2019 жылы дәнді дақылдардың жиналатын алаңы 15,2 млн га құрайды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы егін жинау барысы қаралды. ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндама жасады.

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің деректері бойынша 2019 жылы барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары 22,2 млн гектарды құрады, оның ішінде дәнді дақылдар – 15,4 млн гектар, оның 11,4 млн гектары – бидай. Майлы дақылдар 2,9 млн. гектар алаңда, азықтық дақылдар – 3,3 млн гектарға, мақта – 131,1 мың гектарға, қант қызылшасы – 19,6 мың гектарға, картоп пен көкөніс-бақша дақылдары – сәйкесінше 191,3 және 261,1 мың гектарға орналастырылды.

С. Омаров атап өткендей, егіс науқаны сапалы тұқымдарды пайдалана отырып оңтайлы мезгілде жүргізілген. Бүгінгі күні егін жинау жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Түркістан облысында дәнді дақылдарды жинау аяқталды, Жамбыл облысында – аяқталу сатысында (94,6%).

Жедел деректерге сәйкес жалпы республика бойынша дәнді дақылдарды жинау алаңы 15,2 млн гектарды құрайды, оның 4,8 млн гектары жиналды, бұл 31,7% құрайды (өткен жылы – 16,2 %). Гектарына 11,5 центнер орташа өнімділікте 5,5 млн тонна астық бастырылды. Егін жинау жұмыстарын бастауға жалпы қолда бар техниканың 98%-ы дайын.

«Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 147 мың трактор, 82,3 мың трактор тіркемесі, 38,5 мың астық жинайтын комбайн, 15,2 мың дестелегіш, 40,3 мың жүк автомобилі бар», — деді С. Омаров.

Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, республика бойынша жалпы астық сақтайтын сыйымдылық 27 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12,4 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде 14,6 млн тоннаны құрайды. 

«Ағымдағы жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға Аграрлық несие корпорациясы 60 млрд. теңге бюджеттік кредит бөлді. 3,1 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді қолдау үшін 2 169 агроөнеркәсіптік кешен субъектісі қаржыландырылды. Аграрлық несие корпорациясының өз қаражаты және тартылған қаражат есебінен 10,01 млрд. теңге сомаға 269 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қосымша қаржыландырылды», — деп түсіндірді С. Омаров.

Ағымдағы маусымда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 1 млн тоннаға дейін астық сатып алуды жоспарлауда. Мал шаруашылығы саласын қолдау мақсатында биыл жемдік бидайды сатып алу көзделген. 

Қазгидрометтің ұзақ мерзімді ауа райы болжамына сәйкес қыркүйекте батыс облыстарда бастапқы кезеңде температураның 30°С дейін көтерілуі, содан соң 20°С-қа дейін ақырындап төмендеуі және нормадан жоғары жауын-шашын күтілуде. Мұндай жағдайлар астықтың пісіп-жетілуіне қолайлы болғанымен, егін жинау жұмыстарын қиындатуы мүмкін. Бүкіл кезең бойы желдің күшеюі және шаңды дауыл күтілуде.

«Жалпы жұмыс штаттық режимде жүргізілуде. Майлы дақылдар бойынша жақсы нәтижелер күтілетінін айта кеткен жөн: «Солтүстік соя» бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстанда суарылмайтын жерлерге 14 мың гектар соя себілді. Көрсетілген егістердегі өнімділік гектарынан 20 тоннадан астам болады. Келесі жылы алынған тұқымды 150 мың гектарға себу жоспарлануда», — деді С. Омаров.

Өз кезегінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2019 жылы күзгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында дизель отынын жеткізу үшін облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі жасалғанын айтты.Оның шеңберінде АШТӨ үшін қажеттілік 395 мың тонна көлемінде бекітілген. 

«Бүгінле 50%  пайыз орындалды. Жоспарланған 395 мың тоннаның 120 мың тоннасы тиеп-жөнелтілді, оның ішінде: шілдеде 95%, тамызда 63,5% жоспарланған 128 мың тоннаның 82 мың тоннасы тиеп-жөнелтілді. Қыркүйекте кесте бойынша 130,4 мың тонна, ал қазанда 19,6 мың тонна тиеп-жөнелту жоспарлануда», — деді Қ. Бозымбаев

Энергетика министрінің айтуынша, АШТӨ үшін мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту басым негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте тиеп-жөнелту тәулік бойы бақыланады және оған мониторинг жүргізіледі.

«2019 жылдың күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 198 мың теңгені құрайды (164 теңге/литр). Жеткізу мен сақтауды есепке алғанда, АШТӨ үшін болжалды баға литріне шамамен 178 теңгені құрайды. Бұл жанар-жағармай станцияларындағы бағаларға қарағанда 15 теңгеге арзан», — деп түйіндеді Қ. Бозымбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу