Тарихи ескерткіштер, спортшыларды даярлау және туризм индустриясы — Қазақстанда мәдениет пен спорт қалай дамуда

Халыққа есеп беру кездесуінде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2019 жылы салада атқарылған жұмыстар мен келесі жылға қойылған міндеттер туралы айтып берді. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өз жұмысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын, Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының, Қазақстан Республикасындағы туризм, тілдерді дамыту бағдарламаларын басшылыққа алып отыр.

 

Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіру

«Мәдениет және спорт қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру - біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, ол орта есеппен алғанда 96 мың теңгеден 139 мың теңгеге дейін, өңірлерде 35%-ға, сәйкесінше 96 мың теңгеден 126 мың теңгеге дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды», — деді А. Райымқұлова.

Сондай-ақ 2020 жылдың басынан бастап кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлемдер төленуде. 

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасындағы әдебиет және өнер қайраткерлеріне, талантты жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында берілетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240 АЕК-тен 660 АЕК дейін ұлғайтылды.

Жыл сайын ғылым, мәдениет және өнер саласындағы дарынды жастар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры премиясының лауреаты атанып келеді.

Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына лауазымдық жалақыларының мөлшеріне 1,75 коэффициенті сақталып отыр. 

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылға дейін мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп және колледж педагогтерінің жалақысы жыл сайын 20%-ға ұлғайып отырады.

Бұдан басқа, спорт саласындағы жаттықтырушы оқытушылардың, мұғалімдердің, 4 мектеп-интернат, колледждер мен спорт колледжінің тәрбиешілерінің, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің жаттықтырушы оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтеріне сабақтан тыс уақытта спорт жаттығуларын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

«Бұдан басқа, спортшылардың допингке қарсы зертханасының, Ұлттық допингке қарсы орталықтың қызметкерлеріне, Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының, спортты дамыту дирекциясы қызметкерлері мен жаттықтырушыларына лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгіленіп отыр. Осылайша,олардың жалақысы 2 есеге артты», — деді министр. 

Оның айтуынша, сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелері әрқашан да өзекті, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады - сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту, жұмыс ерекшеліктері бар мамандар үшін төлем мәселесі пысықталатын болады. 

«Бұл мамандықтың беделін арттырып ғана қоймай мультипликативті әсерін береді», — деді Ақтоты Райымқұлова.

 

Министрліктің жұмысында заңнамалық базаны жетілдіруге көп көңіл бөлінеді

Министр атап өткендей, заңнамалық шаралар ашықтықты қамтамасыз етуге, қызметті реттеуге және жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

«2019 жылдың басынан бастап Президенттің бір Жарлығы, Премьер-Министрдің 17 өкімі және Үкіметтің 80 қаулысы әзірленді. Министрлік бастама білдіріп, Мемлекет басшысы бірқатар маңызды заңдарға қол қойды», — деді ведомство басшысы.

Олардың бірі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң.

«Заңға 1992 жылдан бастап алғаш рет тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғаудың ерекше режимі бойынша, соның ішінде аумақты игеру, құрылыс жұмыстарын жүргізу, рұқсат етілмеген қазбалардың алдын алу, қорғау аймақтарының шекараларын бекіту мәселелерін реттеу, археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қызметін лицензиялау бойынша талаптарды қарастыратын өзгерістер енгізілді, ұғымдық аппарат жаңартылды», — деп түсіндірді А. Райымқұлова.

Барлық қабылданған шараларға қарамастан, тарихи-мәдени мұра объектілерін бұзғаны үшін жауапкершілікті заңнамалық деңгейде арттыру қажет.

Бүгінгі күнге дейін техникалық нормалар, жинақтар, ережелер, бағалау әдістемелері болған жоқ, бұл қандай да бір ғылыми-реставрациялау жұмыстарына жұмсалған қаражаттың көлемін нақты анықтауға мүмкіндік бермеді. Осы мақсатта 2020 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын орындау бағасының нормативтерін бекіту жоспарланып отыр. Осыған ұқсас құжат Ресей Федерациясы мен Беларусьте ғана бар.

«Спорт саласындағы уәкілетті орган бола отырып, мұндай қағида осы салада қолданылған. Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заңнамалық актілерге мемлекеттік деңгейде допингке қарсы шараларды күшейту тұрғысынан өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», — деп атап өтті министр.

Спортшыларға, жаттықтырушылар мен жетекшілерге жарыстан шеттету, ақшалай сыйақыларды қайтару, Олимпиада ойындарының және басқа жарыстардың жеңімпаздарына берілетін тұрғын үйді қайтару, өмір бойы материалдық қамтамасыз етуді төлеуді тоқтату, спорттық атақтан және дәрежеден айыруға байланысты әкімшілік және тәртіптік жазалар күшейтілді. Спортшыға допинг қолдануды тағайындаған адамдарға 200 АЕК айыппұл түрінде жауапкершілік қарастырылған. Спорт саласындағы бюджеттен тыс қаражаттарды бөлудің бірыңғай операторы анықталды.

Қазіргі уақытта 6 заң жобасы бойынша, оның ішінде мәдениет, бұқаралық спорт, туризм, ойын бизнесі және лотерея қызметі, сондай-ақ көрнекі ақпарат мәселелері бойынша жұмыс жүргізілуде.

Мәдениет саласындағы заң жобасының қосымшалары — фонограмманы пайдалану, шығармашылық одақтарды қолдау және ілгерілету, шығармашылық бастамаларды қолдау қорын құру, авторлық қаламақыларды төлеу, ұлттық электрондық кітапханалардың қызметі және т. б. мәселелер.

Бұқаралық спортты дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасы балалар спорт клубтарының желісін кеңейтуге, ұлттық спорт түрлерін дамытуға, спорт нұсқаушыларының штаттық бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасы аясында туризм саласында жеке бизнес шығындарын ішінара өтеу, инвестжобаларды іске асыру кезінде преференциялар беру, кәсіпкерлік субъектілері үшін жол бойындағы сервис объектілерін салу шығындарының 25%-ын өтеу, туристік санаттағы көлік құралдарын сатып алуды субсидиялау, сондай-ақ 30 АЕК мөлшерінде санитарлық-гигиеналық тораптарды қамтуға арналған шығындар мен әр шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын өтеу көзделген.

«Қарастырылған шаралардың әсері, біздің болжамымыз бойынша, мемлекеттік бағдарлама жоспарларында көзделген қызмет нысандары мен орналастыру орындары көлемінің қажетті өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп нақтылады А. Райымқұлова.

 

Қазақстан допингке қарсы зертхана лицензиясын қалай қайтармақшы

2016 жылы Қазақстанның допингке қарсы зертханасы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (ДДҚА) аккредитациясынан айырылды. Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп оны қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізді.

Қазіргі таңда зертхана ауданы 1700 шаршы метр болатын жаңа ғимаратқа көшіріліп, жоғары стандарттар мен ДДҚА талаптарына сәйкес келетін заманауи жабдықтар сатып алынды. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде зертхана ДДҚА аккредитациясын қалпына келтіруге үміткерлердің құрамына кірді.

 

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спортты дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету

Реттеуші шаралармен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін спортты дамытуды мемлекеттік қолдау шаралары да қабылдануда. Заңмен Ұлттық паралимпиадалық комитетке мемлекеттік тапсырмаға қатысуға құқық беріледі және Ұлттық Сурдлимпиадалық комитеттің мәртебесін күшейту көзделген.

А. Райымқұлованың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 15 спорт клубы ашылды, елордада паралимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істейді, онда бір мезгілде 500 адамға дейін жаттыға алады. Жыл басынан бері паралимпиадашылар халықаралық және республикалық жарыстарда 49 медаль жеңіп алды.


Ойын бизнесі мәселелері бойынша заң жобасы

Парламент Мәжілісінде ойын бизнесі мәселелері бойынша заң жобасы қаралуда. Өкінішке орай, қазіргі таңда кейбір өсіп келе жатқан ұрпақтың масылдыққа бейімділігі байқалады. Аса күш жұмсап, еңбектенбей, оңай табыс тапқысы келеді. Криминализацияның жоғары деңгейі байқалады, 2019 жылы ішкі істер органдары заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша 109 материал тіркеген. Жыл сайын құмар ойындарға тәуелді адамдар саны артып келеді. Заң жобасында қарастырылған нормалар букмекер кеңселері мен тотализаторлардың қызметін реттеуді және бақылауды қамтамасыз етуді, ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жетілдіруге, сондай-ақ құмар ойындар мен бәс тігуге тартылатын және тәуелді азаматтар санын қысқартуға бағытталған.

«Жақында Парламент Сенатының кеңейтілген отырысында лотерея қызметі мәселелері бойынша заң жобасы мақұлданды. Заң жобасының қосымшасы – осы салада тиімді және жедел мемлекеттік реттеу механизмін енгізу, лотереяны заңсыз өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу, сондай-ақ жарнамада "лотерея" сөзін қолдануды реттеу, "лотерея таратушысы" ұғымын анықтау», — деді министр.

«Адалдық алаңы» Министрлік әзірлеген барлық нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жүргізеді

Министрлік әзірлеп жатқан тағы бір заң жобасы — көрнекі ақпарат мәселелері жөніндегі заң жобасы, оның аясында орфография нормаларын сақтау, орналастырылған ақпарат мәтінінің мағыналық және дұрыс аудармасын қамтамасыз ету.

Сыбайлас жемқорлықты жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды, халыққа сервистік-бағдарлы форматта кеңес беру үшін «open space» алаңы ашылды. «Адалдық алаңы» кеңселері Министрліктің барлық ведомстволық бағынысты ұйымдарында жұмыс істейді.

«Адалдық алаңы» Министрлік әзірлеген барлық нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жүргізеді. Аудит жүргізудің типтік алгоритмі әзірленді, олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің оқушылары үшін "адалдық сабақтары" өткізілді, сондай-ақ жоғары оқу орындарының академиялық адалдық лигасына кіруі мақсатында Білім және ғылым министрлігі жанындағы "ADAL BILIM" жобалық кеңсесінің әзірлемелері негізінде өнер жоғары оқу орындарының жемқорлыққа қарсы аудиті жүргізіледі», — деп атап өтті А. Райымқұлова.

Сонымен қатар, «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі шығарылды, онда қоғамдағы сыбайлас жемқорлық, материалдық игіліктердің рухани игіліктерден асып түсуі арқылы көрініс табатын құндылықтар дағдарысы мәселелері қозғалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында мұндай жобаларға қолдау көрсетіледі.


2019 жылы ірі мәдени шаралар ұйымдастырылды

2019 жылы қазақ халқының «үш арысы» — Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің 125 жылдығы, Қазақстанның Халық әртісі Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен қазақ ақыны Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойы өткізілді.

Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжамал Нұрпейісовтің 95 жылдығы атап өтілді, оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова 90 жылдығына орай Отан алдында сіңірген еңбегі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар, Мәскеу қаласында өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі аясында Қазақстан павильоны ашылып, Қазақстанның Ресейдегі мәдени күндері өтті. Ал АҚШ-та өткен Қазақстанның мәдени күндері аясында Нью-Йорк қаласындағы «Barclays Arena» сахнасында Димаш Құдайбергеновтің жеке концерті ұйымдастырылды. Өзбекстандағы Қазақстан жылы жетістіктермен аяқталды.

«Барлық мерейтойлық іс-шаралар мен айтулы күндерді мерекелеу шеңберінде халықаралық, республикалық конкурстар, фестивальдер, шығармашылық кештер, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар фильмдер түсіріліп, шығармалар жинағы шығарылды және т.б. шаралар ұйымдастырылды», — деді сала басшысы.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар

Елбасы Н. Назарбаев атап өткендей: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс». Бұл қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі өзегі және «Рухани жаңғырудың» басты мәні.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында министрлік еліміздің киелі жерлерінің бірыңғай белдеуін – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын құру бойынша жұмыстар атқаруда. Осы арқылы киелі жерлерімізді жоғары ұлттық және халықаралық қызығушылық нысандарына айналдыруға болады», — деді А. Райымқұлова.

Қазақстанның барлық рухани құндылықтарын, бірегей тарихи орындар мен табиғи ескерткіштерін толық бір жүйеге келтіру бойынша атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде жалпыұлттық маңызы бар 256 нысан мен жергілікті маңызы бар 575 нысан қалыптастырылды. Киелі нысандарды толық визуализациялау qazmaps.kz виртуалды карта платформасында қолжетімді. Сондай-ақ «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының үшінші томының таныстырылымы өтіп, жыл соңына дейін төртінші томының тұсаукесерін өткізуді жоспарланып отыр.

Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстарына арналған шығыстар биылғы жылы 3,5 есеге ұлғайды. Осының нәтижесінде жұмыс көлемі ұлғайып, кешенді және нәтижеге бағытталған жұмыстар қамтамасыз етіліп келеді. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен көптеген ғасырлар бойы бүкіл түркі әлемінің саяси және рухани дүниесінің жүрегі болып табылатын Түркістан облысы жаңадан құрылды. Осы тарихи шешімнің аясында бүгінде Түркістан қаласында ауқымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні Түркістан қаласының тарихи бөлігінде де құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, олардың ішінде: Қожа Ахмет Яссауи музейі, «Ұлы дала елі» орталығы, музыка мектебі, кітапхана, қолөнер орталығы, керуен сарайы, визит-орталығы, спорт объектілері сияқты жаңа нысандар бой көтеріп келеді.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан қалашығын қалпына келтіру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2019-2021 жылдары қалашықтың шынайы келбетін толық қалпына келтіре отырып, 88,7 гектар алаңдағы 17 нысанды консервациялау, реставрациялау, музейлендіру және қорғау аймағының аумағын абаттандыру жоспарының жобасын әзірледі. Оның ішінде әлемдік археологиялық парк ретінде «Күлтөбе» археологиялық ескерткішіне жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қала өмірінің рухы мен тұрмысын толық беру және нысанды көпшілік пен халықаралық туристер аса қызығатын жерге айналдыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Сауран», «Яссы», «Сарайшық», «Баласағұн», «Бозоқ» ортағасырлық қалашықтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 

«Тарихи-мәдени кешендер аумағында жүргізілетін жұмыстар Әдіснамалық кеңес аясында реттеледі және барлық тарихи қайта құру және археологиялық жұмыстар ЮНЕСКО өкілдерімен келісіледі», — деді министр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы өңірлердегі тарихи-мәдени объектілердің инфрақұрылымын күшейтуге серпін берді - 2019 жылы Қазақстан бойынша 2 музей, 7 мәдениет үйі, 11 ауылдық кітапхана ашылды. 

«Оның ішінде, Маңғыстау облысының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев атындағы орталығын ерекше атап өткім келеді, орталықтың салтанатты ашылуына Мемлекет басшысы қатысты. Орталық жанынан музей ашылып, жыл соңына дейін кітапхана мен театр құрылысын аяқтау жоспарлануда», — деді А. Райымқұлова. 

Туристік қызығушылықты дамытудың тірек нүктелері ретінде визит-орталықтардың құрылысы жүргізілуде. Бұл визит-орталықтар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын қазақстандықтар мен шетелдіктердің арасында ілгерілетуге ықпал ететін болады.

Еліміздің барлық жетекші музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы, музейлендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр – өткен жылы Түркістан облысындағы «Отырар» және Алматы облысындағы «Таңбалы» визит-орталықтарының құрылысы аяқталды. Биылғы жылы «Ұлытау», «Гауһар ана», «Ордабасы» және «Сауран» музей-қорықтарының визит-орталықтарының құрылысын аяқтау жоспарланған. 2021 жылдан бастап «Есік», «Берел», «Шілікті» музей-қорықтары ашылады.

2019 жылы «Әлем музейі бойынша Алтын адамның шеруі» атты халықаралық көрмесінің жобасы өз жалғасын тауып, 3 жыл ішінде 12 елде болып қайтты.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі онлайн-турлар мен виртуалды экскурсиялар бойынша ТМД елдерінің үздік тарих және мәдениет музейлері рейтингінде ТОП-5 қатарына енді.

2019 жылдан бастап «Музейлер шеруі» республикалық акциясы іске қосылып, 125 отандық музейге келушілердің саны 150 мың адамды құрады.

«Музейдегі түн» акциясын өткізу дәстүрге айналып отыр. Биыл қалыптасқан жағдайға байланысты бұл акция онлайн-форматта ұйымдастырылды. YouTube арналары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттар арқылы трансляцияны 80 мың адам көрген. 


Отандық кино және театр саласында заманауи жұмыс форматы енгізілуде

Мәдениет және өнер саласындат да жаһандық үрдістеркеңінен қолданылуда. Мәселен, кино саласында заманауи жұмыс форматы енгізілді, олардың бірі – сценарийді ашық талқылау ұйымдастырылуда. Осы мақсатта беделді кино мамандарынан құралған сарапшылық кеңес және ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Олар осы кезге дейін сценарийлерді ашық талқылаудың үш отырысын өткізді, мұндай отырыстарды қызығушылық танытқан әрбір азаматтар онлайн-форматта көре алады.

Ведомствоаралық комиссия 2019 жылы ұсынылған 109 жобадан 17-сін іріктеп алса, 2020 жылы пичингке қатысқан 226 жобаның 42-сін қолдаған. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстанның брендіне айналған «Қазақфильм» киностудиясының даму стратегиясы әзірленді, ол технологиялық және кадрлық жаңартуға, жаңа түсіру павильондарын салуға және т.б. шараларға бағытталған. Бұл шаралар киноөндіріс қызметтерінің толық кешенін қамтитын кинофабриканың жұмыс істеуіне бағытталған.

Қазақстанның киноиндустрия саласында есепті кезең аралығында 38 отандық фильм түсірілді. Олардың қатарында жылдың жарқын премьераларына айналған «Томирис», «Шырақшы», «Балуан Шолақ», «Алтын Тақ», «Композитор» туындыларын атауға болады. 6 отандық фильм халықаралық деңгейде мойындалып, марапаттар иеленген.

2019 жылы республикалық театрлар 1600-ден астам қойылым көрсетіп, 32 жаңа спектакльді жүзеге асырды. Олардың қатарында «Аттила және Аэций», «Құлагер» қойылымдарының, «Жизель» және «Болеро» балеттерінің тұсаукесері өтті.

«Астана Балет» театрында «Кончерто Барокко», «Золушка», «Шопениана» балеттерінің премьерасы және «Серілер салтанаты» миниатюрасы қойылды. Ал «Астана Опера» театрында көрермендердің назарына «Дон Карлос», «Евгений Онегин», «Богема» операларының және «Жизель», «Коппелия», «Бетховен» балеттерінің премьерасы ұсынылған.

«Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен «Астана Опера» театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының ТОП-5 рейтингісіне енді», — деді А. Райымқұлова.

Сонымен қатар, Қазақстанның екі театры – Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма театры мен Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрына ҚР Үкіметінің қаулысымен «академиялық» мәртебесі берілді.

Министрлік мамандарды даярлауға және таланттарды үздіксіз сүйемелдеуге көңіл бөледі. Оқытудың көпдеңгейлі дуальді жүйесі қолға алынған. Мәдениет және өнер саласындағы біліктілігі жоғары кадрларды даярлаумен 10 шығармашылық оқу орны айналысады. 2019-2020 оқу жылында мәдениет және өнер ЖОО-лары қабырғасында 11 014 адам даярланып шықты. Жыл сайын білім алушылар мен студенттердің кемінде 30%-ы халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпаздары мен лауреаттары болады.


«Мұрағат–2025» бағдарламасы

Халықтың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі — мұрағат құжаттары. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында отандық және шетелдік мұрағаттарда Қазақстанның тарихымен байланысты бірегей құжаттарды анықтау, жинау және жүйелеу бойынша кешенді іздеу-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың қажеттігін атап айтқан болатын. 

«Белгілі этнограф, ҚазКСР Халық әртісі А. Затаевичтің 150 жылдығын мерекелеу аясында ресейлік мұрағаттардан этнографтың бұрын жарық көрмеген мұрасы табылды, одан қазақ әндері мен күйлерінің үшінші томы құрастырылды. Қазақ фольклорының бірегей мұрасын таныстыру 2019 жылы 22 қарашада өтті. Бұл еңбекті халықаралық ғылыми қауымдастық жоғары бағалады», — деді министр.

Елбасын идеясын іске асыру үшін «Мұрағат–2025» бағдарламасы әзірленіп, қабылданды, соның аясында «Е-МҰРАҒАТ» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.


Тіл саясатын жүзеге асыру 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керектігін айтқан болатын.

Республикалық ашық талқылаулар, ғылыми сараптамалар ұйымдастырылды. Беделді ғалымдар, қалың жұртшылық пен сарапшылар тарапынан әліпбидің жобасы 40-қа жуық ұсынылған. Әрбір жоба ғылыми негізделе отырып, егжей-тегжейлі зерделенді, әр жобаның авторымен кеңінен талқылаулар жүргізіліп жатыр жатыр.

АT саласы мамандарының пікірлері тыңдалып, әріптердің Unicode стандартына сәйкестігі ескерілген пернетақта жобасы әзірленді. Көп уақыт, қыруар жұмысты талап ететін күрделі процесс қарқынды жалғасып келеді.

«Ел болашағы айқындалар жауапты жұмысқа қоғамның барлық мүшелері белсенді атсалысты десем артық болмас. Талқылаулар күні бүгінге дейін жалғасуда», — деді министр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында: «Біз Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып, күштеусіз, табиғи жолмен біртіндеп латын әліпбиіне көшеміз. Бұл арада кириллицадан латынға көшу емес, негізінен, қазақ тілінің емлесіне қатысты реформа туралы сөз болып жатыр. Сондықтан асығыстық бұл үлкен іске зиянын тигізуі мүмкін, оған мұқият байыппен келуіміз қажет», деген болатын.

«Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік беретіне назар аударды». Бұл ретте біздің Министрлік жүргізген жұмыстар айтарлықтай деңгейде жүзеге асқанын, әліпби ауыстыру ісінде әжептәуір ілгерілеушілік болғанын көріп отырсыздар. Алдағы уақыттағы жұмыстар оқыту әдістемесімен байланысты болатындықтан Білім және ғылым министрлігінің институттары мен ғалымдарымен бірлесіп жалғастыратын боламыз», - деп түйіндеді мәдениет және спорт министрі. 

 

Жыл соңына дейін 48 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады 

Спорт саласындағы басымдық тұрғындарды дене шынықтырумен айналысуға жүйелі тарту және салауатты өмір сүру салтын насихаттауға беріліп отыр. 

Осы мақсатта Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту бойынша Кешенді жоспар қабылданды. Алғаш рет спортшылардың Спорт этикасы әзірленіп, қабылданды. 

Ел өңірлерінде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы үйлестірілуде, оның 13-і 2019 жылы пайдалануға берілді, 48-і жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы, есепті кезеңде еліміз бойынша 1300 жуық жаңа түрлі спорт нысаны салынды. Оның ішінде елордадағы «Жекпе-Жек» көпфункционалды спорт кешені, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы заманауи Жеңіл атлетика манежі бар. 

«Салауатты ұрпақ қалыптастыру үшін балалар мен жасөспірімдерге жағдай жасалды. 2019 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған 11 жаңа мектеп ашылды. Жалпы, еліміз бойынша 477 балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп жұмыс істейді, оларда 350-ден аса балалар мен жасөспірімдер спортпен шұғылданады. Бұл ретте осы спорт мектептерінде секциялар тегін. Бұл бағытта біз жұмыстарды жалғастырамыз», — деді ведомство басшысы.

 

6 млн жуық қазақстандық жиі спортпен шұғылданады 

Спортпен шұғылданатын адамдардың санының артып келе жатқаны заңды. Бүгінде бұл көрсеткіш 5,7 млн адамға жетті, оның ішінде 544 мың балал мен жасөспірім бар. 

Сонымен қатар жоғары жетістіктер спорты дамып келеді. 2019 жылдың басынан бері ұлттық құрама 1 мыңнан аса медаль иеленді. 

«Коронавирус індетінің таралуына қарамастан, барлық спортшылар өз жаттығуларын үй жағдайларында өткізді және тек жақында ғана жаттығуларын әдеттегі режимде өткізе бастады», — деді министр.

Індеттің таралуы салдарынан әлемде ірі спорттық жарыстардың кестесі өзгергенін айта кетейік. 

«Өздеріңіз білетіндей, биыл шілде айының аяғында - тамыздың басында өтуі тиіс Олимпиада ойындары кейінге қалдырылды. Осыған байланысты халықаралық және лицензиялық жарыстардың кестесіне, сондай-ақ осы ірі жарыстарға спортшыларды даярлауға өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар бүгінгі таңда спортшылардың өз жаттығуларын қайта жаңғыртқанын айта кеткен жөн, бірақ, Олимпиада 2021 жылға қалғандықтан, бұл жартыжылдықта қомақты қаржы – 3,4 млрд теңге үнемделіп, мемлекеттік бюджетке қайтарылды. Яғни бұл қаражат оңтайландырылып, бюджетке қайтарылды», — деді А. Райымқұлова. 

Қазақстанның туристендіру картасы

Елімізде туризм саласын одан әрі дамыту шаралары қабылдануда. Қазақстанның туристендіру картасы қабылданды, онда негізгі турдестинациялардың ТОП-10 анықталды. Бурабай, Баянауыл, Алакөл, Балқаш, Каспий теңізінің жағалауы абаттандырылуда. Олардың инфрақұрылымын дамытуға, жолдарды салуға, жол бойы сервисіне, қонақ үй кешендеріне, абаттандыруға көңіл бөлінеді. 

Жалпы, туристік аймақтарды қажетті инженерлік, коммуникациялық, көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету аясында облыс әкімдіктерімен бірлесіп Үкіметтің қолдауымен іске асырылып жатқан «Нұрлы Жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары аясында республикалық бюджеттен 44 жобаны қаржыландыру қамтамасыз етілді. Өткен жылдары жекелеген туристік аймақтарға инфрақұрылым мұндай басымдықты деңгейде қаржыландырылмаған. 

Министрлік халықаралық туристерді жаппай тарту үшін жұмыстарды жалғастыруда. Шетелдік туристерді тарту үшін ҚҚС қайтарудың «Tax free» жүйесі енгізілді, Е-Қонақ жүйесі әзірленді, визасыз режим елдерінің саны 73-ке дейін кеңейтілді, шетелдіктердің 30 күнге дейін тіркелуі алынып тасталды т. б.

Сонымен қоса, туристік саланың кадрлық әлеуетін дамыту үшін Орталық Азияның ежелгі қалаларының бірі - Түркістанда Халықаралық туризм университеті ашылуда, ол Орталық Азиядағы жетекші ЖОО-лардың біріне айналады. Университетте туризм, спорт саласында, қол өнер және реставрация бағыттары бойынша біліктілігі жоғары мамандар даярланады.

«COVID-19 індеті туризм индустриясының дамуына теріс ықпалын тигізді. Індет кезінде Қазақстан Республикасының азаматтарының құқығын қорғауды кепілдендіру жүйесі аясында елімізге чартерлік және жиі рейстермен біздің еліміздің азаматтары - 5 913 турист қайтарылды», — деді А. Райымқұлова.

Туризм индустриясын мемлекеттік қолдау мақсатында теңдессіз шаралар қабылданды. Салық және несие жеңілдіктерін қамтитын дағдарысқа қарсы шаралар пакеті іске асырылды. Заң жобасы аясында кәсіпкерлер үшін инвестициялық артықшылықтар пысықталуда, сондай-ақ олардың шығындары өтеледі. 

Үкімет жанындағы Ведомствоаралық комиссия карантиннен кезең-кезеңмен шығуды ұсынды, туристік нысандардың жұмысында санитарлық-зарарсыздандыру режимін сақтау және өңірлер үшін туристік маусымды ашу алгортимі бекітілді. 

«Әлемде туризм саласы едәуір зардап шекті. Кірмелік туризмді дамытуға қатысты жоспарға түзетулер енгізілуде. Күн сайын Үкімет, мемлекет және «Атамекен» ҰКП өкілдері туристік қауымдастық өкілдерімен бірге тұрақты негізде туристік саланы қолдау шаралары бойынша кеңес өткізеді. Мемлекеттік мекемелер қандай да бір шығынға ұшыраған жоқ. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін барлық мәдениет және спорт қайраткерлерінің жалақысы мен мемлекет кепілдендіретін артықшылықтары сақталды. Мәдениет және спорт саласындағы жекеменшік ұйымдар мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауы аясында қолдауға ие болды», — деді министр. 

 

МСМ онлайн-жобалары 60 млн-нан астам рет қаралған

Карантин кезеңінде Мәдениет және спорт министрлігі 60 млн астам рет қаралған көптеген онлайн-жобаларды ұйымдастырды. Концерттік-ойын-сауық және театр ұйымдарының, музейлердің, музей-қорықтардың, кітапханалардың және өзге де мәдени-демалыс ұжымдарының қорларын цифрландыру бойынша жоспарлы жүргізілген жұмыс республика және шет елдер азаматтарының назарына онлайн режимінде барлық қызмет түрлерін лайықты түрде көрсетуге мүмкіндік берді.

«Республикалық ұйымдардың 160-қа жуық концерті мен қойылымдары баршаға қолжетімді етіп жүктелді, "Қазақфильм" киностудиясы 223 ұлттық фильмді енгізді, кітапхана қорында әдебиеттердің 60 мыңға жуық көшірмесі электронды форматта қолжетімді. Еліміздің жетекші музейлері, театрлары, кітапханалары концерттердің, спектакльдердің, қойылымдардың, фильмдердің, есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы бейне-экскурсиялардың, танымал музейлер мен туристік бағыттар бойынша 3D-турлардың тегін интернет-трансляциясын ұйымдастырды», — деп хабарлады министр.

Концерттік-ойын-сауық контентінен басқа, #ONLAIN-da bol жобасы аясында Министрлік шеберлік сыныптарын, туризм және кітапхана ісі саласындағы оқыту вебинарларын, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі бойынша онлайн курстарды, әліпбиді жетілдіру бойынша онлайн іс-шараларды, БҰҰ-ның 10 тілін оқыту бойынша онлайн курстарды және т. б. ұйымдастырды.

Қалыптасқан жағдайға қарамастан, халықаралық ынтымақтастық жалғасуда. Zoom платформасында онлайн-конференциялар өткізу тәжірибесі енгізілді. Осындай форматта «Абай және рухани мұра» және «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн-конференциялар өткізілді.

ЮНЕСКО-ның қолдауымен әлемнің 130 елінің мәдениет министрлерінің қатысуымен халықаралық конференция өтті, оның күн тәртібіндегі мәселе мәдениет саласын дамытудың өзекті мәселелері болды. Туризмді қолдаудың перспективалық шаралары және қазіргі дағдарысты еңсерудің тиімді құралдары ЮНВТО (Дүниежүзілік туризм ұйымы) қамқорлығымен виртуалды конференция барысында талқыланды.

Осылайша, халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен тұрақты негізде ауқымды талқылау, карантиннен кейінгі кезеңде мәдениет, спорт, туризм салаларындағы жұмысты қайта бастау мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жүргізіледі.

«Қазақстандық эстрада жұлдыздары да "Карантиндегі жұлдыз" жобасы аясында қазақстандықтарды өз шығармашылықтарымен қолдады. Олар орын алған жағдай мен онымен байланысты қиындықтарға қарамастан, студияға келіп, қазақстандықтар алдында өнер көрсетті. YouTube-та 20 млн жуық рет қаралған 42 онлайн концерт өткізді», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Спортшылар мен Атлеттер #TeamKZ, #АлғаҚазақстан акциясын жариялады, оның аясында олар әр таң сайын онлайн-жаттығу өткізіп, кез келген адам үйде орындай алатын түрлі жаттығуларды көрсетті.

Сонымен қатар «Өнерлі өрен» балалар республикалық онлайн конкурсы, Alaman#StayHome киберспорты бойынша турнирлер, шахматтан (блиц) онлайн-турнир және т. б. өткізілді. Музыканттар, әртістер мен спортшылардың қатысуымен #Biz birgemiz, #Birge enseremiz, #Biz uidemiz хэштегтерімен бірнеше ондаған мотивациялық роликтер түсірілді. 

Еуропалық хабар тарату одағы — шамамен 70-ке жуық мемлекет, «Астана Операның» жетекші солисті Майра Мұхамедқызының қатысуымен, әлем дәрігерлеріне арнап әзірленген бейнеклипті жоғары бағалады.

Сондай-ақ қазақстандық әнші Димаш Құдайберген бүкіл әлемде коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге қолдау көрсету мақсатында «We are one» жаңа композициясын орындады.


Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Алтын Орданың 750 жылдығы атап өтілуде

Мәдениет министрінің айтуынша, биылғы жыл да Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және «Ұлық ұлыс» Алтын Орданың 750 жылдығы сияқты маңызды мерекелік іс-шараларға толы.

«Осы жылы біз халқымыздың көрнекті ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың мерейтойын атап өтудеміз. Абай философиясы біздің мәдени және ұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау, ой өрісімізді кеңейту екеніне зор мән беріп отыр», — деді А. Райымқұлова.

Оның айтуынша, бекітілген жалпыреспубликалық жоспардың барлық іс-шаралары идеологиялық және ағартушылық жүктемені көтереді. Мерейтойдың күн тәртібі тұжырымдамалық тұрғыдан елімізде және шетелде Абай тұлғасының жаһандық ауқымын кеңінен танымал етуге арналған идеологиялық-мазмұнды және сапалы іс-шараларды өткізуге негізделетін болады. Бұл ретте биылғы жылы атап өтілетін маңызды іс-шаралар барысында ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейді.

Биыл 21 қаңтарда «Астана Опера» театрында Ұлы Абайдың мерейтойын ресми түрде ашу рәсімі өтті.

Бүгінгі күні Абайдың мұражай-үйінде, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілуде, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығын толыққанды ғылыми-зерттеу орталығы етіп қайта құру тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысындағы 18 нысанда жұмыстар жүргізілуде.

Абай шығармашылығын насихаттау мақсатында оның еңбектері әлемнің 8 тіліне аударылып, басып шығарылды. Прагада Абайдың мәдени-ақпараттық орталығы ашылды, Братислава, Будапешт, Берлин қалаларында «Абай оқулары», көрмелер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Мерейтойдың негізгі шараларын қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында өткізу жоспарланып отыр. Ал ағымдағы жылдың қазан айында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Абай мерейтойының халықаралық тұсаукесері өтеді.

«Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында министрлік тарапынан «Мұғалімнің қайта оралуы» деректі фильмі түсірілді, еліміздің барлық музейлері мен кітапханаларында тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады», — деп нақтылады министр.

Сонымен қатар, Отырар қалашығында солтүстік қақпаларды, қамал қабырғаларын, тұрғын орамдарын, магистральды көшелерді, мешіттерді және керамикалық шеберханаларды қалпына келтіру жұмыстары басталған. Әл-Фарабидің 7 томдық еңбегі үш тілде жарық көреді, «Отырар» республикалық музей-қорығының жаңа визит-орталығында әл-Фарабидің экспозициялық залын ашу жоспарлануда.

Алматы қаласында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде «Әлемнің екінші мұғалімі» деген атаумен атап өтіле бастады. Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби атындағы орталық» ашылды.

2019 жылы Ұлытау жерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Jezkiik-2019» халықаралық форумында қазақ халқы үшін Ұлытаудың тарихи мәнін ерекше атап өтілдіі. Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде екенін бүгінде жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туристік нысанына айналдыру міндеті қойылды. Бұл ретте, Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы айналуы тиіс.

Ал Алтын Орданың 750 жылдығы аясында ғылыми-зерттеу және мәдени іс-шаралар, тарихи-мәдени мұра нысандарын қалпына келтіру, этномәдени, экотуризмді дамыту, туристерге қолайлы жағдайлар жасау және Ұлытауда көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Жошы және Алаша хан кесенесінде ғылыми реставрациялау жұмыстары жүргізілуде, ол жерде тарихи-мәдени кешен құрылады, «Ұлытау» визит-орталығының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

Алтын Орданың алтын бесігі — Ұлытауға отандық және шетелдік туристерді тарту мақсатында «Қасиетті Ұлытау», «Хан жолы», «Теректі әулие» және «Қорғасын құпиясы» сияқты жаңа туристік бағыттар әзірленген.

Мерейтойдың негізгі іс-шаралары ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Тарихи кешеннің ашылуы, ғылыми-практикалық семинар, «Жезкиік-2020» халықаралық фестивалі және т.б. шаралар ұйымдастырылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу