ЖЭК дамыту және процестерді цифрландыру — ҚР Президентінің энергетика саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары қалай іске асырылуда

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баспасөз конференциясында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы айтып берді.

Өз сөзінің басында Нұрлан Ноғаев пандемияның энергетика саласына әсері туралы айтты. Сонымен, салада жұмыс істейтін 10 795 адам COVID-19 жұқтырды. Оның 9 529-ы толық сауығып шықты. Қалғандары бүгінде ем алып жатыр.

«Әріптестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның энергетикалық жүйесі пандемия соққысына төтеп берді. Вирусқа қарамастан, адамдар электр станцияларында, мұнай өңдеу зауыттарында, кен орындарында жұмыс істеп, елді қажетті энергиямен қамтамасыз етті», — деді министр.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Энергетика министрлігі жанынан COVID-19 жағдайын бақылау жөніндегі жедел штаб құрылды, шешім қабылдау үшін саланың барлық компанияларын күнделікті ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.

«Сонымен қатар біз өз тарапымыздан отын-энергетика кешенінің тұрақты жұмыс істеуі, жұмыс орындарын сақтау үшін қажетті ұсыныстар енгіздік. Қолға алынған іс-шаралар оң нәтижесін берді», — деді Н. Ноғаев. 

Саланы қолдау бойынша мынадай шаралар қабылданды:

  • мұнай өнімдерін ҚР және КО елдерінен тыс жерлерге автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салуды жою;
  • акцизделетін тауарларды өндірушілерді экспортқа шығарылатын бензин мен дизель отыны бойынша акциздерді төлеуден босату;
  • ҚР-ға бензин, дизель және авиациялық отынды теміржол, автомобиль және құбыржол көлігімен жеткізуге тыйым салу;
  • мұнай өнімдеріне, оның ішінде: бензинге, дизель отынына және мазутқа кедендік әкету баждарының мөлшерлемелерін нөлдеу;
  • барлық шағын/микро кәсіпкерлік субъектілеріне барумен жоспардан тыс тексерулер мен профилактикалық бақылау тоқтатылды;
  • жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді, жер қойнауын пайдаланушыларға «СТ-KZ» сертификатымен немесе «Атамекен» ҰКП берген индустриялық сертификатпен расталатын конкурстық рәсімдерді өткізбей, бір көзден Қазақстанда шығарылған тауарларды сатып алуға мүмкіндік беретін сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

 

Энергетика министрлігінің 2020 жылдың 10 айындағы негізгі көрсеткіштері

Н. Ноғаевтың айтуынша, 2020 жылы 90 млн тоннадан астам мұнай өндіру жоспарланған. Алайда, пандемияға байланысты бұл көрсеткіш 85-ке дейін төмендеді. Бұл әлемдегі экономикалық белсенділіктің төмендеуіне және мұнай мен мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуіне байланысты болды. Тиісінше, мұнай өңдеу көрсеткіші 17 млн-нан 16 млн-ға дейін төмендеді. Бұл ретте мұнай зауыттарының немесе кен орындарындағы резервуарлардың толып кетуін және олардың тұрып қалуын болдырмау мақсатында шаралар қабылданды.

Биыл дизель отыны мен авиакеросин өндірісі жоспарлы түрде қысқартылды, есесіне битум өндірісі ұлғайтылды. Жалпы, 2020 жылы 984 мың тонна битум шығару жоспарланған. Бұл жоспар асыра орындалды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пандемия кезінде қабылданған шаралар мен Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылды. Әлеуметтік саланың көптеген нысандары күрделі жөндеуден өтті, ағымдағы жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе жол құрылысы қарқынды жүргізілді. Соның нәтижесінде жоспар асыра орындалып, 1,1 млн тонна битум шығарылды. Яғни, алдымызға қойылған міндетті орындай алдық», — деді Н. Ноғаев.

Мемлекет басшысының мұнай-газ химиясын дамыту, терең қайта өңдеу өнімдерін, қосылған құны жоғары өнімдер шығару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде бірқатар шаралар қабылданды. Мысалы, Атырау облысында Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі құрылды. Арнайы экономикалық аймақ аясында жылына 500 мың тонна полипропилен өндіру жүзеге асырылады. Аталған кәсіпорында өнім өндіру үшін 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ еліміздің басқа өңірлерінде түрлі өндірістер өз жұмысын бастады. Атап айтқанда, Павлодар облысында жылына 70 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт іске қосылды. Алматы облысында жылына 100 мың тонна жақпа май шығару жолға қойылған. Осындай өнімді Шымкентте, ал Атырау мұнай өңдеу зауытында — хош иісті мұнай өнімдерін шығаратын болады.

Қазіргі уақытта құны $15 млрд болатын жобалар пулы құрылды, оның 90%- ы еліміздің батысында шоғырланған. Осы жобаларды іске асыру кезінде құрылыс уақытында ғана 10 мыңнан астам маман жұмысқа орналастырылатын болады.

 

Елде өндірілген энергияның жалпы көлемінің 3% ЖЭК-тен алынады

«Президент орта мерзімді кезеңде экономиканың өсуі "жасыл энергетика" жағдайында дамуы тиіс екенін айтты. Осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, Министрлік қарқынды жұмыс жүргізуде. Республика бойынша қуаты 1,5 мың мВт астам жаңартылатын энергия көздерінің 110 объектісі жұмыс істейді. Жыл соңына дейін қуаттылығы 165 мВт болатын 4 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Егер өндірілетін энергия туралы егжей-тегжейлі айтатын болсақ, онда біз жел — 404 мВт, күн энергиясы — 891, гидро — 224 және биоэнергия — 7,82 мВт есебінен аламыз», — деді министр.

Мақсаты — электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2020 жылы 3%, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 10%, 2050 жылға қарай 50% құрауы тиіс.

Қазіргі уақытта Үкіметте гидроэнергетиканы дамыту жөніндегі жоспарлар бекітілді. Алдағы 4 жылда 13 су электр станциясы, 34 жел және 12 күн электр станциясы жобасы іске асырылатын болады. Осылайша, 2025 жылға дейін министрлік жаңартылатын энергия көздерінің қуатын 3 мың мВт-қа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

 

Қазақстанда шикі мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі құрылуда

Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі ЦДИАӨМ және «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп шикі мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін құруда.

Министрдің айтуынша, бұл жүйені енгізу мұнайды өндіру, өңдеу және тасымалдауды есепке алуды автоматтандыруға мүмкіндік береді. 

«Биыл мұнай және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Мұнай айналымы субъектілерінің ақпараттық жүйелерін кезең-кезеңімен қосу мақсатында Есептеу құралдарымен жабдықтаудың бас схемасы бекітілді», — деді министр.

Мұнай және газ конденсатын есепке алу ақпараттық жүйесіне деректер мұнай-газ саласы субъектілерінде орнатылған коммерциялық есепке алу аспаптары мен бағдарламалық жасақтама арқылы келіп түсетін болады, бұл өз кезегінде АT-компанияларға мұнай-газ нарығында өздерінің ақпараттық жүйелерін енгізуге мүмкіндік береді.

МЕАЖ енгізуден болатын тиімділіктер:

  • жедел деректер негізінде жедел басқару шешімдерін мемлекеттік деңгейде қабылдауды қолдау;
  • ұйымның өндірістік объектілерінде орнатылған есептке алу құралдарынан алынған жедел деректер негізінде шикі мұнай және газ конденсатының айналымын болжау мүмкіндігі;
  • материалдық балансты автоматты түрде есептеу;
  • есептеу құралдарынан алынған мәліметтер негізінде есептерді автоматты түрде құру.

 

2021 жылы электрондық сауда алаңдарында саудаланатын мұнай газының көлемі 100%-ға дейін жеткізіледі

Осы жылы көмірсутек шикізатына жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша электрондық аукциондар өткізіле бастады.

«Электрондық аукцион өткізуге өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйекте жарияланды, қорытындысы 23 желтоқсанда шығарылады. 10 кен орны қойылды. Бұл өз кезегінде салаға инвестициялардың транспаренттілігін және ағынын қамтамасыз етеді. Электрондық аукционға қатысу үшін қажетті құжаттар саны 3 есеге қысқартылды. Инвесторлардың бонустары, бюджетке түсетін түсімдер артады», — деді министр.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Энергетика министрлігіне электрондық сауда алаңдарында саудаланатын мұнай газының көлемін кезең-кезеңімен арттыруды тапсырды. Келесі жылы барлық өндірілген сұйытылған мұнай газын электрондық аукционға шығару жоспарлануда.

«Қазіргі уақытта елімізде 3,2 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Оның 1,5 млн тоннасы ішкі нарыққа бағытталған. Оның 80%-ы автокөліктерді газбен толтыру үшін, 20%-ы халықтың тұрмыстық қажеттіліктері мен мұнай-газ химиясы саласындағы жобалар үшін. Өнімнің төрттен бір бөлігі сауда-саттыққа шығарылады, қалғаны әкімдіктерден берілген өтінімдерге сәйкес өңірлерге бөлінеді», — деді министр.

 

Қазақстанда жергілікті қамтуды дамыту қоры құрылады

Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін қазақстандық қамтуды арттыру бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Нұрлан Ноғаев қазіргі уақытта министрлік мұнай-газ секторы нарығындағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға қабілетті екі бастаманы іске асырып жатқанын, оларды жақын арада іске асыру жоспарланғанын айтты.

Бірінші, бұл - Жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қорын құру.

«Шеврон» компаниясы республика алдындағы өзінің қайта инвестициялау міндеттемелері шеңберінде $248 млн мөлшерінде жергілікті қамтуды дамытуды жоспарлап отыр.

Инвестициялар технология мен АT, базалық тауарлар шығару және мұнай-газ секторы мен қоршаған ортаны қорғауға арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру бойынша үш бағытқа салынады.

10 жыл ішінде Қор қызметінің Қазақстан Республикасының жалпы ішкі өніміне оң әсері шамамен $642 млн (немесе шамамен 270 млрд теңге) құрайды деп күтілуде.

Қазіргі уақытта импортталатын тауарлар мен қызметтердің белгілі бір бөлігі ел ішінде өндіріледі деп жоспарлануда, бұл импортты $86 млн немесе 36 млрд теңгеге азайтуға алып келеді.

Екіншіден, бұл — мұнай-газ машинасын жасау мен сервисті дамыту халықаралық орталығын құру.

Министрдің айтуынша, аталған Орталық жұмысының мақсаты - жаңа өндірістер мен қызмет сервистік орталықтар ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілер (OTP) мен сервистік компаниялардың мүмкіндіктерін кеңейту арқылы Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласы үшін, атап айтқанда үш оператордың (НКОК, КПО, ТШО) мүмкіндіктерін арттыру үшін тауарлар/көрсетілетін қызметтер өндірісін оқшаулау.

Бұл Орталық операторлардың қажеттіліктері үшін тауарларды/көрсетілетін қызметтерді өндіруде және жеткізуде жергілікті тауар өндірушілердегі/сервистік компаниялардағы бар олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап, уағдаластыққа сәйкес, ЕАЭО шеңберінде ортақ нарық, оның ішінде мұнай және мұнай өнімдері нарығы іске қосылады. Осы уақытқа дейін ЕАЭО мүшелерінің өзара қарым-қатынастары екіжақты келісімдерге құрылған.

«Бүгінде бізде РФ-мен осындай келісімдер бар, ЕАЭО-ның басқа мүшелерімен қол қою мәселесі пысықталуда. Беларусь Республикасына қатысты біз Беларусь әріптестерімен негізгі қағидаттар туралы келісімге қол жеткіздік. Бүгінгі таңда бұл келісім министрліктерде мемлекетішілік келісуден өтіп жатыр және оны аяқтағаннан кейін біз оған қол қоюға ниеттіміз», — деді Н. Ноғаев.

Министрдің айтуынша, осы Келісім аясында Беларусьтен жеткізілетін мұнай мен мұнай өнімдерінің нақты мөлшері Қазақстанның мүмкіндіктері мен мүдделерін ескере отырып, индикативтік жоспарлармен бекітілетін болады.

«Ресей арқылы мұнай тасымалдауға келетін болсақ, бұл Беларусь тарапының міндеттемелері. Егер келісім аясында Беларусь басқа көлікпен алып кетуге ниет білдірсе — біз қарсы болмаймыз», — деді министр.

Алматыдағы ЖЭО-2-ны газға ауыстыру мәселесіне қатысты Н. Ноғаев бұл технологиялық тұрғыдан өте күрделі жоба екенін атап өтті. Станцияны газға көшіру бойынша белгіленген жоспарларды орындау үшін белгілі бір жұмыстарды жүргізу, күрделі міндеттерді шешу қажет.

«2025 жылы осы станцияның барлық сегіз кешені газға ауыстырылған кезде толық көшіріледі. 2022 жылы екі кешенді, 2023 жылы тағы екеуін, 2024 жылы екеуін және 2025 жылы соңғы екеуін ауыстыру жоспарлануда. Осылайша, барлық ЖЭО 2025 жылы газға көшіріледі. ЖЭО-2 жылу береді және біз осы кәсіпорынның өндірістік циклын үзе алмаймыз», — деді Н. Ноғаев.

Журналистердің газ баллондарынан бас тарту туралы сұрағына жауап бере отырып, министр жарылыс қаупі бар газ баллондарынан түпкілікті бас тарту мүмкін еместігін атап өтті, өйткені шалғайдағы ауылдар, кейбір кәсіпорындар әлі күнге дейін осындай газды пайдаланады.

«Мүмкін, сөз Нұр-Сұлтан қаласында болған қайғылы оқиға, жақында болған жарылы туралы болып отыр? Тергеу органдары оның себебін анықтайды. Сонымен бірге, газ қыздырғыштарының жұмысы мен қолданылуы жоғары қысым және жоғары температурамен байланысты күрделі технологиялық құрылғы екенін атап өткім келеді. Жарылыстар болуы мүмкін, сондықтан жанарғыларды, газ жабдығын, газды пайдаланумен байланысты кез келген техникалық жабдықты пайдалану жөніндегі талаптарды мүлтіксіз сақтау өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осыған байланысты мен бұл талаптардың қатаң сақтау қажеттігіне назар аударғым келеді», — деді Н. Ноғаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу