаларда ауқымды жұмыстар атқарылған. Республикалық маңызы бар 3 мың шақырым автожол салынды және реконструкцияланды. Олар — Алматы – Қорғас учаскелері және Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізінің Қордай асуынан айналып өту, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан – Қарағанды, Нұр-Сұлтан – Павлодар – Семей – Қалбатау, Алматы – Талдықорған, Көкшетау – Петропавл, Ақтау – Шетпе, Орал – Каменка, Бейнеу – Ақжігіт және т.б. Жергілікті автожолдар желісіне ерекше көңіл бөлінген. Өткен 5 жылда облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды дамытуға 590 млрд теңге бөлініп, 15 мың шақырым жол жөнделген. 

Тілшінің ақылы жолдарға, олардың сервис пен ақталуына сәйкестігіне байланысты сұрағына жауап бере отырып, Б. Камалиев қазіргі кезде ақылы жолдардың ұзындығы 682 шақырымға дейін ұзартылғанын айтты. Олар — Нұр-Сұлтан – Щучинск (211 км), Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 км), Алматы – Қапшағай (42 км), Алматы – Қорғас (295 км) жолдары, олардан жиналатын алымдар 4 млрд теңгеден асады, бұл осы жолдарды ұстауға кететін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. 

«200 шақырым үшін біз 200 теңге төлейміз, демек, 1 шақырымы – 1 теңге. Сервисті жақсарту үшін жыл бойы автожолдарды біздің климаттық жағдайларды ескерумен жақсы күйде ұстау керек. Тас жолдардың бойындағы сервис нысандарына келсек, бізде бағдарлама қабылданған, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Біз ШОБ-пен бірге қаржылай қолдау тетіктерін әзірлегіміз келеді. Біздің тарапымыздан – бұл инфрақұрылым, оның ішінде инженерлік желілерді жүргізу», — деді Б.Камалиев.

Автожолды пайдаланушыларды сапалы жол бойы сервисімен қамтамасыз ету мақсатында 1822 нысанның 1 мыңы Ұлттық стандартқа сәйкестендірілді. Бюджет және жеке капитал есебінен қосымша 73 нысан салынды. 

Ақпараттық агенттіктің «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында авиация саласының дамуы туралы сұрағына жауап бере отырып, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі авиация саласы мемлекеттің негізгі салаларының бірі екенін айтты. 

Бағдарлама іске асырылған жылдары Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалы салынды, Орал, Петропавл, Алматы, Семей, Қостанай, Балқаш әуежайларында 6 ұшу-қону жолағы жаңғыртылды. Халықаралық авиамаршруттар саны 99-ға жетті, Гонконг, Токио, Ұлан-батыр, Прага сияқты жаңа бағыттар ашылды. 2012 жылдан бастап Қазақстанда 51 әуе компаниясы жұмыс істейді. 

«Ведомствоның алдына қойып отырған негізгі мақсаты – әуе билеттерінің құнын төмендету, барлық өңірлерде әуежайларды іске қосу, Сингапур, Шанхай, Нью-Йорк қалаларына жаңа халықаралық бағыттар ашу, қазақстандық әуе компанияларының деңгейін көтеру», — деді вице-министр.

Азаматтық авиация саласында бесжылдық қорытындысы бойынша отандық әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 16,2 млн адамға дейін өсті, 8,1 млн жолаушы тасымалданды, бұл 2014 жылға қарағанда 47%-ға артық. 

Автобус паркін жаңарту және жаңа жолаушылар вагондарын пайдалануға беру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы сұраққа Б. Камалиев бүгінде автобус парктерінің тозуы 23%-ға төмендетілгенін айтты. 

«Бүгінде парктің тозуын біз 65%-дан 42%-ға дейін төмендеттік, 2025 жылдың соңына дейін 30%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Биыл 63 вагон сатып алдық, жыл соңына дейін тағы 43 вагон аламыз. Әрбір 5 жыл сайын 100 вагоннан сатып аламыз. Біз “Трансмашхолдинг” АҚ-мен ауқымды келісімшарт жасасқанбыз, вагондардың Қазақстанда жергіліктендірілуін қалаймыз», — деді вице-министр. 

«Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі аясында 600 жолаушылар вагоны мен 144-ке жуық отандық локомотив сатып алуға 657 млрд теңгеге жуық қаражат бөлу жоспарланған.

Өз кезегінде, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті төрағасының орынбасары Қайриден Нұркенов модератордың автобус паркінің тозуын қысқарту бойынша сұрағына жауап бере отырып, автокөлік құралдарын дамыту аясында Жолаушылар автобустары паркін жаңартудың кешенді жоспары қабылданғанын атап өтті. 

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру жалпы тозуды 65%-дан 42%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда тұрақты маршруттарда 12 мыңға жуық автобус жұмыс істейді және, сәйкесінше, автобустардың жартысынан көбі 7 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарлама жаңартуды қарастырады», — деді Қ. Нұркенов.

Оның айтуынша, 2 жыл ішінде тұрақты жолаушылар маршруттарында жұмыс істейтін шамамен 615 автобус сатып алынды, оның 45-і – 2018 жылы, биыл 570 сатып алынды.

Республикалық телеарна тілшісі вице-министрден туристік нысандарға автомобиль жолдарының жүргізілуі туралы сұрады. 

«Қазіргі кезде Эксим банк займдарының есебінен Алакөлге апаратын Талдықорған-Өскемен жолы салынып жатыр. Үшінші санаттағы жол екінші санатқа жатқызылады, жолда қозғалыс келесі жылы ашылады. Жұмыстарды 2021 жылы толық аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар түйісетін Қалбатау – Майқапшағай, Таскескен – Бақты учаскелерін реконструкциялау аяқталады», — деді Б. Камалиев.

Үкімет кулуарында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев шетелдік нөмірі бар жүргізушілердің жауапкершілігін қатаңдату туралы айтып берді. Қазақстанға Ресейден, Қырғызстаннан, Армениядан және Беларусьтен автомобильдер әкелу көлемі артты. Жыл басынан бері олардың қатысуымен 923 жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда 58 адам қайтыс болып, 314 адам жарақат алды.

«Біз заң бұзушылықтарды тіркейміз және шетелде тіркелген көліктерді жүргізетін адамдарға айыппұлдарды жібереміз. Өздеріңіз білесіздер, бізде шетелде есепке алынған автомобильді пайдалануда проблема бар, Кеден одағына мүше болуымызға байланысты біздің азаматтар көбіне осыны пайдаланады. Біз Бас прокуратурамен, несие бюросымен және Ұлттық банкпен бірлесіп, автокөлік иелерін анықтау жұмыстарын жүргіздік. Заңнамаға сәйкес, Қазақстанға уақытша кіретін кез-келген автокөлік міндетті сақтандыруға жатады, сақтандыру полисі бойынша деректер банкі бар, онда авто иелері тіркелген, көлік құралдары мен аталған көліктерді жүргізетіндер туралы ақпарат жазылған: маркасы және мемлекеттік нөмірі. Осыған байланысты, кешеден бері біз осы интеграцияны жүзеге асырдық, енді көлік құралдарын жүргізушілер жол ережелерін бұзған жағдайда, бұзушылықтар бойынша ақпарат олардың мекен-жайларына жіберіледі», — деді Ә. Кеңесбаев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері шетелдік нөмірі бар автокөлік иелерінің қатысуымен 60 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары тіркелген, 814 млн теңге көлемінде айыппұл салынған, оның 52 млн-ы өндіріп алынды. Өндіріп алу деңгейі 6,5% құрайды.

«Біз осындай көліктердің иелерін уақытында анықтай алмаған жағдайлар орын алды. Бұл мәселе қазіргі таңда шешілген. Бүгінде шетелде тіркелген көлік құралдарын уақытша тіркеуді енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Әкімшілік заңнамаға сәйкес, бізде әкімшілік істерді қозғаудың ескіру мерзімі бар. Белгілеуден кейін екі ай уақыт өтіп кетсе, біз мұндай бұзушылықтар бойынша іс қозғамаймыз. Егер мерзімі бар болса, онда ұйғарымдар заң бұзушылардың мекен-жайларына жіберіледі», — деді ІІМ өкілі.

Сондай-ақ, Ә. Кеңесбаев ЕАЭО аумағында бұзушылықтарды мойындау мәселесі де қарастырылып жатқандығын айтты. Бүгінде халықаралық келісім бойынша Ресей Федерациясымен бірлескен жоба әзірленіп жатыр, оның аясында Қазақстан Республикасында жазылған барлық айыппұлдар Ресей Федерациясының аумағында танылып, орындалады, сол секілді Ресей Федерациясының аумағында Қазақстан азаматтарына қатысты шығарылған барлық айыппұлдар танылып, Қазақстан аумағында орындалады. Сондай-ақ, оның да мерзімдері бар, тек 2 айдың ішінде әкімшілік іс қозғауға болады.

Сонымен қатар, ҚР ІІМ өкілі 10-17 қазан аралығында елімізде «Автобус» оперативтік-алдын алу шарасы өткізілгенін айтты. Оның аясында бір апта ішінде автобус жүргізушілері жасаған 21 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды.

«Мұнда автобустарды мас күйінде басқарған айқын фактілер болды, осындай 16 факті тұрақты маршруттарда анықталды. Автобустардың заңсыз қайта жабдықталуының 600 фактісі анықталды, бұл да жол қауіпсіздігіне әсер етеді», — деді Ә. Кеңесбаев.

Сонымен қоса, журналистер жаңа үлгідегі жүргізушілер куәліктерін және көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктерді енгізу барысын нақтылады. 

«Біз қазір оларды қорғауды күшейту шараларын қабылдап жатырмыз, яғни біз жады көлемі үлкен жаңа үлгідегі чиптерді енгіземіз. Бұл көбірек ақпарат енгізу үшін қажет. Біз чиптерге жүргізуші куәлігінің иелерінің биометриялық мәліметтерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Жеке басты куәландыратын құжаттар бойынша бізде биометриялық мәліметтерді 2021 жылдан бастап енгізу жоспарланған, біз осы кезеңнен бастап жүргізушілер куәліктері мен көлік құралын тіркеу туралы куәлік бойынша осындай параметрлерді енгізуді көздеп отырмыз», — деді Ә. Кеңесбаев.

ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазақстандық бензинді шығаруды шектеу бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, биыл бензин мен дизельді отын бағасын өзгерту үшін ешқандай негіз жоқ. 

«Менің ақпаратым бойынша Әділет министрлігі бүгін Энергетика министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, сондай-ақ Қаржы министрлігімен ашық түсті мұнай өнімдерін және басқа да мұнай өнімдері түрлерін ҚР аумағынан автомобиль көлігімен әкетуді шектеу туралы бірлескен бұйрықты тіркеді. Енді, бензин, дизельді отын және мұнай өнімдерінің басқа да түрлерін ҚР аумағынан тыс жерлерге автоцистерналармен әкетуге тыйым салынады», — деді Қ. Бозымбаев.

Оның айтуынша, шектеулер транзиттік автобустарға да қатысты. Қайта жабдықталған бактары бар жүк автомобильдері тісті жауапкершілікке тартылатын болады. 

«Сөз көптеген жүк автомобильдерінің, тіпті, транзиттік атвобустардың 3 тоннаға дейін тиеп алатынында болып отыр, тасымалдау үшін олар жаңа бактар орнатып алады. Сондықтан мұнда да шектеу қойылады», — деді министр.

Жеңіл автокөлік үшін бензобакті толтыруға шектеу қойылмайды. Бірақ әкетуге болатын канистра саны да бақылауға алынады. 

«Жеке автокөлік жанармай станциясына келсе, оған рұқсат, біз өркениетті елміз. Бір жиырма литрлік канистрін толтырып алуына болады, бірақ одан артық емес. Жүк салғышына 20 канистрден тиеп алуына болмайды», — деп түйіндеді Қ. Бозымбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу