«Еңбек» бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері 1,3 млн адам жұмысқа орналасты 

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Еңбек» бағдарламасының іске асырылуы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А. Сарбасов баяндады. 

А. Сарбасов халықтың нәтижелі жұмыспен қамтылуы, бірінші кезекте, экономикада жаңа жұмыс орындарының құрылуымен байланысты екенін атап өтті.

2017-2019 жылдар аралығында 1 млн астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 736 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Жаңа жұмыс орындарының 44%-ы ауылдық жерлерге тиесілі.

Жаңа жұмыс орындарының құрылуы Түркістан, Алматы облыстарында және Алматы қаласында басым. Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстарында ашылған жұмыс орындарының құрамында уақытша жұмыс орындарының үлесі жоғары. 

Биыл 373 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, бүгінге құрылғаны – 332 мың.

Бағдарлама басталғалы бері 1 млн 750 мың адам Бағдарламаға қатысты. Нәтижесінде 1,3 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 960 мың адам тұрақты жұмысқа тұрған. 33 мың адам жеңілдетілген несиелер алды, 18 мың адам қайтарымсыз гранттарға ие болды. 212 мың адам кәсіптік оқуға жіберілсе, 89 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.

Бағдарламаның ең тиімді бағытының бірі ол кәсіпкерлік бастамаларды қолдау. Үш жылда 180 млрд теңге бөлінді.

Соның нәтижесінде 33 мыңдай азамат өз кәсібін ашты, олардың басым бөлігі ауыл тұрғындары. Жылдан жылға кәсіпкерлікке несие алушылардың саны артуда. Үш жылда 27 мың жаңа жұмыс орны қосымша ашылды.

Несиелерді халық арасында үлестіру қарқыны Маңғыстау облысында және Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында төмен.

Аз қамтылған азаматтарға, көп балалы отбасыларға, жастарға өз кәсібін ашуға жәрдемдесу мақсатында 2018 жылдан бастап мемлекеттік гранттар беру шарасы қарастырылған.

Биыл барлығы 38 мың грант беру жоспарланды, қазіргі күні 14 мың грант берілді.

Аталған шағын несиелер мен гранттарды алу үшін азаматтар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтуі қажет.

«Бастау Бизнес» жобасын іске асыруға үш жылда 9,2 млрд теңге бөлініп, 89 мың адам оқудан өтті, оның ішінде 45 мың адам – осы жылы», — деді А. Сарбасов.

Биыл бизнес-жобаларын сәтті қорғаған 27 мың адамның ішінен 11 мыңдай адам несиелер мен гранттарға қол жеткізіп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бірақ, жалпы кәсіпкерлікке оқытқан адамдарға шаққанда несие алғандары 24 %-ды ғана құрайды.

 

Кәсіптік білім беру

Бірінші — жастарға алғашқы кәсібін алу үшін техникалық және кәсіптік білім беру.

2017 жылдан бері 53 мың жас азамат техникалық және кәсіптік білім алуға жіберілді, оның 22 мыңы биыл оқуға қабылданған.

Екінші — қысқа мерзімді курстар арқылы жұмыссыз азаматтардың кәсіби біліктілігі мен дағдыларын арттыру.

Екі жыл ішінде 113 мың жұмыссыз азамат оқумен қамтылды, оқуын бітірген түлектердің 64%-ы жұмыспен қамтылды. Ал биылғы көрсеткіш оданда төмен — 55 %. 

Бағдарламаның тиімділігін арттыру және жұмысқа барынша орналастыру мақсатында келесі жылдан бастап оқуды тек жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша өткізу көзделуде.

 

Еңбек делдалдығы

Үш жылда осы шараның арқасында 1 млн 347 мың адам жұмыс тапты, биыл — 400 мыңға жуық адам. Ал, тұрақты жұмыс орындарымен 960 мың адам қамтылды, осы жылы — 266 мың адам.

Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасында делдалдық қатынасты күшейту мақсатында Электрондық еңбек биржасы жұмыс істейді. Бүгінгі күні Биржаға барлық 203 жұмыспен қамту орталығы, 170 мыңдай жұмыс беруші, 54 жұмыспен қамтудың жеке агенттіктері қосылып отыр. Бүгінге электрондық биржада 50 мыңдай ашық бос жұмыс орны және 148 мыңдай жұмыс іздушілердің түйіндемелері тіркеуде тұр. 2018 жылдан бері Биржаның арқасында 400 мың азамат жұмыс тапты, оның ішініде 280 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты.

 

Еңбек ұтқырлығын арттыру

2017 жылдан бері 5 020 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды, биыл — 1 918 отбасы. Еңбекке қабілетті 8,7 мың адамның ішінен 71%-ы жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаның іске асуы еңбек нарығына оң әсер етуде.

Бұл жұмыссыздық деңгейі соңғы екі жылда 0,1 пайыздық тармаққа азайғанымен сипатталады. Оның ішінде жастар жұмыссыздығының деңгейі 4,1%-дан 3,7%-ға төмендеді, әйелдер жұмыссыздығы 5,8%-дан 5,2%-ға түсті.

Жалдамалы жұмыскерлердің саны 291 мың адамға артып, жалпы жұмыспен қамтылғандардың саны 192 мың адамға ұлғайды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу